Мемлекеттік қолдаудың жаңа механизмі

0 41

Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға баса мән бере отырып, бизнеске қолдау көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізу керектігін, Үкіметтің әлеуметтік төлемдер көлемінің артуына назар аударуы тиіс екенін атап өтті. Президент тапсырмаларын орындау үшін биыл республикалық бюджеттің 50 пайызы әлеуметтік салаға бөлініп отыр.ЖӘРДЕМАҚЫ

Көпбалалы отбасылардың табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақының тағайындалуы.

Бұл жәрдемақыны 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студент балалары бар отбасылар ай сайын алып отырмақ. Мемлекеттік жәрдемақы үшін осы жылға бюджеттен 177 млрд теңге қарастырылды. Қаңтар айында 367 мың көпбалалы отбасына аталған жәрдемақы тағайындалды. Ал атаулы әлеуметтік көмек осы жылдан бастап жаңа тәртіппен беріле бастайды. Ондағы өзгерістерге тоқталған Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі енді АӘК тоқсан сайын тағайындалатындығын атап өтті.

Отбасының орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына жетпейтін болса, атаулы әлеуметтік көмекке ие.

Бірақ енді адам басына 21 мың теңге берілмейді, орташа табыс­тың кедейлік шегінен айырмасы ғана төленеді. Мұнда 2018 жылғы тәртіп қайта қалпына келтірілді. Жаңа механизмнің негізгі мақсаты – атаулылығында. Егер де отбасының табысы шынымен төмен болатын болса, ол көпбалалыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыны да, АӘК-ті де алады және кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз етіледі. Демек, мөлшері артпаса, азайған жоқ. Бұл бір жағынан нағыз мұқтаждарға көмектесуге мүмкіндік береді.АӘК алатын отбасындағы еңбекке жарамды азаматқа өз мамандығына сай және қатынауға қолайлы жерден жұмыс ұсынылады.

«Егер ол одан бас тартса, АӘК беру тоқтатылады. Бұған мүгедек жандар, оқып жүрген еңбекке жарамды азаматтар, 3 жасқа дейінгі баламен және мүгедек жанды, қарттарды қарап отырған кісілер, 1 және 2-топтағы мүгедек ересектер, қарттар жатпайды. Баламен үйде отырған аналарға ерекше қарайтын боламыз. Оларға толық емес режімдегі жұмыстар ұсынылады» деді Б.Нұрымбетов. Сондай-ақ шәкіртақы сол күйінде АӘК тағайындау­да табыс көзі ретінде есептелмейтінін, ал жаңа жәрдемақының табысқа жатқызылатынын айтты. Орта және жоғары білім алып жүрген студентке қай қалада оқып жүргеніне қарамастан АӘК алатынын атап өтті.

АӘК алушыларға кепілдендірілген әлеуметтік топтама беріледі.

Министрдің айтуынша, биыл мектеп жасына дейінгі 220 мыңнан астам бала, мектеп жасындағы 370 мыңнан астам бала осы кепілдендірілген топтамамен қамтамасыз етіледі. Мектеп жасына дейінгі балаларға азық-түліктің топтамасы және гигиеналық құралдар беріледі. Мектеп жасындағы балалар мектепте ыстық тамақпен қамтылып, мектеп формасы, оқу құралдары және мектепке қатынауға жол жүру жеңілдіктері, медициналық көмек қарастырылады. Осы орайда тиісті нормативтік құқықтық актілер әзірленген. «Топтаманы дайындауда әкімдердің ұсыныстары бойынша Үкіметтің қаулысымен 493 сауда орталығы бекітілді. Оларға талап, техникалық сипаттамалар әзірленді. Оны іске асыру жергілікті атқарушы орындардың жауапкершілігінде. Азық-түлік топтамасында халықаралық тәжірибе ескерілген. Ең маңыздысы, біз Денсаулық сақтау министрлігімен бірге Дүниежүзілік денсау­лық сақтау ұйымының ұсынымдарын ескере отырып, баланың физиологиялық ерекшелігін және тағамдық, энергетикалық құндылығы жасына сай азық-түліктерді дайындадық. Мектеп жасындағы балаларға мектеп формасы, мектеп құралдарының барлығы енеді» деді Б.Нұрымбетов.

КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРҒА ҚОЛДАУ

Көпбалалы және табысы аз отбасы мүшелерін кәсіпкерлікке тарту үшін оларға микрокредиттер жылдық 4 пайыздан аспайтын пайыздық ставкамен 7 жылға дейінгі мерзімге жеңілдікті шарттармен берілетін болады.
2019 жылы бізде гранттың 100 АЕК (250 мың теңге) және 200 АЕК (505 мың теңге) көлеміндегі екі түрі бар еді. Биылдан бастап біркелкі 200 АЕК күйінде қалдырылды. Оны алу үшін адамдар «Бизнес – бастау» бағдарламасы бойынша міндетті түрде оқып, сертификатын алуы керек. Бірақ аз қамтылған және көпбалалы отбасылардағы жұмыссыз азаматтарға жеңілдік қарастырып, оқымай-ақ, тек әлеуметтік келісімшарт жасау арқылы берілетін болады. Халықтың барлық санаттары үшін бірыңғай мемлекеттік гранттардың мөлшері белгіленді – 200 АЕК. Сонымен бірге көпбалалы және табысы аз отбасылардың мүшелері алдын ала оқытусыз грант алуға құқылы.

ЖАСТАРДЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ ҚАЙТА ҚАРАЛАДЫ

Жастар тәжірибесіне 2020 жылдан бастап қосымша екі жаңа құрал: «Бірінші жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары енгізілді.
«Бірінші жұмыс орны» жобасы 29 жастан аспаған, оның ішінде NEET санатындағы (жұмыс істемейтін және біліктілігін арттырмайтын және оқымайтын) азаматтарға, жұмыс тәжірибесі жоқ, білім беру ұйымдарының түлектеріне, еңбекке жарамды мүгедектерге бірінші жұмыс орнына жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.
«Ұрпақтар келісімшарты» жобасы зейнеткерлік жасқа жеткен жұмыс істейтін қызметкерді кейіннен ауыстыра отырып, жұмысқа орналастыруды көздейді.
Ерікті түрде қоныс аударуға қатысуға ниет білдірген азаматтарды қамтуды кеңейту үшін қоныс аударушылардың шыққан өңірлерінің қатарына Алматы қаласы енгізілді. Қоныс аударушыларды қабылдау өңірлеріне Ақмола және Қарағанды облыстары қосымша енгізілді, бұл еңбек күші тапшы өңірлерді қажетті еңбек ресурстарымен қамтамасыз етіп қана қоймай, қоныс аударушылар үшін тұрғылықты жерді таңдауға қосымша мүмкіндік береді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − fifteen =