МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР қоғамдағы өзгерістерге икемді

0 20

Астана мемлекеттік қызмет хабы, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бірлесіп мемлекеттік қызметкерлердің цифрлық және коммуникациялық дағдыларын дамыту бойынша білім беру шарасын қолға алды.

Орталық және жергілікті атқарушы органдардың 1000-ға тарта өкілі қа­шық­тан жұмыс істеу режимі жағ­дайында өз жұмыстарының тиімділігін арттыру үшін негізгі цифрлық және коммуникациялық дағдыларды дамыту бойынша оқытудан өтеді. Бағдарлама инклюзивті және оған қатысатын ерекше қажеттіліктері бар 342 мемлекеттік қызметшінің мүдделерін ескерген.
Оқыту бағдарламасын бұған дейін жүргізілген сауалнама негізінде әзірленді. Сауалнама нәтижесіне қарай мемлекеттік мекеме басшылары мен мамандардың қажеттіліктеріне бағытталған екі жеке бағдарлама жасалды. Оқудың алғашқы екі күндік тренингі 2020 жылдың 15 маусымында басталып, бұл шара тамыз айының соңына дейін жалғасатын болады.
Астана мемлекеттік қыз­мет хабының басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов: «Коронавирус пандемиясы кезіндегі жұмыс мемлекеттік орган­дардың азаматтармен, қо­ғаммен және экономика субъектілерімен тиімді қарым-қатынас орнату маңыз­дылығын тағы да көрсетті. Сондай-ақ бұл жағдайда азаматтар тек жылдам және релевантты ғана емес, ашық және заңды шешімдерді күтетінін түсіну маңызды» деп атап өтті.
«Бүгінгі заман талабы бойынша мемлекеттік бас­қарушылар қоғамдағы барлық өзгерістерге дайын әрі икемді болуы керек. Өз қызметінде жаңа технологиялар мен жобалық тәсілдерді қолдана білуі қажет. Сондықтан біз осы білім беру модуліне өзгерістерге бейімділік, эмоционалдық интеллект, тиімді онлайн-коммуникациялар, жаңа жағдайда өнімділікті басқару, цифр­лық дағдылар сияқты ең қажетті тақырыптарды енгіздік. Тренингтерді Академияның Кәсіби даму институтының сертификатталған бизнес-тренерлері мен мамандары өткізетін болады» деп атап өтті Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл.
Оқыту интерактивті оқыту түрлерін қолдана отырып, нақты уақыт режимінде онлайн форматта жүргізіледі. Мұнда шағын топтарда жұмыс істеу, практикалық тапсырмаларды орындау қарастырылған. Бағдарламаның нәтижесі бойынша қатысушылар ағымдағы жағдайды ескере отырып, қызметтерін одан әрі жетілдіру жобаларын әзірлеу жоспарланған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × three =