Мемлекеттік қызметшінің этикасы

0 37

Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды. Қоғам мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін атқаратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өз еліне адал да қалтқысыз қызмет етеді деп сенім білдіреді.
Мемлекеттік қызмет мемлекет құрылымының қажетті және маңызды элементі болып табылады. Ол мемлекет пен қоғам арасындағы байланыстырушы рөл атқарады. Басты критерий – қоғамдық қатынастарды ұйымдастыру және реттеу бойынша мемлекеттік басқару функцияларын кәсіби орындау және сауатты іске асыру.
Мемлекеттік қызмет үшін имидждің функционалдық және мәртебелік мәні бар. Бұл халықтың оған деген сенім деңгейінің көрсеткіші және қоғамның басқарушылық қызметтің, мемлекет жүргізіп отырған қайта құрулардың тиімділігін бағалау өлшемі болып табылады. Мемлекеттік қызметтің имиджі мемлекеттік органдардың іс-әрекеттерінің нақты әлеуметтік топтардың және жалпы қоғамның талаптары мен үміттеріне сәйкестік дәрежесін белгілейді.
Осыған орай, мемлекеттік қызметтің жаңа моделі тұжырымдамасының негізгі мақсаттарының бірі этикалық нормаларды жетілдіру болып табылады. Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби этикасының маңызды аспектісі – моральдық тұрғыда өзін-өзі шектеу, яғни басқа азаматтарға қарағанда оларға жоғары талаптардың қойылуы. Мемлекеттік қызметшілер өзінің қызметтік міндеттеріне байланысты адам мен азаматтың құқықтарына, бостандықтарына оң көзқарасымен ерекшеленуге тиіс. Өз кезегінде, мемлекеттік қызметшілердің қарапайым азаматқа қарағанда көбірек мүмкіндіктерінің болғандығынан,оларға көбірек талаптар мен шектеулер қойылады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің стратегиялық міндеті мемлекеттік қызметшілердің әдептілік деңгейін арттыру болып табылады. Осы мақсатта Әдеп жөніндегі уәкілдер институты құрылды, сондай-ақ еліміздің әрбір өңірінде Агенттіктің Әдеп жөніндегі кеңесі жұмыс істейді.
Ағымдағы жылдың 25 ақпанында онлайн режимде елордалық Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті және бірінші отырысы өткізілді, онда 2020 жылға арналған Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік органдарының тәртіптік тәжірибесі мен тәртіптік комиссияларының жұмысын талдау қорытындылары қаралды.
Нұр-Сұлтан қаласы МКД Байқоңыр ауданының мемлекеттік кірістер басқармасына заңнама талаптарын бұза отырып қабылданған мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтың күшін жою туралы ұсынымдар берілді. Алматы, Сарыарқа және Байқоңыр аудандары әкімдері аппараттарының Әдеп жөніндегі уәкілдерінің есептері тыңдалды.
Елбасы өзінің Жолдауында атап өткендей: «Біз демократиялық дамудың жалпыға танылған заңдылықтары мен қоғамымыздың дәстүрлерін үйлестіре отырып, саяси және мемлекеттік құрылыстың қазақстандық моделін жетілдіру жолымен әрі қарай да жүре беретін боламыз … үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып, нәтижелілік, ашықтық және қоғам алдындағы есептілік қағидаттарында… Әкімшілік реформаның басты мақсаты басқарушы аппарат жұмысының тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру болуы тиіс».
Бүгінгі таңда қоғам қазіргі мемлекеттік қызметтен дәл осыны күтеді.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 3 =