Мемлекетшіл сана қалыптастыру үшін не істеуіміз керек?

0 145

«Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атады» деген даналар ұлағатымен өмір сүрген халқымыз үшін бүгінгі таңда бабаларымыздың қалдырып кеткен рухани мол мұрасын зерттеу ерекше маңызға ие болып отырғандығын қоғамда орын алған келеңсіздіктерден көруге болады.

Еліміздің тұңғыш Президенті Н.Назар­ба­ев төмендегідей ой біл­діреді: «Біз ел бо­лып шаңыра­ғымызды құрдық, керегемізді кердік, енді ортақ үйіміздің ішін ретке келтірейік». Осы толғамды ойға ала оты­рып, іргемізді қалаудың сапалы кезеңіне өткен­дігімізді сезінесің. Аға буын мен өске­лең ұрпақ арасындағы ұрпақтық сабақтастықтың әлсіреуі, қазақ халқының бүгін­ге дейін сақ­талып келген тарихи-мә­дени құн­дылықтарының тек деклара­тив­ті мазмұннан аса алмауы, жастардың бо­йын­­дағы ертеңгі күнге деген сенімділіктен гөрі, қорқынышпен басқан әр қадамына де­ген ерік-жігерінің төмендеуі, ер-азамат­тың өзінің отбасы, одан басқа қоғам алдын­дағы, мемлекет алдындағы жауап­кер­шілікті түсінудегі қабілет­тілігінің төмен­деуі – осының бәрі­нің зиялы қауымды, қоғамды толғандырмай қоймайтындығы бел­гілі. Елдің ертеңін толғандырған бұл сұ­рақ біз үшін де тағдырлы.

АҚШ-тың беткеұстар тұңғыш мемлекет басшысы Бенджамин Франклиннің «бүгінгі бір күн ертеңгі екі күнге татиды» де­ген сөзі XVIII ғасырдың бейнесін көр­сет­се, ХХІ ғасы­р­да бүгінгі бір күн жеті күнге, мем­ле­кеттің тағдыры үшін онжылдыққа татитын дәреже өлшеміне өтті. Ғалымдар­дың ай­туынша, технологияның дамуы шешім қа­былдауда уақыттың наноөлшемін ту­дырды. Тарих тағды­рында нәрестенің жасынан балғын жастық шағына өткен Қазақ елі үшін әр секундтың, әр күннің қан­ша­лықты маңызды екенін осыдан біле беруге болады. Өзімізді әлемдік өрке­ниет­те түркілік жолды қалдырып кеткен ұлы бабалардың ұрпағы ретінде тани отырып, тіл, дін, ұлттық сана-сезім, діл секілді катализаторлардың негізінде ұлттың ренес­санс­тық ке­зеңге өтуінің, яғни, ұлттық дамудың бел­сенді кезеңіне бастау алуымыздың мемлекеттік дәрежеде төрт бағытта: ұлттық қауіп­сіздік пен мемлекеттік идеология, эконо­микалық қауіпсіздік пен өндірістік алға жылжу, интеллектуалдық өрлеу мен интел­лигентті сана, өркениет­тілік кеңістігінде­гі өзіндік позицияны қалып­тастырғанда ғана еліміздің алдыңғы қатар­ға шығуына іргетас болып қаланатындығы – ақиқат.

Ертеңгі күнді орта мерзімді және ұзақ мерзімді стратегиялық бағытсыз, тактикалық қадамдарсыз елестету мүмкін емес. Еліміздің 1997 жылы қабылдаған «Қазақстан – 2030» даму стратегиясының бірінші жолы халқымыздың «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» деген мақалымен басталған. Тәуелсіз елдігіміздің 20 жылдық кезеңі мем­лекеттіліктің негізгі институттары мен құндылықтарын анық­тауға ар­налған кезең болғандығын көр­дік. Бірақ, мемлекетшіл сананы қалыптастыру­дың алдыңғы уақыттың негізгі құнды­лық­та­рының бірі болуы үшін біз не істеуіміз керек? Осы сұраққа қоғамның әр саласын­да жүрген азаматтардың барлығының белсенді ой-пікірі мен еңбегі керек. Осыны ескере отырып, мен өзіндік пікіріммен жастарға үн қатуымды білдіргім келеді.

