Мемлекеттік деңгейде шешілу керек

0 164

2011 жылдың 28 қаңтарында Елбасы дауларды шешудің қосымша әдісі ретінде Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» заңына қол қойған болатын. 

Медиация «mediare», латын тілінен аударғанда, делдалдық ету, яғни, тараптарды өзара келістіру тәсілі немесе мәмілегер, бітімгер деген мағына береді. Аталмыш заң жеке және заңи тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар бойынша іс жүргізу барысында қаралатын дауларды шешуге қолданылады. Әйтсе де, ұйымдастыру жұмыстарында мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс мәселелер жетеді.

Әбдіғаппар БЕЛЕ СОВ, «Медиаторлар одағы» қоғамдық бірлестігінің директоры:

– Президент Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің заңнамаларын ізгілендіру, сапасын жетілдіру қажеттігі жөнінде айтты. Құқық қорғау жүйесінің қызметінде екпін ішкі ведомстволық мүддеден азаматтардың құқы мен мемлекеттің мүддесін қорғауға қарай ауыстырылуы тиіс. Осыған орай Елбасының белгілеп берген бағыттарын жүзеге асыру мақсатында қылмыстық заңдарды ізгілендіру мен либерализациялау жөніндегі бірқатар іс-шаралар іске асырылды.

2011 жылдың 18 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру және қылмыстық процестегі заңдылықтың кепілдіктерін күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес Қылмыстық кодекстің 200-ге жуық баптары өзгеріске ұшырады.

Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру үрдісі 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы шеңберінде де қарастырылған. Тұжырымдамаға сәйкес қылмыстық құқықты одан әрі дамыту, бұрынғыдай қылмыстық саясаттың қос векторлығын ескере отырып жүргізілуге тиіс. Ізгілендіру – ең бастысы, алғаш рет ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдарға, сондай-ақ, халықтың әлеуметтік әлсіз топтары – жүкті және асырауында кәмелетке толмаған балалары бар жалғызбасты әйелдерге, кәмелетке толмағандарға, жасы ұлғайған адамдарға қатысты болуға тиіс.

Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» заңының қабылдануы елде жүргізіліп отырған сот жүйесі реформасының бір бөлігі, сот өндірісін ізгілендіру нәтижесі болып табылады.

Мемлекеттің құқықтық саясатының маңызды буыны қылмыстық саясат болып табылады. Мемлекеттің қылмыстық саясаты қылмыстық жазалаудың баламасы мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын енгізуге қылмыстық жауаптылықтан босату, жазасын өтеу, жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату институттарын жетілдіруге бағытталуға тиіс.

Қылмыстық сот ісінің оңтайлы моделі жасалмайынша, мемлекеттің қылмыстық саясаты тиімді болмақ емес. Осылайша, қылмыстық іс жүргізу құқығын жетілдірудің негізгі бағыттары мыналарды қамтуы қажет:

• қылмыстық іс қарауды жеңілдетіп, тиімділігін арттыру, әсіресе, сотқа дейінгі іс жүргізу тәртібін оңайлату;

• қамауға алуға балама бұлтартпау шараларын, оның ішінде кепілдікті қолдануды кеңейтуге жағдай жасау;

• тараптардың келісуіне және келтірілген зиянның өтелуіне негізделген сот төрелігін қалпына келтірудің жаңа институттарын бірте-бірте енгізу.

Егер әкімшілік құқық жайлы сөз қозғайтын болсақ, әкімшілік заңнама, ең алдымен, әкімшілік құқықтық шаралар арқылы қоғамдағы бұзылған құқыларды қалпына келтіру, құқықтық даулардың алдын алуға бағытталуы тиіс. Қазіргі таңда аталған салада көптеген құқық бұзушылықтар ұшырасуда.

Алайда, әкімшілік заңнаманы қолдану жөніндегі тәжірибе көрсеткендей, заңда әлі де жойылмаған кемшіліктер мен қарама-қайшылықтар баршылық.

Мәселен, ҚР ӘҚБК 330-бабы ( Ұсақ бұзақылық), 468-баптың 2-тармағы (Көлiк құралдарын жүргiзушiлердiң жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң белгiленген ережелерiн адамдардың денсаулығына құралдарының немесе өзге де мүлiктiң зақымдануына әкеп соқтыратындай дәрежеде бұзуы) бойынша медиация үрдісін жүргізуге әбден болады. Алайда, қолданыстағы заңда бұл баптарды қолдану мүмкіндігі қарастырылмаған. Тағы сол сияқты мынадай: 79-1,79-3, 79-5, 79-6, 82,86-1, 87, 87-1, 87-4, 90, 91, 92, 93, 97, 111, 112, 136 және т.б. баптарды да атап өтуге болады. Осыған орай, Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 28 қаңтардағы №402-IV «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне медиация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына жоғарыда аталған толықтыруларды енгізу қажет деп санаймыз.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, медиация үрдісін жүзеге асыру механизмін мемлекеттік деңгейде тыңғылықты шешу қажет деп санаймын.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × two =