МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ – МЕРЕЙЛІ МІНДЕТ

0 527

IMG_8010

  р

р

Тілеген ҚАСКИН,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы – Тәртіптік кеңес төрағасы

 

 

Құрметті Тілеген Төлегенұлы, қызметіңізге кіріскелі де төрт айдың жүзі өтіпті. Бұл, әрине, жұмыстың жемісін таразыға салып көретін кезең емес. Дегенмен, осы қысқа мерзімде толымды қандай іс жасадым деп айта аласыз?

– Еліміздің бас қаласы Астанаға келгенде әдетімше жаңа қызмет орнымдағы жұмыс барысымен танысып, жеткен жетістікті еселеуді мақсат етіп, ұжыммен «бір қолдан жең, бір жағадан бас шығарып», бірлесіп, түйткілді мәселелерді шешуге білек сыбана кіріскенімізге де  төрт ай уақыт өтіпті.

Ұзақ уақыттан мемлекеттік саясатты жүзеге асыру саласында еңбек етіп жүрген соң, бұл мен үшін тосын міндет емес. Жаңа ұжымға басшылыққа келгелі біршама келелі істерді жүзеге асырдық деп айта аламын.

Мысал келтірер болсақ, осы қысқа мерзім ішінде 20-ға жуық семинар-кеңес өткізіп, қоғамдық өмірдегі жағдаяттардан ажыратылмай, әлеуметтік тұрғыдағы бірқатар шараларды жүзеге асырдық.

Атап айтсақ, Елбасымыз Н.Ә.Назар­баевтың жетекшілігіндегі «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінде  алғаш рет азаматтарды жеке қабылдау шарасын өткіздік. Соның барысында азаматтардың толғандырған сұрақтарына орай тиісті түсініктемелер берілді.

Сонымен қатар, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің құрылғанына 15 жыл толу мерейтойы мен «Қарттар күні» мерекесі қарсаңында Департаментке басшылық еткен, еңбек сіңірген, қазіргі зейнет демалысындағы ардагерлермен кездесу ұйымдастырдық. Кездесу кезінде зейнеткерлеріміздің хал-ахуалына баса көңіл аударылып, еліміздегі мемлекеттік қызметте жүргізіліп жатқан реформалар жайы талқыланды. Еңбегі ерен аға буынды атаулы мерекемен құттықтап, алғыс білдіріп, естелік сыйлықтар табыс еттік.

Атаулы мереке қарсаңында Астана қаласындағы мемлекеттік органдармен бірлесіп спорттық шаралар ұйымдастырдық.

Ресми форматтағы жиналыстардан басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау мәселесіне қатысты «дөңгелек үстел» отырысы өткізілді.

«Дөңгелек үстелге» Астана қаласы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті (Қаржы полициясы), «Нұр Отан» партиясы, Астана қаласы әкімдігінің басқарма басшылары, сонымен қатар, елордадағы құрылыс және жобалау компанияларының өкілдері қатысты. Мәнді мәслихат үстінде Елбасының сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес мәселесі жайлы тапсырмаларының Астана қаласындағы аумақтық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдар тарапынан орындалуы туралы мәселелер ортаға салынды.

Мемлекеттік қызмет туралы заңнамалардың негізгі жаңа енгізілімдерін  іске асыру бойынша Астана қаласы  мемлекеттік органдарының персоналды басқару  қызметі  басшыларының басын қосып, семинар-кеңес өткіздік. Жиынға Қазақстан Республикасы  Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару  академиясы өкілдері қатысып, баяндамалар жасалды. Қатысушылар  мемлекеттік қызметті өткеру,  Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік қызмет туралы» заңнама талаптарының  сақталуы  туралы  мәселелерді талқылап, пікір алмасты.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексі талаптарын сақтау жөнінде Астана қаласы Әділет департаментінің ұжымымен кездесу өткізіп, мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасы, азаматтармен қарым-қатынаста сыпайылық және әдептілік сақтауы туралы түсініктемелер беріліп, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауындағы мемлекеттік қызмет саласындағы реформа жайы талқыланды.

