Мемлекеттiк емес мекемелер мәселесiне мән берiлсе

0 188

Қазақстан Республикасының Президентi – Ұлт көшбасшысы<
Нұрсұлтан Әбiшұлы  Назарбаевтың Қазақстан халқына кезектi Жолдауы 2012 жылдың 27 қаңтарында жарияланғаны белгiлi. Содан берi бұқаралық ақпарат құралдарында Жолдау мазмұнында көтерiлген мәселелердi ел арасында талқылау, өзара пiкiрлесу процесi үздiксiз жүрiп жатыр.  Бұл – заңды құбылыс. Өйткенi, Елбасының кез келген Жолдауы – елiмiздiң iшкi және сыртқы жағдайы мен дамудың әлеуметтiк-экономикалық бағыт-бағдарын анықтайды.
1997 жылдан бастап есептегенде, биылғы Жолдаудың реттiк саны – 16. Ол – 10 бөлiмнен тұрады: қазақстан­дық­тардың жұмысқа тартылуы, қолжетiмдi баспана, өңiрлердi дамыту, тұрғындарға мемлекеттiк қызмет көрсетудiң сапасын арттыру, бүгiнгi заманғы мемлекеттi бас­қару талабы, сот және құқық қорғау жүйе­лерiн жаңғырту, Қазақстанда адами капиталдың сапалы өсуi, зейнетақы жүйе­сiн жетiлдiру, индустриалдық-иннова­циялық жобалар, ауыл шаруашылығын дамыту. Бiз, соның екiншi бағыты  – қол­жетiмдi баспана мәселесi жөнiнде ой бөлiсудi жөн көрдiк.
1997 жылдың 10 желтоқсан айынан бастап ел астанасына айналған Астана қаласының жер аумағы – 71 мың га, соған сәйкес халқының саны да өсiп келедi. 2012 жылдың 1 қаңтарындағы мәлiмет бойынша, қалада 743 014 адам ресми тiркелген. Әрине, бұл көрсеткiш алдыңғы жылдармен салыстырғанда жоғары.
Астана тұрғындары санының өсу динамикасы мынадай:
1989 жылы – 281,3 мың адам.(санақ)
1999 жылы – 326,9 мың адам.(санақ)
2000 жылы – 381,0 мың адам.
2001 жылы – 446,2 мың адам.
2005 жылы – 529,3 мың адам.
2007 жылы – 574,4 мың адам.
2009 жылы – 613,6 мың адам. (санақ)
2010 жылы – 697,1 мың адам.
2011 жылы – 730,8 мың адам.
2012 жылы – 743,0 мың адам. Ал, 2009 жылғы мәлiмет бойынша, Астана қала­сы­ның көш-қон айырмасы 31 908 адамға жет­кен, бұл да жоғары көрсеткiш. Мақа­лаға осы көшi-қон айырмасын құрайтын адамдардың баспанамен қамтамасыз етiлу мәселесi арқау болып отыр.
Астана қаласының әкiмi Иманғали Тас­мағамбетовтiң айтуынша, «Астанаға жы­лына 40 мың адам көшiп келедi екен. Бүгiн­де әлеуметтiк жағынан әлсiз топтар санаты бойынша мемлекеттiк қордың тұрғын үй кезегiнде 21 мыңнан астам адам тiркелген. Жалпы, 3 жылда 4 млн шар­шы метрден астам тұрғын үй тапсы­рылған. Бұл 40 мыңнан астам пәтердi қамтиды».
Елбасы «жаңа тұрғын үй құрылыс бағдарламасын iске асыруға кiрiсiп кеттiк.
Елiмiзде жыл сайын 6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берiледi. Алайда бiз жарты миллионнан астам жас отбасын жеке баспанамен қамтамасыз етуге тиiс­пiз. Бұл үшiн жалға берiлетiн тұрғын үй алаңын 1 млн шаршы метрге жеткiзу қа­жет.
Ұзақ мерзiмдi жалға беруде сатып алынатын және сатуға жатпайтын екi түрлi жолды қарастыру қажет.
Оған қоса жалға алғаны үшiн жаса­латын төлем әл-ауқаты орташа отбасы мүмкiндiгiне сай болуы тиiс. Мұнымен бiрге отандық құрылыс саласы үшiн жаңа мүм­кiндiктер туады. Соның бәрiн жаңа «Қол­жетiмдi баспана – 2020» бағдарлама­сын­да анық көрсету керек.
