«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мемлекеттік сыйлыққа конкурс жарияланды

0 163

Қазақстан Республикасының Абай атындағы ­әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссия 2022 жылғы Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлығына конкурс жариялады. Бұл сыйлық Қазақстан азаматтарына және шетелдіктерге Қазақстан мәдениетінің дамуына ерекше бағалы үлес деп танылған әдебиет пен өнер саласындағы аса үздік шығармалары үшін беріледі.

image_l

Сыйлыққа ұсынылған ұжымдағы үміткерлердің саны 5 адамнан аспауы тиіс. Жұмысты орындау процесінде тек әкімшілік немесе ұйымдастыру функцияларын жүзеге асырған тұлғаларды қосуға болмайды.

Жұмыс Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа бір рет қана ұсыныла алады. Бір автор немесе авторлар ұжымы қатарынан екі рет ұсыныла алмайды. Бұрын Қазақстан Республикасының сыйлықтарына ие болған жұмыстар Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықты алу конкурсына жіберілмейді.

Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық осы сыйлықтың лауреатына жаңа жетістігі үшін қайтадан берілуі мүмкін, бірақ алдыңғы берілгенінен кейін бес жылдан ерте болмайды.

Тұлға Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғаннан кейін қайтыс болған жағдайда, лауреаттың дипломы, төсбелгісі мен ақшалай сыйақысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұра бо­йынша беріледі.

Жұмыстарды Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық алуға ұсынуды мемлекеттік органдардың алқалары, шығармашылық одақтар мен ұжымдар жүргізеді.

Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа жұмыстарды қабылдау аяқталғанға дейін бес жылдан аспайтын уақытта және кемінде бір жыл бұрын (2020 жылдың 1 наурызына дейін) көпшілік айналым үшін орындалған бір автордың немесе авторлар ұжымының жұмыстары (бір жұмыс) ұсыныла алады.

Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа өтінімдер мен жұмыс­тарды (кітаптар, ноталық жазбалар, бейнелеу өнері туындыларының өнімдері, сәулет өнерінің ­схема-сызбалары, ғимараттардың, кешендердің, т. б. фотосуреттері, кинофильмдер мен спектакльдерден бейнетаспалар немесе фотокөрініс­тер, концерттік қойылымдар мен орындаушылық өнердің бейне немесе аудио-таспалары) қабылдау 2022 жылдың 1 наурызына дейін іске асырылады.

Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа үміткер авторлар, олардың конкурсқа ұсынған еңбектерінің тізімдері және үміткерлерді ұсынып отырған ұйымдардың аттары ашық жариялылық түрде кеңінен талқылану мақсатында республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

Ұсынылған еңбектерді тіркеу үшін мына құжаттар қажет:

  1. Мемлекеттік органның немесе шығармашылық одақтың ұсынысы.
  2. Жиналыс хаттамасы.
  3. Шығармашылық мінездеме.
  4. Үміткердің жеке іс қағазы.
  5. 2 дана суреті (3х4).
  6. Ұсынылған еңбектің 55 ­данасы.
  7. Тұлғаны растайтын құжаттың көшірмесі (жеке куәлік немесе төлқұжат).
  8. Шығарманың авторы және шығарма жөнінде қысқаша нақты мәлімет (мемлекеттік және ресми (орыс) тілдерінде).
  9. Сәулет өнері туындылары бойынша ғимараттардың, кешендердің өндіріске енгізілуін және авторлық құқықты растайтын құжаттар қоса тіркелуі тиіс.

Кітаптар, ноталық жазбалар, бейнелеу өнері туындыларының өнімдері, сәулет өнерінің ­схема-сызбалары, ғимараттардың, кешендердің, т. б. фотосуреттері, кинофильмдер мен спектакльдерден бейнетаспалар немесе фотокөрініс­тер, концерттік қойылымдар мен орындаушылық өнердің бейне немесе аудио-таспалары 55 дана етіп ұсынылады.

Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылатын еңбектер және тиісті құжаттар мына ­мекенжайда қабылданады: 010000, Нұр-Сұлтан қаласы, Мәңгілік Ел даңғылы, 8-үй, «Министрліктер үйі» ғимараты, 15-кіреберіс, 263, 527-бөлмелер, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, t.abisheva@msm.gov.kz, тел.: 8 (7172) 74-03-70, Әбішева Толғанай 8-702-888-03-89.

Айта кетерлігі, жақында Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлық беру жөніндегі комиссия құрамына өзгерістер енгізілді. Өмірден озған жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы, кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов, ақын Есенғали Раушанов, сәулетші Ақмырза Рүстембеков құрамынан шығарылып, олардың орнын кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Әмірқұлов, жазушылар Мереке Құлкенов пен Мәлік Отарбаев және Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі Тоқтар Ералиев басты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды