©2020 Астана Ақшамы
МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР СТАНДАРТҚА САЙ КЕЛУ КЕРЕК
Қала әкімдігінде Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен мемлекеттік рәміздердің стандартқа сәйкес қолданылуы жөнінде арнаулы семинар өткізілді. Жиынға Мемлекеттік рәміздер жөніндегі қалалық комиссия мүшелері қатысты.
Семинар барысында аудан әкімдігінің өкілдері «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» конституциялық заңның сақталуы бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Елорда аумағында өткізілген тексеру шараларының нәтижесі таныстырылып, анықталған кемшіліктерді жою бойынша ескертулер берілген. Аталған бағыттағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру көзделуде.
«Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әрбір азаматтың міндеті. Ал, олардың белгіленген стандарттарға сай келуі мен орналасу тәртібі аса маңызды. Ел Үкіметінің 2007 жылғы қаулысы бойынша Мемлекеттік Ту мен Елтаңба ұлттық стандарттарға сәйкес болуы тиіс. Бұл стандарттар 2008 жылдың 1 сәуірінен бастап енгізілгені белгілі. Бұл талаптарды орындамаған мекемелерге жауапкершілік қарастырылады» дейді Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының Талдау, мониторинг және әдістемелік жұмыс бөлімінің басшысы Гүлжан Елубаева.
Семинар соңында ҚР Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков нышанның құрылымы мен тарихы жөнінде қысқаша баяндама оқыды.
Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