МЕМЛЕКЕТТІК МАРАПАТТАР ТАПСЫРЫЛДЫ

0 157

марапаттауКеше Ақордада Президент Нұрсұлтан Назарбаев ел дамуына еңбегі сіңген бір топ азаматқа ҚР Мемлекеттік сыйлығы мен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын тапсырды.

Мемлекеттік сыйлық алуға келген азаматтарды еліміздің ұлы мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтаған Президент:

– Қазақта «Еңбегіне қарай құрметі» деген қанатты сөз бар. Бүгін, міне, елдің дамуына үлес қосып жүрген айтулы азаматтарға тиісті құрмет көрсеткелі отырмыз. Мұндай сыйлықтардың табысталуы – тәуелсіздігіміздің арқасы. Бұл дәстүр дербес ел болуымыздың қадірін терең сезіндіре түсері сөзсіз. Қазіргі алғалы отырған сыйлықтарыңыз – сіздердің ғана емес, тұтас еліміздің табысы, – деп атап өтті.

Ең алдымен, ғылым мен техника саласында үздік нәтижелерге қол жеткізген жекелеген азаматтар мен ұжымға Мем­ле­кеттік сыйлық тапсырған Елбасы «Бұл ғалымдарымыздың тәуелсiздiктi тұғырлы етуге қосқан үлесi» деген баға берді.

Мемлекеттік сыйлық алғандардың қатарында халықаралық деңгейдегi мате­ма­тикалық проблемаларды шешу жолын ұсынған ғалым Тынысбек Кәлменов, қазiргi медицина саласында озық технологияларды енгiзу жолында тер төгіп жүрген профессор Серiк Ақшолақов басқаратын Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығының ұжымы, жалпы ұзын-саны 15 адам бар.

Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері» атағын әнші Қарақат Әбіл­дина, «Мюзикола» дуэтінің солисі Карина Абдуллина, әртіс Нұрлан Әлімжанов, Қазақстан дизай­нер­лері одағының президенті Тимур Сүлейменов, «Астана балет» хорео­гра­фиялық ұжымының бас балет­мей­стері Алила Әлішева, «Қазақстан Республикасы Президентінің Теле­ра­дио­ке­шені» ҰАҚ бас директоры Ерлан Бекқожин, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Смағұл Елубаев, тағы басқалар еншіледі.

Елбасының Мемлекеттік бейбіт­ші­лік және прогресс сыйлығы көрнекті ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлей­ме­новке берілді. Мемлекет басшысы белгілі тұлғаның ел дамуына сіңірген еңбе­гін ерекше атап өтті.

Қымбат НҰРҒАЛИ

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve + 18 =