Мемлекеттік рәміздерді әр мекеме құрметтеуге тиіс

0 202

DSC_5650

Қалалық ішкі саясат басқармасы мен Ішкі істер департаменті бірлесіп мекемелердегі мемлекеттік рәміздердің заңға сай қолданылуы мен орналасуына тексеру жүргізді.

Алдымен барған мекемеміз – ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы болды. Бұл мекеменің мәжіліс залында орналасқан Елтаңбаның жасалуы белгіленген стандартқа сай болмай шықты. Әрі ректордың кабинетіндегі Мемлекеттік Туды да тексерушілер дұрыс орна­ласпаған деп тапты. Мекеменің бірінші басшысына ескерту хаты берілді. Аталған кемшіліктерді олар бір күннің ішінде жөндеуі тиіс. Себебі, Үкіметтің қаулысы бойынша, ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын ауыстыру бір жұмыс күнінің ішінде жүзеге асырылуы керек.

Бұдан кейін Астана қаласы бойынша Жылжымайтын мүлік орталығына жол тарттық. Бұл мекеменің маңдайшасында тұрған Елтаңбаның өңі кетіп, мүлде қарайып кетіпті. Ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Елубаеваның айтуынша, елдігімізді айшықтайтын мемлекеттік рәміздерге әр азамат, әр мекеме құрметпен қарауға тиіс. Егер мекемеде ілінген рәміздер бүлінсе, өңі кетсе, дереу жаңасына ауыстырылуы керек. Көнерген нұсқасын көрінген жерге тастауға болмайды. Қолданылған Мемлекеттік Ту аяқ астында қалмас үшін өртеу жолымен жойылуға тиіс.

Ал, Есіл-бассейндік инспекциясы мекемесіндегі мемлекеттік рәміздерді қолданылу барысы мүлдем заңға сәйкес келмейді. Тіпті, мекеме басшысының кабинетінде қойылған Тудың бір жағы ғана көк болып шықты.

Заң бұзушылыққа жол берген барлық мекеме басшыларына арнайы ескерту жасалып, хат жолданды. Олар бір жұмыс күнінің ішінде аталған кемшілікті жоюлары керек. Егер бұл талап орындалмаса, материал Астана қаласының сотына жіберіледі. Егер заң бұзушылық расталса, мекеме 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл төлеуі мүмкін.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 5 =