«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мен – әлеуметтік кәсіпкермін

0 3

Мектепте 20 жыл ұстаздық етіп, бүгінде 4 бала тәрбиелеп отырмын. Адам баласы болған соң, мен де өмірімде көптеген қиындықтарды бастан өткердім. Қаржылық қиындықтардың қос бүйірімізден қысқан кездері де болды. 

14503196-b2e6-430c-bd29-c2b6a789fc33

Өйткені әр баланың өз қажеттіліктері мен бейімі бар, жаны ұнатқан ісі болатыны анық. Соны қолдасам деймін. Мұғалімнің бір жалақысы бәріне жетпейтінін түсіндім, содан кейін өз кәсібімді ашу идеясы келді. Нәтижесінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алып, 505 000 теңге грант ұтып алдым, массаж бөлмесін аштым. Бірақ бұл оқиға COVID-19 індетінің шарықтау шегіне тұспа-тұс келді. Амал жоқ карантинге жабылуға мәжбүр болдық.

Сонда да  үмітімді үзбей,  ақша табудың басқа жолдарын іздей бастадым. Нәтижесінде «Бизнестің жол картасы-2025» гранты бойынша конкурсқа қатысып, мемлекет грантына ие болып, «Bilim all IT» білім беру орталығын аштым.

Өйткені ұлымның Назарбаев Зияткерлік мектебіне түсуі үшін қажетті балл жинай алмағаны есімде еді. Артық ақшамыз болса, оқу курстарына түсуге мүмкіндігіміз болар еді деп маған ренжіп келді. Осы оқиғадан кейін ол халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балаларға қолжетімді, кейде тегін білім алуға көмектесу үшін білім беру орталығын ашуды ұйғардым. Қазір мүмкіндігі шектеулі және көп балалы отбасынан шыққан балаларды тегін оқытамын. Ашылғаннан кейін орталыққа 300-ден астам бала жазылды, бұл шағын кәсіпорын үшін жақсы көрсеткіш.

Өз кәсібін ашқысы келетін қыз-келіншектерге бастауға ешқашан кеш емес. Әрекет еткен адам табысты болады. Өзін-өзі сыйлап, сүюді үйренген адам әлемді сүйе бастайды. Осы жерде өзімді мысалға келтірейін. Мен өз мансабымда ешқандай тәжірибесіз үлкен жетістіктерге жеттім. 2010 жылы «Жылдың үздік ұстазы» атағын жеңіп алдым. 2011 жылы министрдің «Үздік ұстаз» сыйлығын, «Amanat» партиясының, облыстық, қалалық білім басқармаларының және қала әкімінің Алғыс хаттарын алып қуандым.  2021 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық Алғысы» медалімен марапаттады. Сөз соңында айтарым, біз бағындырмайтын асулар жоқ. Мен әрбір әйелге өзіңізге сеніңіз, үйреніңіз деймін. Иә, бұл қарапайым және әдемі естіледі, бірақ уақыт ағымына ілесу үшін өз бетіңізбен жұмыс істеп, өзіңізді жетілдіріп, кейде одан да озып кету керек. Егер сіз кәсіпкер әйел болсаңыз, кәсібіңіз Сізді барлығынан оқ бойы озық болуға міндеттейді дегім келеді.

 Ұлжан Мырзагелдиева

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды