МЕМЛЕКЕТ – МӘДЕНИЕТІМЕН МӘРТЕБЕЛІ

0 230

театр

Жуырда Ұлттық академиялық кітапханада еліміздегі мәдени саясат тұжырымдамасы жобасын қоғамдық талдау аясында «Қазақстан Республикасының мәдени саясатының негізгі ұстанымдары мен тетіктері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Еліміздің зиялы қауым өкілдері, мәдени мекемелердің басшылары мен мамандары қатысқан алқалы жиынды Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры, профессор Үмітхан Мұналбаева жүргізді.

«Бұл – өте маңызды, көптен күткен құжат. «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында Мемлекет басшысы қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдениетті ментальдігін қалыптастыруға және заманауи мәдениет кластерін дамытуға бағытталған мәдени саясаттың ұзақ мерзімді тұжырымдамасын әзірлеу және бекіту туралы нақты міндет қойды. Осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін Тұжырымдама туралы Елбасы Жарлығының жобасы Президент әкімшілігіне енгізілетін болады. Сала дамуының ұзақ мерзімді тұжырымдамасы тәуелсіз Қазақ­станның тарихында тұңғыш рет әзір­леніп отырғанын ерекше атап өт­кім келеді. Біз әлемдік тәжірибені толыққанды зерттедік, барлық бас­қару моделін қарастырдық. Әрбір елдің мәдени саясатының алдында мемлекеттік қолдау және мықты идеология тұрады. Мысалы, дамыған елдерде мәдениет саласын қаржыландыру орта есеппен алғанда ЖІӨ-нің 1,2 пайызын құрайды, ал Қазақстанда 0,2 пайыздан төмен» деді Мәдениет вице-министрі Асқар Бөрібаев. Сондай-ақ, оның айтуынша, 2050 жылға дейін жұмыс жасайтын құжатқа қосымша түзетулер мен толықтырулар енгізуге әлі де мүмкіндік бар, ал мәдени саясаттың негізгі бағыттарын жүзеге асыру мерзімі үш кезеңге жіктелген.
Тұжырымдама жобасына қатысты белгілі жазушы Дулат Исабеков қазақ мәдениеті әрдайым ұлттық бояуымен биік болатынын ескертті. «Мен әлі концепциямен толық таныс емеспін. Дегенмен, мемлекеттің мәдениетсіз өмір сүре алмайтынын кеш болса да ұғынғанымызға шүкіршілік етейік. Біз әлемдік деңгейге ұмтыла отырып, олардың көшірмесіне айналмауымыз керек. Айталық, Италияны оларға еліктеу арқылы ешқашан да таңғалдыра алмаймыз. Біз ұлттық мәдениетті ұмытпауымыз керек. Әсіресе, театр мәселесін айтпасқа амал жоқ. Театр тұжырымдамаға ғана емес, жұмыс жоспарына енуі керек. Мәселен, облыстық театрдың актеры 25 мың теңге жалақы алғанда, біз одан қандай шеберлік талап етеміз?! Шын мәнінде, бүгінде баспанасы жоқ актер қалай шығармашылығын шыңдамақ?! Мәдени саясат тұжы­рым­дамасын жасаған өте жақсы. Алайда, театрлардың материалдық-техникалық мүмкіндіктерін қосып жасамай, мәдениет өз бетінше қайыршы күйінде дами алмайды. Ең бастысы, ұлттық жағын ұмытпаған жөн. Ұлттық кино, ұлттық театр, ұлт­тық мәдениет дегенді көп айтамыз, бірақ әлі толық тұжырымдамасын аңғара алмай келеміз. Өзіміздің ұлты­мыздың деңгейін әлі анық ажырата алмай жүрміз» деді жазушы.

Актер, Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов тұжырымдаманың туындауы қазақ елінің өркениетке көш түзегенінің белгісі деп түйгенін жеткізді. «Осы тұжырымдаманың талқылауына өз басым бесінші рет қатысып отырмын. Бесеуінде бес түрлі ұсынысымды жеткізгенмін. Тіпті, басқа да тармақтарында біз айт­қан мәселелер қамтылатын тәрізді. Концепцияның болғаны, біріншіден, біздің еліміздің өркениеттілігін көр­сетеді. Есті елдердің бәрінде де «мәдени саясат» деген үлкен жалау­лары бар. Барлық мәселе сол сая­сатпен жасалуында. Біз – қазір етек-жеңін жинаған елміз. Экономикамыз тұрақталды. Енді мәдениетімізді түзеуі­міз керек. Жалпы, көп құбылыс тұжы­рымдаманың астарында жатыр. Тұжырымдама негізінде тағы да тарам-тарам құжат дайындалады деген үмітіміз бар. Ең бастысы, осы мәсе­лелерді заң жүзінде түйіндеп алсақ, тағы да құр сөз қалпында қалмас.

