«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мемлекеттік тіл мәртебесін түсірмейік

0 125

2021 жылғы 29 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды

1537789663_24mura1

Бұл қоғамда тіл мәселесіне қатысты жиі талқыланып жүрген кейбір өзекті мәселеге нүктесін қойды. Бұл тек «Тіл туралы» заңға ғана емес, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске, «Көлік туралы», «Темір жол көлігі туралы», «Автомобиль көлігі туралы», «Жарнама туралы», «Сауда қызметін реттеу туралы», «Байланыс туралы», «Ішкі су көлігі туралы», «Машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі туралы», «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы», «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы», «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы», «Пошта туралы», «Кинематография туралы», яғни жалпы саны 16 заңнамалық актіге түзетулер енгізілді. Олай болса заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға қатысты қысқаша мәлімет бере кетейік.

«Тіл туралы» заңға енгізілген жаңалықтың бірі 19-бапқа қатысты. Жаңа редакцияда әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің, сондай-ақ басқа да физикалық-географиялық объектілердің дәстүрлі, тарихи қалыптасқан қазақша атаулары мемлекеттік тілде жазылады. Бұрын «екі тілде жазылуы тиіс» деген талап халқымыздың тарихи қалыптасқан кейбір атауларын «қисық» жазуға итермелейтін. Мысалы, «Ұлы Даланы» – «Улы Дала», «Тәуелсіздікті» – «Та­уелсиздик», «Мәңгілік Елді» – «Мангилик Ел», «Күйші Динаны» – «Кюйши Дина» деп жазуды талап етушілердің уәжіне қарсы заңды аргумент пайда болды.

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» ҚР заңына сәйкес әкімшілік-аумақтық бірліктерге: облыс, аудан, ауылдық округ, қала, кент, ауыл, елді мекендерге; әкімшілік-аумақтық бірліктердің құрамдас бөліктеріне – шағын аудандар, қаладағы аудандар, алаңдар, даңғылдар, бульварлар, көшелер, орамдар, саябақтар, скверлер, көпiрлер және елді мекендердің басқа да бөлiктері жатады. Осы норма енгізілмей тұрғанға дейін еліміздегі әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің атаулары, сондай-ақ басқа да физикалық-географиялық объектілердің атаулары транслитерация ережелерiне сәйкес мемлекеттік тілде және басқа да тілдерде берілген (орналас­тырылған). Қазіргі уақытта енгізілген өзгерістерге сәйкес атаулардың тек мемлекеттік тілде жазылуына мүмкіндік бар.

«Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Қазақстан Республикасының заңы Қазақстан Республикасында тілдердің қолданылуының құқықтық негіздерін белгілейтін негізгі нормативтік құқықтық акт екенін атап өткім келеді. Осыған байланысты, мүмкіндікті пайдалана отырып, кәсіпкерлерге, жарнама агенттіктерінің өкілдеріне маңдайшалар мен көрнекі ақпарат мәтіндерін орналастыру кезінде тіл туралы заңнаманың талаптарын сақтауға шақырамын

Сондай-ақ заңның 21-бабы да толықтырылып, көрнекі ақпарат мәселелеріне қатысты өзгерістер енгізілді. Жаңа редакциядағы заңнама талаптарына сәйкес деректемелер мен көрнекі ақпараттың мәтіндері орфография нормалары және мәтіннің тең түпнұсқалы аудармасы сақтала отырып жазылады.

Мемлекеттiк органдардың мөрлерi мен мөртаңбаларының мәтiнiнде олардың атаулары мемлекеттiк тiлде жазылады. Меншiк нысанына қарамастан, ұйымдар мөрлерiнiң, мөртабандарының мәтiнi мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жазылады.

Мемлекеттік ұйымдардың бланкілері мемлекеттік тілде және орыс тілінде, қажет болған кезде басқа тілдерде де жазылады. Мемлекеттік емес ұйымдардың бланкілері мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де жазылады. Бұрын мемлекеттік емес органдардың бланкілері мен мөрлеріне қатысты мұндай талап болмаған еді.

Мемлекеттік ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде және орыс тілінде, қажет болған кезде басқа тілдерде де орналастырылады. Мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де орналастырылады. Қазақстан Республикасында қорғалатын, мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшаларында пайдаланылатын тауар белгілері өзгермеген түрінде жазылады. Бұл да заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістер нәтижесінде пайда болған талап.

Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, жол белгілеріндегі жазбалар мемлекеттік тілде жазылады.

Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тiлдерде де орналастырылады. Заңның алдыңғы мәтінінде аталған нысандардың бәрі міндетті түрде қазақ және орыс тілдерін, қажет болған жағдайда ғана өзге тілдерде жазылуы мүмкін екендігі жазылған болатын. Бұл мемлекеттік тілдің әлеуетін, статусын көтеру, қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған оңды өзгерістер деп санауға болады.

Қазақстанда өндiрiлетiн тауар­лардың арнайы мәлiметтер көрсетiлген тауарлық жапсырмаларында (этикеткаларында), таңбаламаларында, нұсқаулық­тарында мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде қажеттi ақпарат болуға тиiс.

Шетелде өндiрiлген тауарлардың арнайы мәлiметтер көрсетiлген тауарлық жапсырмалары (этикеткалары), таңбаламалары, нұсқаулықтары импорттаушы ұйымдардың қаражаты есебiнен мемлекеттiк тiлдегi және орыс тiлiндегi аудармасымен қамтамасыз етiледi.

Деректемелер мен көрнекі ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде оң жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай деректемелер мен көрнекі ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттiк тiлде, орыс және қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде берiледi.

Заңға енгізілген түзетулер көрнекі ақпаратта мемлекеттік тілді міндетті пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталғанын, көрнекі ақпаратты мәтіндік ресімдеудің мазмұндық бөлігіне қойылатын талаптарды көздейтінін, сондай-ақ көрнекі ақпараттың қатарына мәзірлер мен көрсеткіштер енгізілгенін атап өткен жөн.

Атап айтқанда, мемлекеттік емес ұйымдар, кәсіпкерлік субъек­тілері маңдайшаларды, хабарландыруларды, жарнаманы, прейскурант­тарды, баға белгілерін, мәзірлерді, нұсқағыштарды және басқа да көрнекі ақпаратты мемлекеттік тілде және қажет болған кезде ғана орыс және (немесе) басқа да тілдерде орналастыруға міндетті. Бұрындары ас мәзірінің қай тілде жазылатындығы заңмен реттелмеген болатын. Тиісінше мәзірдің қазақ тіліндегі нұсқасының болмауы ел азаматтарының жиі наразылығын туғызып отыратын.

Сонымен бірге, енгізілген нормалар орыс тілінің қолданылуына шектеу қоймайтындығын ерекше атап өткім келеді. Бұл ретте мемлекеттік емес ұйымдарға, атап айтсақ, кәсіпкерлік субъектілеріне бланкілерін, маңдайшаларын тек мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс және/немесе басқа да тілдерде орналастыруға таңдау құқы берілген.

Қорытындылай келе, «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Қазақстан Республикасының заңы Қазақстан Республикасында тілдердің қолданылуының құқықтық негіздерін белгілейтін негізгі нормативтік құқықтық акт екенін атап өткім келеді. Осыған байланысты, мүмкіндікті пайдалана отырып, кәсіпкерлерге, жарнама агенттіктерінің өкілдеріне маңдайшалар мен көрнекі ақпарат мәтіндерін орналастыру кезінде тіл туралы заңнаманың талаптарын сақтауға шақырамын.

Бүгінде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы», «Жарнама туралы» Қазақстан Республикасы заңдарының жаңа талаптарын түсіндіру мақсатында елордамызда тілдерді қолданудың құқықтық негіздерін реттейтін жұмыс органы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы Нұр-Сұлтан қаласының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, кәсіпкерлік өкілдерімен (ірі сауда үйлері, мейрамханалар және т. б.) түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ тиісті органдардың қызметкерлерімен бірлесіп, қаланың орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері арасында көшпелі семинарлар мен түсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Осы ретте орфография нормаларына сәйкес мәтіндерді мемлекеттік тілде орналастыру, көрнекі ақпаратта грамматикалық қателердің алдын алу бойынша қажетті ақпаратты abai.institute, tilqural.kz, emle.kz, termincom.kz, sozdikqor.kz, atau.kz, qujat.kz, qazcorpora.kz сайттарынан алуға немесе тікелей Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына жүгінуге болады. Тел.: 8 (7172) 55-67-29, ­55-67-26, 55-75-59.

Сәкен ЕСІРКЕП, «Нұр-Сұлтан қаласының

Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы» ММ басшысы

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды