Мемлекеттік мекемелер бірлесе қимылдауы керек

0 20

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында жас дарындардың арқасында Қазақстан мәдениеті жаһандық деңгейде танылып жүргенін атап өтті. Креативті индустрияны қолдау қорын құру мүмкіндігін қарастырып, жыл соңына дейін жаңа мәдениетті және оның дарынды өкілдерін дәріптеуге бағытталған нақты шаралар жоспарын ұсынуға тапсырма берді.
Қазір жұрттың және балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалып отыр, жаңа спорт инфрақұрылымдары пайдалануға беріліп жатыр. Соның бірі – мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған халықаралық деңгейдегі мамандандырылған паралимпиадалық жаттығу орталығы. Соңғы паралимпиадада спортшыларымыздың жетістіктері ескерсек, дұрыс бағытта келе жатқанымыз айқын.
Бүгінгі таңда елордамыз­да коронавирус бойынша жағдай жақсарып келеді. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету ұйымдары өздерінің негізгі міндеттерін, скрининг өткізу, жоспарлы госпитализациялауға жолдама беру, профилактикалық жұмыстар жасау қалыпты атқарып келеді.
«Елімізде жаппай екпе салу жүріп жатқанымен, қоғамда оған қарсы адамдар әлі де көп. Олар өздері бас тартып қана қоймай, халықты кері үгіттеуде. Соның кесірінен қаншама жұртты адастыруда» деді Президент. Біздің байқауымызша, фейк ақпарат кейде ресми ақпаратқа қарағанда тез таралады. Сондықтан біз халыққа тиімді және сапалы ақпарат жеткізу жолдарын ойластыруымыз керек. Бұл жұмысқа Ішкі саясат, Білім, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, басқа басқармалар мен аудан әкімдіктері атсалысуы қажет.
Қазақстан әлеуметтік мемлекет болғандықтан, қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Өкінішке қарай, әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар кесірінен көмекке шынымен мұқтаж кейбір жандар әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Жыл сайын астанамызға 60 мыңнан астам халық көшіп келеді. Осындай үлкен ағымда мемлекеттік мекемелер бірігіп, өз жұмысын сабақтастық негізінде құру қажет. Құзыретті органдармен бірігіп, тікелей көмек қажет ететін азаматтарды анықтау тактикаларын пысықтап, қолдануымыз керек. Себебі елімізде көмек қолын созуға дайын саналы азаматтарымыз жетерлік.

Алтыншаш
ТАБУЛДИНА,
Нұр-Сұлтан қаласы
мәслихатының
депутаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two + eight =