Мемлекеттік тілдің әлеуеті артса, ұлт өркендейді

0 164

Заң ғылымдарының кандидаты, халықаралық «Болашақ» стипендиясының иегері, Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Заңнама және салыстырмалы құқықтану институтының докторанты Қазыбек Дәуітәлі Ресей халықтар достығы университетіндегі қызметін қалдырып, елге қызмет етсем деп оралған. Заң саласына өлшеусіз үлес қосқан Салық Зимановтың шәкірті, мұраты биік 37 жастағы ғалым мемлекеттік тілде сапалы заң қабылдауға үлес қоссам дейді.– Сіз Праймеризде жеңіске жетсеңіз, қарызға батқан халықты қорғайтын «Жеке тұлғаларды банкроттау туралы» заңын қабылдатуға бар күшіңізді салатыныңызды айттыңыз. Басқа елдерде осындай заң бар ма?

– Мұндай заң экономикалық жағынан да, саяси жағынан да тиімді болар еді. Қарапайым азаматтарды қарыздан құтқарудың жолын таппасақ, елде үлкен дағдарыс болуы мүмкін. «Жеке тұлғаларды банкроттау туралы» заңды қабылдайтын уақыт жетті. Бұл заң азаматтарды банк құлдығынан құтқаруға, қарыз­дан құтылып, жаңа өмір бастауға мүмкіндік береді. Несие дегеніміз әрқашан тәуекел, ал тәуекел бар жерде банкроттық та болуы керек. Осындай заңдар батыс елдерінде, АҚШ-та ежелден бар. Ресей жеке тұлғалардың банкроттығы туралы Федералды заңды 2015 жылы қабылдады. Шындығына келгенде, «Жеке тұлғаларды банкроттау туралы» заңды қабылдатпауға банктер мүдделі боп отыр.

– Банктер неге қарсы, заң қабылданған жағдайда зиян шеге ме?

– Банктер жеке тұлғалар банкротынан зиян шекпейді. Себебі барлық несиелер сақтандырылған. Атап айту керек, сақтандыру сомасын клиент төлеген. Әлем тарихында жеке тұлғалардың жаппай банкрот­тықтығынан банк жүйесі зиян шеккен емес. Әдетте банктің қаржы жағдайының нашарлауы жемқорлық пен топ-менеджментке байланысты.

– Қаржылық сауатсыздығымыз өзімізге кесірін тигізіп отыр дейсіз ғой…

– Халыққа несие алу мәдениетін үйреткен жоқ, тегін алып жатқандай оңай, тез алды, аяғында қиналып жүрген де халық. Сондықтан борышқорлардың құқығын қорғайтын заң керек. Халықтың жылап жүрген мысалдары жетеді. Микроқаржылар несиесінің пайызы 50 пайыз төңірегінде. Екінші деңгейлі банктердікі 28-30 пайыз төңірегінде. Президент Қ.Тоқаев Жолдауында «Екінші деңгейдегі банктер қарыз алушылар ішінде сенімділерінің аз екенін сылтауратып, кредит қаражатының құнын шамадан тыс арттырып жібереді» деді. Мысал айтайын, бір кісілер үйін кепілге қояды, әкесі қайтыс болған, банк несиені қайтармасаңдар, үйді аламыз деп отыр. Үй иесі «мына үйді сатайық, сол ақшамен қарызды қайтарайық» десе банк көнбейді, өздері сатамыз дейді. Тиынға сатайын деп отыр. Бұл жерде адамның мұрагерлік құқығы бұзылып отыр. Бұл жерде сот та дәрменсіз. Заңдардың барлығы банктің құқығын қорғайды. Егер заң қабылданса, екінші деңгейлі банктер де несиені есеппен берер еді. Мысалы, осындай Заң қабылданғаннан кейін Ресейде 6 пайызбен несие бере бастады.

– Жанболат Мамай халықтың қарызын мемлекеттің қаражатымен жабайық дейді, ал сіз бұған кереғар ой айтасыз.

