МЕМЛЕКЕТТІК СТИПЕНДИЯ ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЙДІ

0 130

Стипендия

Қазіргі заманғы әлемде бір қызық өзгерістер, үдерістер болып жатыр. Оның сырын сарапшылар ғаламданумен түсіндіргісі бар. Адамзаттың өсіп-өркендеуі, қазіргі толысқан мәртебесін иемденуі, ғылымды зерттеп-білуі, биік жетістіктерге жетуінің түп негізінде Алла тағала жаратқан Ұлық Сөз,  Сөз өнері, шығармашылық құбылыстың ерен құпия әсері бар, болған әрі дүние тұрғанша бола да береді.

 

 

Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жыл сайын еліміздің көптеген өнер қайраткерлерін қабылдап, Алматыдағы резиденция­сында тапсыратын мемлекеттік стипендиясын бірнеше мәрте алдым. Елбасымыз 2007 жылы бір топ жазушыларды қабылдағанда болдым. Биылғы стипендия үшін тағы алғыс айтамын.

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин сенатор болып сайланғанын әдебиет үшін маңызды іс деп қабылдаймын. Жазушылар одағы өз мүшелеріне қолынан келген қамқорлығын үнемі жасаумен келеді. Ол әдебиеттің түп тамыры солмауы үшін жас, орта буынына кезеңімен мемлекет тарапынан баспана берілуіне мүдделі бірден-бір ұйым.

Жақында дүниеден өткен қазақтың аяулы ақыны Есенқұл Жақыпбектің:  «Түбі менің түсініксіз байлығым, /Тұқымындай көбейеді ешкінің, /Бұлың-бұлың бұлдыр бұлттар ішінде, /Өрге тартып бара жатыр көш жырым» деген  өлең жолдары көкейіме оралады. Материалдық емес байлық күллі әлемде жұмбақ дәулетке айналған. Бәрін ақшамен өлшейтін тоғышар, надан дүние кейде әдебиетті менсінбей, мұқтаждық қылмай, керексінбей астам қарайтынын несін жасырамыз. Өркениетті елдерде бұл сынақ шектен өтіп кетіп, көкке өрлеп зорайғаны анық.

Мен әдебиет теориясы бойынша кәсіби маманмын. Жазушылығым отбасымды асырай алмайды. Кәсіби мамандарды мына қоғам аса керексінбейтінін сезініп жүрген жай бар. Бұл – менің жеке ойым.

Ақын-жазушының шығарма­шылық еңбегінің жалғыз өтеуі қаламақы болса, оның көбінесе атымен жоқтығы, үзіп-жарып төленсе, мардымсыздығы жанға батады. Сөйте тұра, «Бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтар» деген халық даналығын сүйіп мойындаймын. Өйткені, жазудан бас тарту мүмкін емес. Бұл – сүйекпен кетер қастерлі дүние, оның да сұрауы болары анық. Түбі әдебиет бағы жарқырайды. «Мәдени мұра» тәрізді қазақтың теңдесі жоқ руханият қазынасын жаңғыртқан керемет мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырған туған елімнің потенциалына, келешегіне риясыз сенемін.

Сондықтан қаламнан өзге білері жоқ, жазудан өзге шын қалауы жоқ   жазушылар қауымы үшін жыл сайын мемлекеттік стипендия тағайындалуы әрі құрмет белгісі болса, әрі шығармашылық жауапкершілікті қатар жүктейді.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,

жазушы, әдебиеттанушы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − seventeen =