«Мен сізден қорқамын»

Қазақстан педофилдер еліне айналды ма?

0 97

Балаларды зорлау туралы оқиғаларды естіген сайын ұйқың қашады, кішкентай қыз­дарымызды есік алдындағы ойын алаңында жалғыз қалдыруға қорқатын болдық, бұқаралық ақпарат құралдарында тараған сұмдық оқиғалар туралы оқып-білгенде Қазақстан педофилдер еліне айналып кеткен бе дейсің.

Мәліметтерге қарағанда, өткен жылдың аяғында құқық қорғау органдарында 1500-ге жуық педофил және 2800-ден астам зорлаушы тіркелген. Қазіргі уақытта Қазақстанның түзеу мекемелерінде кәмелетке толмағандарға қарсы сексуалдық сипаттағы қылмыстары үшін 1600-ге жуық сотталушы жазасын өтеп жатыр.

Бала қауіпсіздігіне кепіл жоқ

Кешегі Сәтбаев қаласында орын алған қасиетсіз оқиға халықтың ашу-ызасын туғызды. Кісісі өлген қаралы үйге анасымен бірге келген бес жасар бала ойнап жүріп жоғалып кеткен, Сәтбаев қаласының ішкі істер басқармасына арыз түскен бойда дереу іздес­тіріліп, сәби қыз сол өзі келген үйдің бірінші қабатындағы пәтердің бірінен зорланған күйде табылған. Қызды бірге іздеген қала тұрғындары толқып, полициядан күдіктіні өздеріне тапсыруды талап етіп, айуандық жасаған адамды өз беттерінше жазаламақ болған. Халық неге қатты реакция көрсетіп, күдіктіні құқық қорғау орындарына бермес­тен өз беттерінше жазаламақ болды? Себебі бала зорлайтын азғындарға жаза кесетін заңды солқылдақ деп біледі, тіпті болымсыз жаза тағайындаудың артында бұл қылмыстың одан сайын көбейетінінен қауіп етеді, өйткені, жазасын аз мерзімде өтеп шығып, айуандық әрекетін қайта жалғастыратын азғындарды көріп жүр. Дүйім жұртты дүрліктірген оқиғаға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл кеңес өткізіп, тиісті шара қабылдауды тапсырды. Біздің тілегіміз – ендігі жерде «тәртіпсіздік ұйымдас­тырды» деген желеумен әділеттілік үшін әрекет еткендер жазаланбаса екен.

«Жабулы қазан жабуымен» қалмасын

Осы оқиғадан соң іле-­шала Балқаш қаласында полицияның кәмелетке толмаған қызды бопсалап, қорқытып, зорлағаны туралы хабар елді тағы дүрліктірді. ІІМ министрі Е.Тұрғымбаев полицейге қатысты істі ерекше бақылауына алғанын айтып мәлімдеме жасады. Бірден құрылған жедел-тергеу тобы Балқаш қаласына барып, күдіктіні ұстады. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамауға алынып, айғақтар беруде.
Қайсыбірін айтасың. Шымкентте төрт жасар сәбиді зорлап өлтірген адамның (ол деструктивті ағымның өкілі болған) қылмыстық ісіне сот шешім шығарып, 12 жылға бас бос­тандығынан айырғанын айтасың ба, болмаса таяуда ғана Байқоңырда 7 жасар қыз баланың зорланғанын айтасың ба… Белгілі болғаны – күдікті мен қыздың отбасы бір подъезде тұрған, сол күні әпкелі-сіңлілі қыздар ойнауға шығады, әпкесі сіңлісін күтпестен пәтерге кіріп кетеді. Сіңлісі қайтып келмеген соң іздейді. Сонда баланы есік алдына жалғыз жіберудің өзі тым қорқынышты болып қалғаны ғой…
Мұндай азғын оқиғалар алыстағы ауылдық жерлерде, тіпті қазақылықтың қаймағы саналатын ауылдарда да орын алған жағ­дайлар болған, «мал құлағы – саңырау» дейді мұндайда, бірақ көбіне ел не дейді деп баяғыша жалған намысқа салып әңгімені жауып, басып тас­тайды. Жергілікті жердегі жауапты адамдар шама келсе өз қара бастарына сөз келмесе дейді, отырған орнынан айыры­лып қалмауды көздейді, балалар құқығы, баланың психикалық жарақаты көп жағдайда құны бес тиындық әңгіме. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданы Абай ауылында жеті жасар бала зорланғаны туралы дерекке қатысты ОҚО ІІД өкілдері ҚР Қылмыстық кодексінің 121 бабының 4 бөлігі «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлағанмен, ке­йін күдіктілердің ұсталып, қамалғаны жайлы мәлімет болмады. Бізде мұндай жағдайларда шама келсе істің мән-жайын таратпау, сол күйі «жабулы қазан жабуымен қалсын» деген пиғыл басым.
Немесе өткен жылы Таразда болған «оқушыны зорлау» оқиғасы. Қылмыс айдалада емес, мектеп аула­сындағы әжетханада сабақ уақытында болған. Облыстық білім басқармасының қолынан келгені – мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарын, сабақ кезінде оқушыны әжетханаға жі­бер­ген мұғалімді, вахтерды дереу жұмыстан шығарып жіберді. Онда да ата-­аналардың қысымымен. Одан не пайда? Шенеуніктердің «кінәліні тауып жазалауынан» сол сорлаған оқушыға бір жеңілдік болды ма? Депутат Инна Унжакова «Ба­лалардың қорғансыздығы көп жағдайда білім мекемелеріне педофилдерді жолатпауға міндетті қызметкерлердің кәсіби біліксіздігі және немқұрайлығына тіреледі» деп баға берді. Біздіңше, мәселе қауіпсіздікте ғана емес, мәселе көп болып педофилдікке қарсылық көрсетіп, жазаны күшейтуге үн қосуда. Жуырда ғана Бал­қаш қаласында полиция­ның кәмелетке толмаған қызды бопсалап, қорқытып, зорлағаны туралы хабар елді тағы дүрліктірді. ІІМ министрі Тұрғымбаев өзінің полицейіне қатысты істі ерекше бақылауына алғанын айтып мәлімдеме жа­сады. Бірден құрылған жедел-тергеу тобы Балқаш қаласына барып, күдіктіні ұстады. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамауға алынып, айғақтар беруде.

Азғынды асыраудың шығыны

Елімізде биыл 1 қаң­тар­дан бастап педофилдерді химиялық жолмен кастрация жасау туралы заң күшіне енгені белгілі. Мәліметке қарағанда Шығыс Қа­зақстан облысының коло­ниясында химиялық кастрация үшін алғашқы инъекция Шығыс Қазақстан облысының колониясында 2019 жылғы 19 қыркүйекте Үржар ауданында 8 жасар қызды зорламақ болған педофилге жасалған. Азғын қатаң режимдегі колонияда 15 жылға сотталды. Жақында 11 жастағы өгей баланы зорлады деп айыпталған екінші педофилге де химиялық кастрация жасай бастады. «Сотталушы пре­паратты әр 12 күн сайын алады. Бұл препарат қан­дағы тестостерон деңгейін төмендетеді. Әр үш айда дәрігерлер препараттың ағзаға әсерін анықтау үшін сотталған педофилді тексереді. Барлық талдаулардан кейін әр алты айда сот-психологиялық сарап­таманың мамандары сотталушының химиялық кастрациясын ұзарту туралы мәселені шешеді» дейді арнайы мамандар. Ойлап қараңызшы, осының бәрі қаншама шығын? Педофилді ұзақ жыл бойы асырап, дәрі-дәрмегіне қаражат бөліп…

«Химияның» әсері уақытша ма?

