©2020 Астана Ақшамы
Мемлекеттік тіркеу жүйесі жетілдірілді
Гүлшат БИКЕНОВА, Астана қаласы Әділет департаментінің жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу жұмысын ұйымдастыру бөлімінің бастығы:
– Биылдан бастап жылжымайтын мүлік иелену құқын электронды мемлекеттік тіркеу жүргізілуде. Мұның артықшылығы неде?
– Бұл жылжымайтын мүлік иелену құқығын мемлекеттік тіркеуді жеңілдету үшін қолға алынды. «Жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеу туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан аумағында жылжымайтын мүлікті иелену құқын мемлекеттік тіркеудің электронды жүйесі енгізілді. Ол мәмілеге нотариалды куәландырылған соң, бірегей нотариалдық ақпараттық жүйеден құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне келіп түскен құқық айқындаушы құжаттың электронды көшірмесі арқылы жүзеге асырылады.
– Астанада тұңғыш рет электронды тіркеу қызметін кім пайдаланды?
– Астана қаласының жеке нотариусы Әйгерім Айкешева жылжымайтын мүлікті иелену құқын тұңғыш рет электронды түрде тіркеді.
– Тіркеу жазбасы қалай жүзеге асты?
– Сатып алу-сату келісімшарты ресімделгеннен кейін нотариус электронды тіркеуге сатып алушының жазбаша келісмін ала отырып, «Е-нотариат» бағдарламасы (бірегей нотариалдық ақпараттық жүйе) арқылы құқық айқындаушы құжат Әділет департаментіне электронды нұсқада жолдады. Онда нотариустың электронды сандық қолы қойылған.
– Ал, мемлекеттік баж салығын электронды түрде төлеу қарастырылған ба?
– Жылжымайтын мүлікті сатып алушы келісімшартқа қол қойғаннан кейін, мемлекеттік баж банктің төлем карточкасымен Қазақстан Республикасы Электрондық үкіметінің төлеу шлюзі арқылы төлейді. Жылжымайтын мүлікті электронды тіркеу небәрі бір күн ішінде жүзеге асырылды.
– Электронды тіркеу үшін қандай құжаттар керек?
– Тіркеу үшін азаматтардың электронды сандық қолтаңбалары қажет емес. Оның орнына ЖСН, интернетке қолжетімділік және банктік төлем карточкасы болу керек. Заңи және жеке тұлғалар үшін мұндай рәсімнің артықшылығы – уақыт пен материалдық шығынды үнемдеу. Елбасының тапсырмаларын жүзеге асыруда, жылжымайтын мүлік иелену құқын электронды мемлекеттік тіркеу жүйесі қолбайлау кедергілерді жою, азаматтарға қолайлы жағдай жасап, келешекте осы тездетілген қызмет түрін пайдаланушылар қатарын арттыруды көздейді.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