МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ АСТАНА ҚАЛАСЫ АКТИВІМЕН КЕЗДЕСУ БАРЫСЫНДАҒЫ МӘЛІМДЕМЕСІ

0 94

Встреча с активом

– Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы бүгінде азаматтарымызды тамсандыратын және дүние жүзінен келетін қонақтарды таңдандыратын үлкен жетістіктерге жетті. Қазақстанды барлық өзге мемлекеттер құрметтейтін болды, бұл әсіресе менің Брюссель мен Миланға сапарларымда айрықша сезілді. Біздің ЕО-мен Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық  туралы келісім жобасы бойынша, сондай-ақ Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі аясында ЕО-мен екіжақты келіссөздерді аяқтау туралы құжатқа қол қою дерегі бүкіл Еуропалық одақ тарапынан біздің елімізге деген зор сенімді білдіреді, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­станның Миланда өткен «Азия-Еуропа» Форумының салиқалы саммитіне шақырылған Орталық Азия елдерінің ішіндегі жалғыз мемлекет болғанын да атап өтті.

– Мен көптеген елдердің көш­басшыларымен кездестім. Олар Қазақстанды экономиканы дамытуымен, әлеуметтік жағдайдың орнықтылығымен, халықтың көңіл-күйімен, тыныштық және тұрақтылығымен үлгі көрсететін мемлекет ретінде қабылдайды, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бүгінде көптеген елдер әлемдік эконо­ми­кадағы қиындықтарға байланыс­ты үлкен сын-қатерлерге кезігіп отырғанына тоқталды.

– Тұрақсыздықтың ушығуына Украинадағы ахуал мен Ресей және Еуропа елдері арасындағы өзара санкциялар да  ықпал етуде. Ресей – біздің стратегиялық серіктесіміз, тығыз байланыс орнатқан жақын көршіміз. Егер Ресей экономикасындағы ахуал нашарлайтын болса, ол жанама түрде бізге де әсер етеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті аталған үрдістердің алдын үшін қажетті мүмкіндіктің бәрі бар екенін және Үкімет тиісті жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.

– Үкімет биылғы жылдың бюджетін қайта қарау жөнінде ұсыныс енгізді, өйткені мұнай мен металдың, сондай-ақ Қазақстан экспортының өзге де өнімдеріне бағаның төмендеуі түсімдердің азаюына әкеледі. Бұл ретте барлық еңбекақылар, әлеуметтік төлемдер қазіргі деңгейінде қамтамасыз етілуі тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев ауқымды инфрақұрылымдық даму бағ­дар­ламасы жарияланатынын мәлімдеді.

– Бізге елордасынан елдің бар­лық өңіріне қарай сапалы автомобиль жолдарын көптеп салу қажет. Құрылыс жұмыс орындары мен кәсіпорындар тапсы­рысын қамтамасыз етеді, ел экономикасының көлемін кеміт­пеуге мүмкіндік береді. Үкімет осы мәселемен айналысып жатыр, оны жүзеге асыруға Астана да атсалысуы тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы әлеуметтік тұрақтылық пен барлық азамат­тардың теңдігі еліміздің мызғымас ұстанымдары болып қала беретініне тоқталып өтті.

– Кейбір қайраткерлер бәрінің атын ауыстыруға, көшелер мен мекемелердің атауын бір тілде жазуға бейім. Мұны тоқтатқан жөн. Тағы да қайталағым келеді: патриоттығыңды оның қажет емес кездерінде көрсетуге ұмтылудың керегі жоқ. Конституцияда тілдер мен этностарға қатысты барлық нормалар нақты көрсетілген. Бұл – біздің артықшылығымыз, біздің көпұлтты тұрақты мемлекет ретіндегі брендіміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті ешкім ешқандай жағдайда кемсітушілік сезінбеуі тиіс екендігін айтты.

 – Егер бір адам жәбір көрсе, онда бүкіл Қазақстан жапа шегеді. Бір философтан «бақытты адам кім?» деп сұрағанда, ол: «Бақытты адамдардың арасында өмір сүретін адам бақытты» деп жауап беріпті. Егер айналамыздағылардың бәрі бақытты болса, біз де бақытты боламыз. Егер бір немесе бір топ адамдар бақытсыз болса, онда осы бақытсыздық басқаларға да тарайды. Баршаның есінде болуын қалаймын: тұрақтылығымыз бен бір-бірімізге деген құрметті сақтау – біздің дамуымыздың негізгі қағидаты, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­станның тәуелсіздігі тұрақты ұғым болып саналатынына, ал оны сақтау әрбір азаматтың қасиетті борышы екендігіне назар аударды.

– Кезінде америкалық үндістердің көпшілігі түрлі басқыншылар  арқылы өз жерлерінен қуылды немесе жойылды. Тегі үндіс бір кинорежиссерге «байлық  бақыт болып санала ма?» деп сұрақ қойылады. Бұған ол: «Өзімде және өзгелерде бар  бүкіл байлықты мен хал­қымның бір күндік тәуелсіздігіне берер едім» деп жауап қатыпты. Сондықтан біздің баршамызға тәуелсіздігімізді бағалаған жөн, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев келесі жы­лы еліміз қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын мерекелейтінін айтты.

– Керей мен Жәнібек 1465 жы­лы алғашқы хандықты құрды, қазақ­тың мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады. Бәлкім ол бү­гінгі шекарасындағы, бүкіл әлемге осынша танымал әрі беделді, осы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет болмаған да шығар. Бірақ бұлай деп сол кезеңдегі басқа да барлық мемлекеттер туралы да айтуға болады. Ең маңыздысы, сол кезде оған негіз қаланды, біз – бабаларымыздың ұлы істерінің жалғастырушыларымыз. Бүгінде біздің еліміз барлық таяу мемлекеттермен көпғасырлық достық және тату көршілестік дәстүрлерін сақтап отыр. Осы қарым-қатынасты әрдайым сақтағанымыз жөн, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы елордалық билік иелері алдында тұрған басымдығы бар міндеттерді белгілеп берді.

– Астананы әсем, жайлы және қолайлы ете түсу үшін жұмысты жалғастыру керек. Қазіргі басты міндет – «ЭКСПО-2017» халық­аралық көрмесін ұйым­дастыру, оны өткізу елорданы өзгертеді. Мүлде жаңа мәдениет және ғылым орталығы пайда болады. Халық­тың демалысына, сауда-саттыққа, ғылыми зерттеулер жүргізуге арналған жаңа алаңдар бой көтереді. Ауқымды құрылыс 2016 жылы аяқталуға тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Астанада өзге де маңызды нысандар құрылысы жүріп жатқанына, олардың қатарында «Абу-Даби Плаза» көпфункционалдық кешені, бірқатар жаңа мейманханалар, спорт кешендері, денсаулық сақтау мекемелері, ботаника бағы, жаңа теміржол вокзалы, автобус көлігінің жедел жүйесі бар екеніне назар аудартты.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев
Астана елдің өзге қалалары үшін үлгі болып саналатындықтан оған айрықша жауапкершілік жүктелетінін атап өтті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − nineteen =