Статистика департаменті ұжымымен өткізілген жиын барысында Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына енгізілген негізгі өзгерістер мен толықтырулар туралы әңгімеленіп, мемлекеттік қызметтің жаңа моделі тұжырымдамасын жүзеге асыруда Агенттік пен оның аумақтық бөлімшелері қызметінің негізгі бағыттары түсіндірілді.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының бұйрығымен «Мемлекеттік қызметтер туралы» Заңды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында Департамент жанында жеке тұлғалармен, коммерциялық емес ұйымдармен мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі Қоғамдық кеңес құрылған болатын. Қоғамдық кеңестің құрамы Департамент басшылығының құрамынан, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен тұрады. Осы қоғамдық кеңес жұмысын жандандыру мақсатында отырыстар өткізіліп, жеке тұлғалармен, коммерциялық емес ұйымдармен мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері талқыланды.

Осы тұрғыда, көпшілік қызметін жиі пайдаланатын Астана қаласының Халыққа қызмет көрсету орталығы, Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы, Астана қаласының ІІД Жол полициясы басқармасы басшыларының есептері тыңдалды. Мемлекеттік органдардың уақытылы және сапалы қызмет көрсетуі, оның қолжетімділігі, сапасына халықтың қанағаттануына баса назар аударылды.

Қазақстан Республикасы «Мем­лекеттік қызмет туралы», сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың және Қазақстан Республика­сы Мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексінің талаптарын сақтауы бойынша жүргізілген жос­парлы тек­се­р­іс нәти­желері туралы Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы ұжымдарының қатысуымен семинарлар өткізілгенін де атап өткен жөн.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі, сыбайлас жемқорлықты болдырмау мен алдын алу, мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасын сақтауы жайлы Астана қаласының Салық басқар­масында, Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау депар­таментінде, Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Астана қаласы бойынша аумақтық инспекциясында, Астана қаласының Сарыарқа, Есіл ауданы әкімі аппараттарында семинар-кеңестер өткіздік.

Семинарлар барысында мемлекет­тік қызметшілерді бағалау, аттестаттау және бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға үміткерлерді тестілеу мен конкурстар өткізу, мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс кодексі талаптарын сақтауы және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесіне қатысты түсініктемелер берілді.

Семинар-кеңестерді жиірек өткізудің өзіндік тиімді жағы да бар. Айталық, конкурстық іріктеу жүйесіне, мемлекеттік қызметте меритократия принциптерінің сақталуына халық сенімінің деңгейін арттыру, мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігін, мемлекеттік қызметшілердің этикасын сақтау, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жетілдіру жөніндегі көптеген түсіндірмелерді осы семинарлар барысында ортаға салып, мемлекеттік қызметшілерге жеткізіп жатамыз.

Мемлекеттік қызметті жетілдіру мақсатында сараптамалық кеңес құрылып, қазан айында оның алғашқы отырысын өткіздік. Сараптамалық кеңес құрамы жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің персоналды басқару қызметінің басшыларынан құрылды. Кеңес барысында ұйымдастыру жұмыстары мен келесі отырыстың күн тәртібі мәселелері қаралды.

Жалпы, мемлекеттік қызмет саласындағы ең маңызды мәселе – бұл персоналдың жетік білімді әрі білікті болуы деп есептеймін. Осы ретте, мемлекеттік қызметшілерді оқыту, біліктілігін арттыру мәселесіне баса назар аударып келеміз. Бұл мақсатта Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының басшылығымен бірнеше басқосулар өткіздік. Жуырда Астана қаласындағы мемлекеттік органдардың персоналды басқару қызметі басшыларының қатысуымен мемлекеттік қызметшілерді оқыту тақырыбында семинар кеңес ұйымдастырдық. Оған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілі қатысып, мемлекеттік қызмет саласындағы реформалар, мемлекеттік қызметшілерді оқыту барысындағы түйткілді мәселелер талқыланды. Мемлекеттік басқару академиясында мемлекеттік қызметшілерді оқыту мәселесі төңірегінде Депар­таменттің тарихын алып қарасақ, мұндай кездесулер өткізілмеген екен. Мұны мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттырудағы оң қадам деп бағалауға да болады.