Дамыған елдерде бұл тәсілдің тиімділігіне күмән бар. Олай болса, ақыры химиялық кастрацияны қолданатын болсақ, Америка сияқты электронды бақылауды да күшейтейік. Күн сайын АҚШ-та 14 мыңдай педофил электронды бақылауда көрінеді. Америка ендігі жерде балаларды зорлағаны үшін түрмеде отырып шыққан азаматтардың төлқұжатына арнайы белгі қоя бастады. Төлқұжаттың артқы жағында: «құжат иесі балаға қарсы жыныстық сипаттағы қылмысы үшін сотталған және АҚШ заңына сәйкес есепте тұр» деп жазылады. Ол адам шетелге шықса, оның қылмысы туралы сол елдің құзырлы органдары да хабардар болады. Американың мұндай тәсілге барғанының себебі бар. 1996 жылдан бастап Американың барлық штаты бірінен кейін бірі «Меган заңын» қабылдады. Аталған заң 7 жасар Меган Канканың атымен аталған. Оны 33 жастағы көршісі Джесси Тиммендекас зорлап, өлтірген. Тиммендекас бұдан бұрын да кәмелетке толмаған екі қызды зорлағаны үшін түрмеде отырып шыққан, тіпті арнайы ем процедурасынан да өткен. Осы оқиғадан кейін «химияның» жыныстық құмарлықтың жойылатынына кепілдік бермейтіні анықталды. Әсіресе, егер педофил еркектік қабілетін қалпына келтіру үшін ерлер гормоны бар дәрілік заттар ішсе «химия» мүлдем көмектеспейтін көрінеді.

Педофилге өлім жазасын сұрайды

Бүгінгі таңда педофилияны жазалауға қатысты қоғамдық пікір екіге жарылып тұр, көпшілігі педофилдерге өте ауыр жаза беруді сұрайды. Қытайдағыдай педофилдің баланы зорланғаны дәлелденсе, бірден өлім жазасына кесіп, Ирандағыдай жұрт алдында дарға асып немесе ату жазасын берсе, Солтүстік Кореядағыдай педофилді өз құрбаны өлтірсе… еліміздегі азғындық азая ма деп үміттенеді.

Билік өкілдер не дейді?

Мәулен Әшімбаев, Сенат төрағасы:

– Бүлдіршінге зорлық-зомбылық көрсеткендер заң алдында қатаң жауап береді. Ол – ақиқат нәрсе. Ешкімнің бұған күмәні болмауы керек. Соған байланысты Парламент Қылмыстық кодекске іргелі өзгерістер енгізді. Бүгінде бүлдіршіндерге қатысты жасалған зорлық-зомбылық фактісі бойынша қылмыскер жиырма жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сонымен қатар зорлық-зомбылық әрекеті орта санаттан ауыр дәрежелі қылмыс түріне өзгертілді. Мұндай жағдайда тараптар татуласа алмайды. Бұрынғы тәжірибеде тараптардың өзара татуласуының нәтижесінде талай адамның қылмыстан жалтарып кеткені белгілі. Енді ондай олқылыққа жол жоқ.

Ерлан Қарин, ҚР Президентінің көмекшісі:

– Соңғы оқиғаларға байланысты желі пайдаланушылары балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа жазаны күшейту керек деп жазып жүр. Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды және ол 2020 жылдың 1 қаңтарында күшіне енді. «Заңның жаңа нормаларына сәйкес, орташа ауырлықтағы зорлық-зомбылық қылмысы ауыр қылмыс санатына ауыстырылды. 14 жасқа толмаған балаларға зорлық-зомбылық үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойы қамау жазасы көзделеді. Одан бөлек, педофилия фактілерін жеткізбеу, жасыру, бұрмалау үшін де жауапкершілік белгіленген. Бұл енді 6 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін ауыр қылмыс болады.

Ләззат Сүлеймен, сенатор:

– Бір топ депутат болып бастама көтеріп, қазіргі таңда «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын қарап жатырмыз. Біздің мақсатымыз – осыған дейін қалыптасқан, бірақ өзін ақтамай отырған заң нормаларына іргелі өзгеріс­тер енгізу. Бұл бағытта бізге мемлекеттік органдардың бірлесе әрекет етуге деген құлшынысы аса маңызды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − three =