Мемлекет бұл бағдарламаны тиiстi қаражатпен қамтамасыз етедi. Аталған құжатты үкiметке осы жылдың 1 шiл­де­сiнен кешiктiрмей жасап, қабыл­дауды тапсырамын» деген болатын
Көп кешiкпей елiмiзде осы аталған мiндеттердi шешудiң әртүрлi жолдары қарастырыла бастады.  Соған орай ҚР Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмов тиiстi министрлiктер мен мекемелердiң бас­шы­ла­рына нақты тапсырмалар берiп, ал­ғашқы қадамдарға жол ашты. Сол сияқ­ты, ҚР Парламентi Сенаты мен Мәжiлiсiнiң депутаттары, яғни халық қалаулылары өздерi сайланған елдi-мекендерге барып, жергiлiктi тұрғындармен етене байла­ныс­та жүр. Ресми және ресми емес осындай кездесулер ҚР Бiлiм және ғылым ми­нистр­лiгi Ғылым комитетi жанындағы Мем­лекет тарихы институтында ұйым­дастырылып тұрады. Айталық, астаналық ғылыми ортада болған Алдан Смайыл, Абай Тасболатов, Мұрат Бахтиярұлы, Жа­бал Ерғалиев сияқты халық қалаулы­ларымен жүздесу барысында, бүгiнде елге қызмет етудiң құр «дақпырт» сөзге емес, нақты iске  құрылатыны аңғарылды. Әртүрлi деңгейдегi күрделi мәселелердi шешуде халықтың ойынан шығатын iс-әрекеттер жасау, заң шеңберiнде едәуiр мiндеттер атқару керектiгiне баса назар аударылды.
Осы ретте биылғы Жолдауға байла­ныс­ты, жоғары лауазымды мемлекеттiк қызметкерлердiң арнайы насихат тобы­нан көрiнуiн құптауға әбден болады. Өйт­кенi, Елбасы жүктеген тапсырмаларды орындау, халық игiлiгiне жарамды Заң жобаларын қабылдау, ең алдымен жоға­рыдағылардың қоғамның түйiндi мәсе­лелерiн жүрекпен сезiнуiнен басталмақ.
Бүгiнде Астана қаласына әртүрлi себеп­термен қызметке келген және келiп жатқан адамдардың көпшiлiгi, өкiнiшке қарай, үйсiз. Елордадағы осы күннiң бас­ты проблемасы – әртүрлi санаттағы адам­дарды баспанамен қамтамасыз ету. Бiз­дiң әңгiмемiзге, өмiр бойы «инемен құдық қазғандай» күй кешетiн, бiлiм мен ғылым саласындағы мамандардың әлеуметтiк қорғалуы мәселесi түрткi болып отыр. Қызылорда облысынан сайланған сена­тор Мұрат Бахтиярұлының сөзiмен айт­қанда, «бiзде …гуманитарлық ғылым са­ласы мамандарының әлеуметтiк қор­ғалуы назардан тыс қалған. Ал, басқа мем­лекеттерде, айталық, Ресей Феде­рациясында кiтапхана қызметкерлерiнiң әлеуметтiк-тұрмыстық жағдайына дейiн қарастырылған».
Бұл мәселе ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты Дариға Назарбаеваның да на­зарына iлiктi. Ол кезектi мәжiлiс оты­рысында «2009-2011 жылдарға арнал­ған үш жылдық iргелi зерттеулер бағдар­ламасын орындау аяқталғанына және қаржыландырудың жоқтығына байла­ныс­ты бiрқатар ғылыми-зерттеу институ­тының басшылары алдын ала хабарлау арқылы қызметкерлерiмен еңбек келiсiм­шарттарын бұзу туралы бұйрық шығаруға немесе оларды төленбейтiн демалысқа жiберуге мәжбүр болғанын, осылайша, 2012 жылдың қаңтарынан бастап онда­ған ҒЗИ-дың ғылыми қызметкерлерiнiң 80%-ға жуығы жұмыссыздар қатарын толықтырып отырғанын» тiлге тиек еттi. Осы мәселенiң биiк мiнберден көтерiлуi бекер емес, басқаша айтқанда, қазiргi ҒЗИ және оның қызметкерлерiне қатысты шешiмiн таппаған проблемалар жеткiлiктi деген сөз.
Қалай десек те, қоғамдық және мемле­кеттiк сананы қалыптастыруда гумани­тарлық саладағы мамандардың алатын орны ерекше, бiрақ оларға жеткiлiктi көңiл бөлiнбейтiнi де жасырын емес. Үздiксiз шығармашылық iзденiстiң нәтижесiнде тың туындыларды өмiрге әкелетiн ға­лым­дар санаулы. Сондықтан, әрдайым ты­нымсыз ойда жүретiн ғылыми қыз­мет­кер­лерге қолайлы жағдай жасап, әсiресе гума­нитарлық саладағы мамандардың әлеуметтiк қорғалуын қамтамасыз ету мақ­сатында арнайы Заң жобасын қа­былдау –  бүгiнгi күннiң талабынан туын­дайды.