– Кез келген азаматтардың несие­сін бюджет есебінен жабу дұрыс емес, себебі: әділдік принципі бұзылады, уақтылы төлемей жүргендердің қарызы кешірілді, ал уақтылы төлеп жүрген тәртіпті қарыз алушылардың қарызы кешірілмеді; Қарыздар бюджет (салықтөлеуші) есебінен жабылса бұл бюджетке салмақ түсіреді. Түптеп келгенде, коммерциялық банктер тағы пайдаға кенелді, олар несие сомасы мен пайыздарын толық алды. Соңғы бенефициарлар – банктер; Істері коллекторларға өткен қарыз алушылар тізімге кірмей қалды; Азаматтар несиені жеке мақсатқа алады, ал оны мемлекет төлеуі әділеттілік емес.

– Қарапайым халықтың мүддесін қорғайтын мұндай заңға қарсылық білдіргенде банктер қандай негізге сүйенуі мүмкін?

– Заңға қарсы банк лоббиі «Жалпы халықтық салық декларациясынан кейін енгізу қажет» деген аргумент болуы мүмкін. Бұл – негізсіз, себебі салық жүйесі бөлек, банк жүйесі бөлек. Ресей жалпылама декларациясыз да осындай заңды қабылдады, банк жүйесі дағдарысқа ұшырамады. «Жеке тұлғаларды банкроттау туралы» заңды жедел қабылданса бізде несие алу мен оны дұрыс пайдалану мәдениеті қалыптасады. Несие нарығындағы дауға мемлекет араласпайтын болады. Жеке адам несие төлей алмайтын жағдайға жеткенде оның қарызы осы заңмен кешірілуі міндет.

– Абайдың әділетті қоғамы туралы айтып жүрсіз. Ұстазыңыз С.Зиманов Абайды 56 рет билік айтқан дейді, сіз Абайдың билік айтқан істері 74-ке жетеді дейсіз, жалпы Абайдың билік айту ерекшелігі қандай?

– Абай өз биліктерінде әйел теңдігіне ерекше көңіл бөлген. Әйел теңдігі дегенде Абай ер мен әйелдің бірдей теңдігі емес, әйелге лайықты табиғи теңдікті қарастырған. Мәселен, бір мәрте қалың малы төленген әйел екінші рет сатылмауы керек. «Бір сатылды, екі сатылмақ жоқ» дейді Абай. Әмеңгерлікке күштеп қосуға тыйым салған. Екіншіден, Абай сол заманда өршіп кеткен ұрлық-қарлықты тыюға тырысқан. «Шынын айтқан шығынсыз құтылады» деген Абайдың билігі бар. Жоқтықтан, амалсыздықтан ұрлыққа баратын ұрылар, байлардың қолшоқпары болған ұрылар деген екі түрлі ұрылардың барын білетін Абай оларға әрқалай жаза кескен. Абай жоқтықтан ұрлық жасағандарға кешіріммен қарап, жеңіл жаза белгілеген, тіпті өз малын, інісі Оспанның малын ұрлағандарды «енді ұрлығыңды тый, ел қатарына қосыл» деп алдына мал салып берген. Абай бай-манаптың ұрыларына қатаң жаза қолданған. Үшіншіден, Абай ауқатты әулеттің өкілі бола тұра, әлсіздің, кедей-кепшіктердің, жоқ-жітіктердің, жатақтардың соттарына өзі сұранып барып, олардың қорғап отырған.

– Сіздің Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевқа хат жазғаныңыздан хабардармыз. Нендей мәселелерді көтергеніңіз жайында өз аузыңыздан естісек дейміз.

– Біріншіден, Ресейден қазақ мектептерін ашу қажеттігін айттым. Ресей қазақтары Ресейдегі 190 ұлт пен ұлыстың ішінде 10-орында тұр. Ресей қазақтарының жиі көтеріп, шешімін табуды сұрап жүрген мәселесі – қазақ тілінде білім алу жайы. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей бастамасымен ашылып, үздік нәтиже көрсетіп отырған «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарының Ресей қазақтары шоғырлана қоныстанған ірі орталықтарында филиалдарын ашуды ұсынамыз. Екінші мәселе, аумақтық тұтастығымыз бен елдік салтымыздың көне тарихын танытуда Мемлекеттің бес негізгі белгісі бойынша қазақ мемлекеттілігінің көне дәстүрін көрсететін әрі ғылыми негіздейтін музейлер кешенін құруды ұсынамыз. Музей кешені «Балбал тас» (аумағы), «Шежіре» (халқы), «Жебе» («Қару-жарақ палатасы», әскері), «Орда» (мемлекеттік билік) және «Теңге сарай» (салық-қаржы жүйесі) музейлер мемлекеттің бес белгісінен тұрса дейміз.

– Бұлай жіктеуіңіздің өзінше мәні бар шығар?

– Әрине, мысалы, «Балбал тас» мұражайы – бұл мемлекеттіліктің тарихи картасы, оның кеңістік пен уақыттағы синхронды һәм диахронды болмысы. Балбал тастардың орналасу кеңістігі – көшпелі өркениеттің, соның ішінде протоқазақ дәуіріндегі қуатты мемлекеттік дәстүрдің таралу аймағын қамтиды. Шын мәнінде «Балбал тастар» мұражайы – әлі күнге дейін лайықты дәрежеде көңіл бөлінбей отырған, тарихи маңызы мен туристік тартымдылығы жағынан египеттік пирамидалар мен сфинкстерден кем түспейтін адамзатқа ортақ теңдессіз мәдени мұра.

– Мұндай мұражайдың Түркістанда орналасқаны дұрыс па, әлде елордада ма?

– Мемлекеттілікті дәріптейтін мұражайлар жүйесі елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында орналасқаны жөн. Бұл оның саяси тағаны мен идеологиялық мәнін аша түскен болар еді.
– Мемлекеттік тілді ғылым тіліне айналдыруға қатысты жаңа жоба ұсындыңыз, ол қалай аталады, бұл мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге ықпал ете ала ма?
– Қазақстан халқының біртұтас саяси ұлтқа айналуы – мемлекеттік тілдің интеллектуалдық әлеуетіне тікелей тәуелді деп ойлаймын. «Мемлекеттік тіл – ғылым тілі: әр ғылыми мамандық шифры бойынша 100 ғылыми еңбек» аталатын альтернативті жоба ұсынамын. Бұл дегеніміз, мәселен, бір ғана заң ғылымына жататын 15 мамандық шифры бойынша – 1500 ғылыми туындыны аудару деген сөз! Ал ғылым паспортында тіркелген 26 ғылым саласына қарасты 430 мамандық шифры бойынша алып қарайтын болсақ, онда іргелі және қолданбалы бағыттағы 43 000 ғылыми туындыны мемлекеттік тілде сөйлетуді болжайды. Осы межені бағындырғанда ғана барып, мемлекеттік тілдің интеллектуалдық әлеуеті туралы тұшымды сөз қозғауға болады.

– Осы жерде қоғамдық сананы жаңғырту туралы ойларыңызды да ашып айта кетсеңіз.

– Жалпы қоғамдық сананың жаңғыруы үшін кемінде 2 қарапайым заңдылық ескерілуі тиіс деп ойлаймын: Біріншіден, ауқым керек, яғни істелетін шара мүмкіндігінше тұтас халықты қамтып, жалпыұлттық сипат алғаны жөн. Екіншіден, төменнен жоғарыға қарай жүруі керек, керісінше емес. Яғни, халық өз ішінен қайнап-пісіп, табиғи жолмен дамып жетілуі тиіс. Осы екі талап тұрғысынан келіп қарастырар болсақ, академиялық аударма жұмысына отандық ғалымдарды, зерттеушілер мен университет оқытушыларын, тіпті PhD докторанттарды да жаппай жұмылдыру қажеттігін көреміз. Осы жоба бойынша 43 мың ғылыми туындыны қазақ тіліне аудару арқылы мемлекеттік тілдің – ғылым тілі ретіндегі тынысы толық ашылып, жасампаз ұлт пен өркениет жаюшы ұлыстың тіліне айналады.

– Салық Зимановтың шәкіртісіз, Парламенттік бақылауға қатысты ТМД және Батыс Европа мемлекеттерінің тәжірибесін зерттеген еліміздегі бірден-бір жас ғалым ретінде әділдік ұғымы туралы ойыңыз қандай? Өзіңізге нені мақсат етесіз?

– Ұстазым, академик Салық Зимановтың жетекшілігімен көптеген іргелі ғылыми жобаларды іске асыруға қатыстым. Соның ішінде посткеңестік елдерде теңдесі жоқ «Қазақтың ата заңдары» аталатын 10 томдық іргелі еңбек әзірленді (2004-2010 жж). Ел әл-ауқатының жақсаруы да, мемлекеттің нығаюы да, Тәуелсіздіктің тұғырлы болуы да тікелей әділдіктің салтанат құруына байланысты. Жең ұшынан жалғасу, жауырды жаба тоқу, жемқорлықтың етек алуы, бұрмалаушылық пен алалаушылық, сенімнің сетінеуі, міндеттің шала орындалуы, сапаның құлдырауы, т.б. – әділетсіздіктің тікелей салдары. Қоғамның бар саласында әділеттің үстемдік құруы мемлекет қамтамасыз ететін тәртіп ережелерімен қатар, көп жағдайда қоғам мүшелерінің барынша белсенділігіне, әділетсіздікке төзбеуіне, талапшылдығына байланысты. Әділдік қанат жаюы үшін мемлекет пен қоғам бірлесе отырып, өзара келісіммен баршаға бірдей, әділ де ашық «ойын тәртібін» қалыптастыруы және оның сақталуы мен атқарылуын қамтамасыз етуі қажет. Осы орайда Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын дамыту; Кәсіби парламентаризмді қалыптастыру; «Жауапты үкімет» тұжырымдамасын енгізу; Заңдардың түпнұсқасының мемлекеттік тілде әзірленіп, қабылдануын жолға қою; Заң жобаларына сапалы сараптама жасау тетігін қалыптастыру, Заңдардың, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына мониторинг жүргізу тетігін ендіруге ықпал ету және үш жақты: парламенттік, партиялық, қоғамдық бақылау тетіктерін тұжырымдауға күш салуды өзіме мақсат етемін. Сонымен бірге Мемлекеттік қызметтің карьералық моделін контрактілі модельге ауыстыру (30-45%), Президент жолдауында айтылған «Әкімшілік әділет» органдарын Франция тәжірибесін ескере отырып құру т.б. мақсаттар бар.

– Диссертациялық тақырыбыңыз «Қазақстан Республикасы Парламентінің бақылау функциясы» деп аталады екен. Өзіңіз жуырда өткен праймеризге Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы атынан қатысыпсыз. Нәтиже қалай болды?

– Праймериздегі іріктеу нәтижесі бойынша 1391 дауыс жиып 26 орында тұрғаныммен, Парламент Мәжілісіне үміткерлердің арасында көш басындамын. Сондықтан келесі кезеңнен үміт бар деуге болады.

– Праймериз кезінде халықпен кездестіңіз, не байқадыңыз?

– Президент Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының өзегінде халықпен тиімді кері байланыс орнату мақсаты жатыр. Біз де осыны мақсат етіп, 59 ауылды аралап, 103 офлайн, 2 онлайн кездесу өткіздік. 100-ден астам құқықтық кеңес бердім. Өзім де үлкен тәжірибе жинақтадым. Праймеризді халық шынайы қабылдап, кез келген жаңашыл идеяға дайын екендігін көрсетті.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан  Жадыра ШАМҰРАТОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − 16 =