Мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру – басты талап

0 144

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Астана қаласы бойынша департаменті сыбайлас жемқорлықпен күресудің қазіргі заманғы саясаты жөнінде ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

152f2e62578

Жиынды ашқан және жүргізіп отыр­ған Департамент басшысы Тілеген Қаскиннің айтуынша, еліміз тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде мемлекеттік қызметті реформалау мен жетілдіруге ерекше көңіл бөлініп, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар күшейтілген.
–Кез келген мемлекеттің өркендеуі азаматтық қоғамның дамуына тікелей байланысты. Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» ұлт жоспарында жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мәселесі анық көрсетілген. Биыл біздің департамент жұмысының негізгі бағыты мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жоғарылатып,  халықтың сенімін арттыру болды. Осы саланың пәрменділігі мен тиімділігі жемқорлық деңгейінің төмендеуіне септігін тигізетіні сөзсіз, – дейді Тілеген Төлегенұлы.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қазіргі заманғы саясат» тақырыбындағы конференцияның мақсаты – жемқорлық құқық бұзушылықтың алдын алу және   оған мүлдем төзбеушілік қағидатын жұртшылықтың санасына сіңіру.
Жиында Астана қаласы прокурорының аға көмекшісі Берік Мелдебеков сөз алып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру маңызды міндет екендігін атап өтті. Осыған байланысты ақпараттық және ұйымдастырушылық сипаттағы шаралар ұдайы өткізіліп тұратынын да айта кетті.  Берік Әзімханұлының  келтірген дерегі бойынша, тек биылғы жылдың алғашқы тоқсанында жемқорлыққа қатысты 109 құқық бұзушылық анық­талып, есепке алыныпты. Сондай-ақ, осы мерзім ішінде елордалық судьялар 8 қылмыстық істі қарап үлгерген. Қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланғандар қан­дай жауапкершілік арқалайтынын айтқан прокурордың аға көмекшісі пара алу да, пара беру де қылмыс екендігін жеткізді.
Конференция барысында  департа­менттің Мемлекеттік қызметтер басқар­масының басшысы Гүлнәр Сәменқұлова  мекеменің атқарған жұмыстарымен таныстырды.
–Елбасы «Қазақстан – 2050» стратегиясында мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру арқылы халыққа қолайлы жағдай жасауды айрықша атап өтті. Біздің басты міндетіміз – азаматтарға сапалы, тиімді әрі  жылдам қызмет көрсету, – деді ол.
Мемлекеттік қызметтер департаменті сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында мемлекеттік органдардың қызметін бақылау, бағалау, сараптау бағытында тұрақты тексерулер өт­кізіп тұрады екен. Былтыр орталық мем­лекеттік органдардың 12 аумақтық, жер­гілікті атқару органдарының 16 құрылымдық бөлімшесінің қызметіне бақылау жүргізілген. Соның қоры­тындысында  жемқорлыққа жол ашқан 170 жағдай мен  38 жасырын мемлекеттік қызмет көрсету  анықталған.  Халыққа қызмет көрсету барысында кемшіліктер анықталған мекемелерге кем-кетікті қалпына келтіру жөнінде ұсынымдар жолданған.
Жиынды қорытындылыған департамент басшысы Тілеген Қаскин барша жұртшылықты жемқорлықпен бүкіл қоғам болып күресуге шақырды.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen − 10 =