Жоғарыдай айтылғандай, Астана қала­сына бiреу қызмет бабымен, екiншiсi от­басы жағдайымен, үшiншiсi өзiн-өзi шың­дауға, төртiншiсi бизнес жасауға, бесiншiсi балалардың болашағы және т.б. себеп­термен қоныс аударады. Солардың iшiн­де орта жасқа таянған немесе одан жоға­ры, ширек ғасырға жуық немесе одан жо­ғары еңбек өтiлi бар бiлiктi мамандар бар. Олар, көшi-қон қозғалысында, ең ал­дымен баспана проблемасына ұрынатыны айқын.
Елбасының сөзiмен айтқанда, тәуел­сiз­дiк жылдарында «жаңа тұрғын үй бағ­дар­ламасы iске кiрiскенмен», мемлекеттiк қызметке жатпайтын мемлекеттiк мекеме қызметкерлерiне мемлекеттiк қордан бөлiнетiн тұрғын үй кезегiне тұрудың өзi – бүгiнгi күнi қиямет-қайымға айнал­ған­дай. Өйткенi, жұмыс орны мен мекен-жайы­ңыз бойынша, айталық Астана қаласы, Сарыарқа ауданына қарасты Халыққа қызмет көрсету орталығы ар­қы­лы «Тұрғын үй басқармасы» Мемле­кет­тiк мекемесiнiң бастығына өтiнiш бiлдiр­генмен, ХҚКО операторлары алдын ала керi өтiнiш жаздырып, Астанадағы бас­пана туралы арман-қиялыңды сол жерде су сепкендей басып тастайды…
ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты Абай Тасболатовқа жолданған сауал­нама арқылы, бiрқатар тиiстi мекеме­лер­ден жауап хаттар алынды. Өкiнiшке қарай, оның мазмұны бiр сарындас, «жылжы­майтын мүлiктiң жоқтығын растайтын анықтама қағазда келген қалаңызда сiз­дiң атыңызға үй тiркелген, ҚР «Тұрғын үй қатынастары» туралы заңы бойынша 5 жылға дейiн сол үй сiздiң мойныңызда тұрады» дегенге саяды. Баспаналы болу­ға талпыныс жасау барысында, аталған заңның әлi де зерделейтiн қырлары бар-ау деген ойға келдiк.
Жоғарыда аталған ХҚКО өтiнiштi ар­найы қараған комиссияның шешiмi бойын­ша ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 72-бабына сәйкес егер азамат­тың соңғы бес жылдың iшiнде өз тұрғын үй жағдайларын қасақана нашарлатуы сал­дарынан мынадай жолдармен мұқ­таж­ға айналғаны белгiлi болғандықтан, кезекке қоюдан бас тартылады.
Жоғарыда баяндалғандар құжаттар негiзiнде Сiздi мұқтаждылар есебiне қою­ға мүмкiндiк жоқ (Тұрғын үй басқармасы бастығының орынбасары К.Ошағанов)» делiнген.
ҚР-ның  кез келген азаматы бұл заң бойынша көрсетiлген «өз тұрғын үй жағ­дайын нашарлату үшiн «әдейi, қасақана iстелген әрекет» дегенге келiсе қоймас. Егер бұрынғы тұрған қалада тұрғын үйге мұқтаж азаматқа мемлекет қорынан бөлiн­ген баспана тiркелсе, әңгiме бас­қаша болмақ. Мұнда олай болмай тұр. Бұл айғақтар – әртүрлi себептермен мекен-жайын ауыстырып, көшi-қонға тап болған жағдайда баспана проблемасын шешу­дiң оңайға соқпайтынын көрсетедi.
Бiрақ, кез келген көкiрегi ояу, көзi ашық азамат қол қусырып отырмай, мүмкiндiгiне қарай баспаналы болудың басқа жол­дарын қарастырады. Соңғы уақытта БАҚ-да айтылып жүргендей, тұрақты жа­ла­қысы бар азаматқа ең тиiмдiсi – «ТұрғынүйқұрылысЖинақ банкi» АҚ арқылы сатып алу.
Жақында Құрылыс iстерi және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агент­тiгiнiң төрағасы Серiк Нокин мен «Са­мұрық-Қазына» акционерлiк қоғамының басқарма төрағасының орынбасары Қуандық Бишiмбаев Үкiмет мүшелерi алдында жаңа бағдарламаның негiзгi бағыттары жариялағаны белгiлi. Жол­даудағы «Қолжетiмдi баспана – 2020» бағдарламасы 6 бағыт бойынша жүзеге асырылатыны, соның iшiнде тиiмдi бағыты  – жергiлiктi атқарушы органдарының сал­ған үйiн «ТұрғынүйқұрылысЖинақ банкi» АҚ арқылы сату екендiгi, бұл механизмнiң былтырдан жұмыс iстейтiнi айтылып, мұн­дай жүйедегi тұрғын үйге халықтың сұра­нысы көп екенiн бiр жылдық тәжiрибе негiзiнде көрсетедi: «Егер 2011 жылдың басында «ТұрғынүйқұрылысЖинақ банкiнде» тұрғын үй алуға ниет еткен са­лым­шылардың саны 17 мың болса, қазiргi уақытта 86 мыңнан асып отыр екен». Келесi бағыты – кезекте тұрғандар үшiн жалға берiлетiн үй салу. Тағы бiр бағыты – «ТұрғынүйқұрылысЖинақ банкi» арқылы жас отбасылар үшiн сатып алу құқымен жалға берiлетiн тұрғын үй салу. Сол сияқты «Самұрық-Қазына» қоры арқылы салынып жатқан баспаналар ба­ғы­ты бойынша халық баспананы тiкелей сатып ала алады немесе жалға алу арқылы кейiн сатып ала алады».
Тұжырымдасақ, жалпы баспана проб­лемасы – күн тәртiбiнен түспейтiн өткiр мәселе. Туған елiнде панасыз күй кешкен қазақтың тағдыры, жас отбасылары және т.б. әлеуметтiк мәселелер билiк пен халық қалаулыларын толғандырары сөзсiз. Бiрақ, елiмiздiң қазiргi қалыптасу кезеңiнде әрекет ететiн заңдар мен ере­желер болса да, соңғы уақытта бұл мәселе күрделенiп барады.
1995 жылы қабылданған ҚР Консти­туциясы мен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауына сәйкес «Қазақ­станда адами капиталдың сапалы өсуi. Бұл ең алдымен, бiлiм беру мен ден­сау­лық сақтауға» бағытталуы керек. Жалпы, Қазақстандағы халықтың саны көп емес, соңғы мәлiметтер бойынша әлемдегi 7 млрд халықтың 16 млн 698 мыңға жуы­ғын  ғана құрайды. Оның iшiнде қазақтың саны – 10 млн шамасында. Қалай айтсақ та, көршi елдермен салыстырғанда 2724, 9 мың шаршы метрге созылған ұлан-ғайыр жерiмiзде халықтың саны азшы­лықты көрсетедi.
Бүгiнге дейiн елiмiзде гуманитарлық ғылым саласындағы ғылыми қызметкер­лердiң әлеуметтiк қорғалуы туралы арнайы заң жобасы қарастырылмаған; ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңы­ның жекелеген тармақтарын қоғам сұра­нысына сәйкес қайта қарау қажеттiлiгi тағы бар.
Келесi айтпағымыз – қолданыстағы ережелер мен заңдар, үкiметтiк нақты тапсырмалар адамзат мүддесiне, адам капиталын сақтауға сәйкес шешiмiн тап­са, «нұр үстiне нұр». Басқаша айтқанда, аталған заңдардың халыққа пайдалы-пайдасыз тұстарын ашып көрсету меха­низмдерi қарастырылса деген ниетiмiз бар. Әрине, заңның аты заң – оны бұл­жыт­пай орындаушыларды түсiнуге бола­ды. Бiрақ, осы тұста аралық буындар қызметiнiң әлсiздiгi байқалады. Бiздiң ойымызша, азаматтарды баспанамен қам­тамасыз ету үшiн тиiстi мекемелерге сөзiн өткiзiп, қызметкерiн қорғайтын бiрден-бiр мекеме – оның тұрақты жұмыс орны. Ол үшiн мемлекеттiк қызметке жат­пайтын мемлекеттiк мекемелердiң мәр­тебесiн көтеру керек. Сонда ғана сол меке­менiң тiкелей араласуымен ғылыми қызметкердiң әлеуметтiк қорғалуын оң шешуге болады. Себебi, әрбiр мемлекеттiк мекеме қызметкерiнiң әлеуметтiк-тұр­мыс­тық, сондай-ақ кәсiби-шығармашылық әлеуетi өзi жұмыс iстейтiн мемлекеттiк ме­кеме басшылығына ғана белгiлi.
Жыл сайын қолжетiмдi баспана көк­жиегiн көруден үмiттiлер қатарының күрт артуы – баспана мәселесiн оң шешудiң халыққа тиiмдi басқа жолдарын қарас­тыруды қажет етедi.

Күлпаш IЛИЯСОВА,
Мемлекет тарихы институтының жетекшi ғылыми қызметкерi

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 5 =