©2020 Астана Ақшамы
Мемлекеттік қызметкерлер сұрыпталады
Кеше Астана қаласы әкімдігінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі басшыларының қатысуымен семинар-отырыс болып өтті. Отырыста «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Елбасымыздың Қазақстан халқына Жолдауы және «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға енгізілген өзгерістер мен осы саладағы реформалардың қалай жүргізілетіндігі талқыланды.
Басқосу басында Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының бастығы Болат Тілепов Елбасының биылғы Жолдауын таныстырып, атқарылуы қолға алына бастаған жұмыстар жайлы айтып өтті.
Ал, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңды жетілдіру Елбасының төрт жыл бұрынғы тапсырмасы еді. Мәжілістің оқылымында мақұлданған құжат 26 наурыздан бастап күшіне енеді деседі. Заң бойынша басшыларға өзіне ұнағандарды бұрынғыдай бейпіл тағайындауларына, ұнамағандарын бей-берекет жұмыстан шығаруларына жол берілмейді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша басқармасы бастығы Ерлан Әбен: «Ауыс-түйіс тек осы басқарманың ішіндегі түрлі лауазымды қызметтер арасында ғана болмақ. Мысалы, бүгін денсаулық басқармасын басқарып отырған басшы ертең білім басқармасының тізгінін ұстауға жол берілмейді»,– деп түсіндірді. – Жаңа ережелер бойынша мемлекеттік қызметкерлер жаңа сұрыптаудан өтеді. Мәселен, қазақ тілі сыны бұрын комиссия сынының қорытынды бөлімінде шығарылатын шешімге тікелей әсер ете алмайтын. Яғни, қызметкердің өз мамандығын жетік білетіндігіне баса назар аударылатын. Ал енді қазақ тілін білмейтіндер қанша білікті маман болса да бұл сыннан өтпейді».
Ербол ЖАНАТ