2015 жылдан бастап Қазақстан Парламенті «Театр және кино туралы» Заңды қабылдау қажет деп жатыр. Заң қабылданса, көптеген мәселелердің түйіні тарқатылар. Сон­дықтан концепцияны қолдаймын. Өз салама оралсам, тұжырымдамада кино жайында бес-алты тармақ жүр екен. Құжат қабылданса да, театр жайында айта беремін. Дулат ағамыз айтқандай, аймақтарда театрлардың сырт қалғаны рас. Бүкіл облыстық театрларды, өнер саласы бойынша барлық жоғары және орта оқу орындарын Мәдениет министрлігінің қарамағына өткізу мәселесі көтеріліп жатыр. Мұның бәрі тұжырымдамада келтірілген. Соған қарағанда, Мәдениет министрлігінің ауқымы мен күші кеңейетін болар» деді Т.Жаманқұлов..

СҮБЕЛІ СӨЗ

Дулат Исабеков

Дулат Исабеков, жазушы:

Кеңес өкіметін аңсап отырғаным жоқ, бірақ сол кезеңде театрлардың бәрі Мәдениет министрлігіне қарайтын. Қазір театрларымыз жергілікті билікке бағынып кетті. Міне, кеше ғана сөйлессем, көптеген театрлар спектакльді 3-4 айда бір рет шығарамыз деп отыр. Өйткені, театрларда күнде жиын. Соның салдарынан екі айда шығатын спектакльді төрт айда әзер шығарады. Содан кейін бүгінгі театрдың көркемдік жетекшілері – той өткізіп жүрген асабалар. Көркемдік жетекшіні министрлік бекітуі керек. Сол кезде ғана театр нағыз театр болады.

Өз кезегінде жазушы-сценарист Дидар Амантай мәдени журналис­тиканы қалыптастыру идеясын алға тартты: «Концепцияда бүгінгі мә­дени ситуацияның жағдаяты туралы анализ жасалған. Бүгінде мәдениет электронды мәдениетке айналды. Қазіргі таңда интернеттік, яғни виртуальді БАҚ-сыз мәдениет өмір сүре алмайды. Тек кітаптар ғана емес, музыкалық композициялар да интернетте кеңінен көрініс алған. Компьютерлік технологиялардың қарқын алуына қарай, бүгінгі күні әрбір адам – өзінше режиссер, өзінше жазушы. Сондықтан, бұл әдебиеттің мазмұнына, музыканың сипатына өз ықпалын тигізеді. Мұның жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Бір артықшылығы, көптеген жұ­мыстарды жеңілдетеді. Кем­шін тұсы, компьютерлік технология иллюзияны көбейтеді. Салдарынан екінің бірі композитор болып кетті. Әуенсіз әндер көбейді. Сонымен қатар, мақалаларға, түрлі киноларға байланысты да мәселелер же­терлік. Әрине, мұны реттеп отыруға тұжырымдама керек. Тұжырымдама жалаң теорияға құрылмаған, озық елдердің мәдениеті мен тәжірибелерін талдай отырып, бізге ұсыныстар береді. Мәдениетті біз жай ғана мәдениет емес, ұлттық идео­логиямыздың бір елшісі деп тануы­мыз қажет. Өйткені, ел мен елді елдестіретін – ең алдымен, мәдениет. Тұжырымдамаға көз салсақ, мұражай, кітапхана салаларында маман тапшылығы ескертілген. Оған менің қосар ойым, журналистика факультеттерінде, өнер, мәдениет саласы бойынша терең талдап мақала жазуға қалыптастыратын жеке кафедралар құрылуы қажет. Осылай, мәдениет тақырыбын жазатын журналист жеке маман ретінде оқытылса, мемлекеттік тілдегі мәдени бағыттағы мақалалардың деңгейі өсе түсер еді. Бірде бір телеарнаның есебін оқыған едім. Есепке зер салсақ, бір бағдар­ла­маға 100 адам қатысқан, соның 67-сі әншілер екен. Сонда суретшілер қайда, мәдениет­танушылар қайда, жазушылар қайда? Қазір оқу мәдениеті төмендеп кетті. Қазіргі жастар кітап оқымайды, тек қажетті ақпаратын үстіртін қарап шығады. Осыған байланысты кітап оқуға тартатын іс-шаралар көптеп ұйымдастырылуы керек. Қысқасы, кітап культін қайта жандандыруымыз қажет. Себебі, кітап, көркем әдебиет – кез келген өнердің түп негізі» деді қаламгер.
Жиын барысында басқа да қаты­сушылар ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Ғалия БӨКЕЙҚЫЗЫ,
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы бас директорының орынбасары

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 − five =