Сонымен қатар, осы жылғы маусым айынан бастап, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына үміткерлерді тестілеуден өткізу Агенттіктен Департаментке берілді. Бұл, 2012 жылғы 29 желтоқсандағы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға енгізілген өзгеріс бойынша, мемлекеттік әкімшілік лауазымға үміткерлерді алғашқы кезекте тесттен өткізуге байланысты енгізген өзгеріске сәйкес жүзеге асырылды.

Маусым айынан бері тестілеуден өтуге 4000-ға жуық үміткерден құжаттар қабылдадық, соның ішінде төменгі шектен өткендері 50%-ды құрайды. Бұл – республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіш.

Тағы бір айта кететін нәрсе, ішкі жиналыстар барысында Департамент қызметшілерінің еңбек өнімділігін арттыру мәселелерін ортаға салып, қызметшілерінің тоқсан сайын  атқарған жұмыстары сараланып келеді.

– Тәртіптік кеңес кез келген мем­лекеттік қызметкерді тексере ала ма?

– Қазақстан Республикасы Мем­лекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті еліміздегі басқа да мемлекеттік органдары секілді өз жұмысын мемлекетімізде қабылданған заңнамалар аясында жүргізеді.

Ал, енді, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына келетін болсақ, Департамент мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімі ретінде мемлекеттік қызмет саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын мемлекеттік орган ретінде Астана қаласындағы мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызмет саласындағы заңдардың сақталуын бақылауды жүзеге асырады.

Мемлекеттік қызметшілерге келсек, Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 30 маусымдағы № 1598 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттігінің облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы тәртіптік кеңестері туралы Ережесіне» сәйкес, тәртiптiк кеңес арқылы Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасының нормалары мен Ар-намыс кодексiн бұзуға қатысты аумақтық немесе жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілерінің, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды орындауға уәкiлетті өзге де лауазымды адамдардың (Парламент және мәслихат депутаттарынан, судьялардан басқа) тәртiптiк iстерiн қарайды.

– Тәртіп бұзған мемлекеттік қызметкерге қандай шара қолданылады?

– Осы тұста ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы      Ә.Байменовтің «Бас прокуратура, Қаржы полициясы мамандары жасалған қылмыспен күресіп, оларды анықтау және жазалау жұмыстарымен айналысатын болса, біздің міндетіміз – жемқорлықтың алдын алу, тәрбие, әдептілік нормаларын сіңіру» деген сөзін атап өткім келеді. Халқымыз да төл мәдениетінде жазалау арқылы тәртіпті жөнге қою мүмкін емес екенін ұғынып, дұрысы – тәрбие мен жөнге салуға мән берген.

Яғни, Департамент өз жұмысында мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылық жасап, жазалы болғанынан гөрі, сол құқық бұзушылыққа бармау, оның алдын алу мәселесіне басты назар аударып келеді.

Дегенмен, мемлекеттік қызметші өз міндетін атқару барысында тәртіп бұзушылыққа барса, Қазақстан Рес­публикасы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 28-бабына сәйкес, қызметшілерге тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жазаның ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту, лауазымын төмендету, атқаратын лауазымынан босату түрлері қолданылады. Егер, тәртіптік жауаптылыққа әкеп соғатын жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін мемлекеттік қызметшіге қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту, лауазымын төмендету, атқаратын лауазымынан босату секілді жазалар беріледі.

Қаланың мемлекеттік қызмет­кер­лері арасында ар-намыс кодексін бұзғандар болды ма?

– Халқымыздың хас батыры Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз – ел болмайды» деп атап өткеніндей, еліміздің қай азаматы болмасын тәртіпке бағынуы қажет. Бұл, әсіресе, Елбасымыздың атап өткеніндей, абыройлы міндет, мемлекеттік қызмет саласында жүрген азаматтарға жүктелер үлкен жауапкершілік. Осы орайда, ағымдағы жылы Астана қаласындағы мемлекеттік органдарда қызмет атқаратын тәртіп бұзған біршама мемлекеттік қызметшілердің ісі Тәртіптік кеңесте қаралды. Атап айтсақ, ар-намыс кодексін бұзған 6 мемлекеттік қызметшінің тәртіптік ісі қаралды. Тәртіптік кеңес шешіміне сәйкес, Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы және Астана қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасының қызметшілері болып табылатын 2 мемлекеттік қызметшіге қатаң сөгіс жарияланып,  4 мемлекеттік қызметші ескерту түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

 – Жоғары оқу орнын жаңадан бітірген жас мемлекеттік қызметке барғысы келсе, «еңбек өтілің жоқ» деп алмайды. Не істеу керек?

– Жалпы, еліміздегі барлық мәселелер, оның ішінде мемлекеттік қызмет пен еңбек жағдаяттары құқықтық нормалармен белгіленген.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға құқығы бар. Мемлекеттік қызметке қабылдау заңнамаға сәйкес конкурс негізінде жүргізіледі.

Әрине, аталған заңнама талабына сай үміткердің қажетті білімі, кәсіби даярлық деңгейі болуы және белгіленген біліктілік талаптарына сай келуі қажет.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 2008 жылғы 9 қаңтардағы бұйрығымен бекітілген «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік лауазымдарының санаттарына үлгілік біліктілік талаптарында» жоғары оқу орнын жаңадан бітірген үміткерлерді де мемлекеттік қызметке қабылдау көзделген.

Атап айтсақ, В-5,С-5, С-О-5,С-О-6, С-R-4. С-R-5, D-5, D-O-4, D-O-5, D-O-6, E-4, E-5, E-R-4, E-R-5, E-G-3, E-G-4 санаттарына жоғары оқу орнын бітірген соң, еңбек өтілінсіз де конкурсқа қатысып, мемлекеттік қызметке қабылдануға болады.

Елбасымыздың мемлекеттік қызметте меритократия әдісін кең қолдану туралы тапсырмасына сәйкес, үміткердің білімі мен білігі және мемлекетке, Отан­ына қызмет етуге деген жігері болса, жастардың қызмет сатысында өрлеуіне қазіргі таңда біздің мемлекетімізде қолдау мол.

– «А» және «Б» корпус­тары мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалау және аттестаттаудан өткізу қалай жүргізіледі?

– Бірінші кезекте айтып өтейін, 2012 жылғы 29 желтоқсанда Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың ерекшелігі мемлекеттік әкімшілік қызметтің «А» және «Б» корпустарына бөлінуі және мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді аттестациялаудан өткізу алдында жыл сайын бағалауды жүргізу енгізілді.

Яғни, мемлекеттік әкімшілік қызметші үш жыл қатарынан жоғары бағаға ие болса, ол аттестациядан өткізілмейді, керісінше, төмен баға алса аттестацияға жіберіледі. Бұл, біріншіден, мемлекеттік қызмет персоналын басқаруда мемлекеттік қызметшілерді міндетті түрде аттестациялау науқанын тиімді жұмыс атқару бағытына бағыттау болып табылады.

Қызметшілердің қызметін жыл сайынғы бағалау олардың жұмысының сапасы мен тиімділігін айқындау үшін өткізіледі.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 наурыздағы №527 Жарлығымен бекітілген мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің қызметіне жыл сайынғы бағалау жүргізу және оларды аттестаттаудан өткізу қағидаларында сіздің сұрағыңызға қатысты мемлекеттік қызметшілерді бағалау мен аттестаттаудан өткізу мәселелері кеңінен қамтылған.

Аттестаттау «Б» корпусы қызметшілерінің кәсіби даярлық деңгейі мен оларға жүктелген лауазымдық міндеттерін уақтылы және сапалы, тиісті деңгейде орындау қабілетін айқындау болып табылады.

Аттестаттау мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен аттестаттауға жататын «Б» корпусы қызметшісін тестілеу, аттестаттау комиссиясы өткізетін әңгімелесу, аттестаттау комиссиясының шешім шығаруы кезеңдерін қамтиды.

Аттестаттау комиссиясы табыс етiлген материалдарды зерделеп және тестілеуден өту кезiнде шектi мәннен төмен емес баға алған «Б» корпусы қызметшiсімен әңгiмелескеннен кейін мемлекеттік қызметшінің атқаратын лауазымына сәйкес немесе қайтадан аттестатталуға тиiс, атқаратын лауазымына сәйкес еместігі туралы шешімдердің бірін қабылдайды.

Қызметшінің мемлекет алдындағы еңбегін бағамдау мақсатында жуырда мемлекеттік қызмет туралы заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар қабылдау барысында кемiнде он бес жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар «Б» корпусы қызметшілерін тестiлеуге жібермеу секілді көтермелеу сипатындағы ерекшеліктер енгізілді.                        Тестілеуден өтуде шектi мәннен төмен баға алған «Б» корпусы қызметшiсі әңгiмелесуге жiберiлмейдi.

Егер қайта тестілеуден өту кезiнде «Б» корпусы қызметшісі тағы да шектi мәннен төмен баға алса, аттестаттау комиссиясы қайтадан аттестатталуға тиiс немесе атқаратын лауазымына сәйкес еместігі шешiмдердiң бiрiн қабылдайды.

Қайта аттестаттау алдыңғы аттестаттау өткізілген күннен бастап үш айдан кейін өткізіледі.

Тестілеуден өту кезiнде шектi мәннен төмен баға алған «Б» корпусы қызметшісіне тек бір рет қана қайта тестілеуден өту құқығы беріледі. Егер қайта тестілеуден өту кезiнде «Б» корпусы қызметшісі тағы да шектi мәннен төмен баға алса, аттестаттау комиссиясы шешімімен атқаратын лауазымына сәйкес келмейтіні туралы шешім қабылданады.

Аттестаттаудың теріс нәтижелері «Б» корпусы қызметшісінің мемлекеттік қызметті тоқтату не лауа­зымын төмендету үшін негіз болып табылады.

Бұған дейінгі  қолданыста  болған  заңнамамен салыстырғанда енгізілген негізгі өзгерістердің бірі – қызметшінің  аттестаттауға дәлелсіз себептермен қатыспағаны жағдайында оны тәртіптік жауапкершілікке  тарту мәселесі қарастырылған. Сонымен қатар, «Б» корпусы қызметшісі дәлелсіз себептермен аттестаттауға  қатыспаған жағдайда оны тәртіптік жауапкершілікке тартуды міндеттейді.

– Алдағы жұмыс жоспарларыңыз қандай?

– Менің ойымша, әр адамның таяудағы және болашақтағы жоспары болмақ. Таяудағы жоспар туралы айтсам – ел тәуелсіздігінің 22 жылдығын жоғары деңгейде атап өту. Ал мұндай мерекелерді атап өту – қазақстандық азаматқа, әсіресе, астаналық адамға, оның ішінде мемлекеттік қызметкерге мерекелік көңіл-күймен бірге, Елбасы саясатын жүзеге асыруда үлкен жауапкершілік пен абырой биігінен көрінуді міндеттейді. Жалпы, мұндай мемлекеттік маңызы бар мерекелер бізге тәуелсіз мемлекеттің азаматы екенімізді, сол мемлекеттің қызметкері екенімізді сезіндіре түседі. Ал болашақтағы жоспарларға келсек, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан -2050» Стратегиясында «Біздің басты мақсатымыз 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру» міндетін қойған еді. Осы мақсатты іске асыруда мемлекеттік аппарат қызметінің функционалдылығы мен тиімділігін барынша жоғарылатудың маңыздылығын ерекше айтып өтті. Алдағы уақытта ел үшін адал қызмет ететін мемлекеттік қызметшілерді іріктеу және олардың  кәсіби деңгейін жоғарылату кезінде меритократия қағидатын күшейту, барлық мемлекеттік органдарда арнайы басқару құрылымдары мен тетіктерін жетілдіру, тәртіптік және этикалық бақылауды күшейтіп, корпаративті мәдениетті жітілдіру жолында және заманауи технологияларды пайдалана отырып мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын жоғарылату бойынша жұмыс жасау. Сонымен қоса мемлекеттік қызметшілерді оқыту мәселелері мен оларды шешу жолында да қарқынды жұмыс жасау міндеті тұр. Қорыта айтқанда, Елбасымыздың мемлекетті басқару саласындағы идеяларын жүзеге асыруға лайықты түрде атсалысу.

 

Есбол СОЦИАЛХАН

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve − twelve =