Еліміз 2030 жылы Орта Азияның бары­сы боламыз деген мақсатта 2020 жылға дейін маңызды құжаттамалық база бола­тын бірнеше ірі бағдарлама қабыл­да­ды. Бірақ қағазда жазылған қара сияның берекесі тек көз көріп, қол ұстаған кезде ғана нәтижесін берері – бесенеден белгілі нәрсе. Осы тұста аталмыш бағыттың бәрі бір ғана нәрсеге, яғни қуатты мемлекетті құруға арналғанын тілейсің. Бірақ оның атқарылуына қоғамымыздың бүкіл тобының атсалысуымен ғана құжаттың көркейген жерлерге, санасы мен рухы өскен халыққа айналары анық. Ендігі кезек­те орындау­шылардың жауапкерші­лігін арттыру керек­тігін баса айтамын.

Шығыс даналығында «адамға абырой әперетін үш іс бар: құмда қазылған құдық, өзенге салынған көпір, жол жағасына отырғызылған саялы ағаш» деген сөз бар. Қазіргі күннің тілімен айтсақ, таза сумен қам­тамасыз ету, жол және көлік, коммуникациялар инфрақұрылымын дамыту, қалалар өсіру дегенге саяды. Біз бүгін тек елордамыз Астананың дамуымен ғана емес, әр аймақ өсіп-өркендегенде ғана мақтанышқа лайықты болатындығымызды ұмытпауымыз керек. Осының бәрі­не қол жеткізу үшін елге деген махаббат, дамуға деген ниет, мақсатты еңбек керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және халқымыз­дың ардақты азаматтарының еңбегі ертеңгі күнгі жастарға негіз болғанның өзінде, жастар әлеуеті елге, мемлекет­ке деген махаббатына ұш­таспайынша, берері мар­дым­сыз болары анық. Осы тұста жастарға, өскелең ұрпаққа, аға буын өкіл­де­ріне «ісің – сөзіңнің қорғаны, ал сөзің ісің­нің дә­ле­лі болсын» деген ойды айтамын.

Өмір – әділетті құрылым, үндес­тікпен келіскен ағза тәріздес. Әр қадамың, әр үнің, әр сөзің, әр уақытың, әр ісің үшін тек өзің ғана жауап берумен қатар, үмітің­нің ақталуына ұрпақ алдында жауаптысың. Соны ұмытпау шарт. Ке­шегі күнге тек тарих арқылы бабала­рымызды жауап­ты десек, бүгінге – біз, ертеңгі күнге сен жауап­тысың, өске­лең ұрпақ! Тек бұл күн­нің нәрлісін – ұрпақ­тың уысында, қа­сиет­тісін – ұрпақтың жүре­гінде, берекелісін ұ­р­пақ­тың қолын­да қалдыру – бізге парыз.

Қорытындылай келе, еліміздің сапалы дамуы өткенді саралау, бүгінге инвести­ция салу, ертеңге сенімді келешек қалдыру­мен анықталады. Құлан жортса, тұяғы тоза­тын, қыран ұшса, қанаты талатын ата-ба­ба­мыздан қалған ұлан-ғайыр ұлы дала­ға, дархан кеңістікке қалқан болар ұрпақ тәр­биелеу – бабалар аманатының орында­лып, келер ұрпақтың алдындағы мойны­мыз­дағы ауыр жүктің жеңілдеуімен пара-­пар.

Бұл даланы жұмыр жердің бетінде,
Алла берген қазағымның ниетіне.
Ата жауым кеткен талай тентіреп,
Жете алмастан шегі менен шетіне.

Сол даланы ардақ тұту – арманым,
Арманыма өмірімді арнадым.
Бабаларым ұрпағының бағы үшін,
Қанын шашып, сүтпен сызған
аумағын.

Соны ойласам, жүрегімді өрт алар,
Бұл далаға қай құдірет жете алар?!
Отаныма көзі түскен жау болса,
Сүйегімді аттап қана өте алар.

Ту көтеріп намыс атын, ар атын,
Ар мен намыс – менің екі қанатым.
Мені саған жүрексіз деп кім айтты,
Сүйегінен аттаттыра салатын?!

Аттатпаған ақ білектің күшімен,
Тот баспаған ақ найзаның ұшымен,
Асқақтаған өр рухты мысымен,
Сақтап қалған қыран қабақ сұсымен.

Ұлы далам, ұлы бабам, ұлығым,
Ұрпағына дән ғып сепкен ұрығын.
Ту ғып ұстар Тәуелсіздік тұғырын,
Азат елдің Қазақ деген ұлымын!

Бақытбек СМАҒҰЛ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,
Ауғанстан соғысы ұйымдарының «ҚАЗАҚСТАН АРДАГЕРЛЕРІ»
қауымдастығының төрағасы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 + 17 =