Мемлекет басшысы Президенттік жастар кадр резерві мүшелерімен кездесті

0 23

Қасым-Жомарт Тоқаев «Ақорда» резиденциясында Президенттік жастар кадр резервінің мүшелерімен кездесу өткізді. Кездесуге резервке енген 300 адам шақырылды. Мемлекет басшысы Тәуелсіздік жылдарында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен елімізде мемлекеттік басқарудың жүйесі қалыптасқанын айтты. Бұл жүйе талай қиын кезеңдерде өзінің тиімділігін бірнеше рет дәлелдегенін атап өтті. СЫН-ҚАТЕРЛЕР ЕСКЕРІЛУІ КЕРЕК

Мемлекет басшысы іс-шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Президенттік кадр резервін құру туралы бастама өзінің сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бағыттардың бірі болғанын атап өтті.
– Сіздердің әрқайсысыңыз жоғары кәсіби біліктіліктеріңізді көрсетіп, мемлекет игілігі үшін адал қызмет етуге ниетті екендеріңізді дәлелдедіңіздер. Сондықтан сіздермен кездесіп, еліміздегі өзекті мәселелер бойынша пікірлеріңізді тыңдап, кадр резервіне енген азаматтардың алдында тұрған міндеттер жөнінде өз ойымды білдіру үшін баршаңызды «Ақордаға» арнайы шақырып отырмын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті қазіргі заманғы сын-қатерлерді ескере отырып, мемлекеттік аппарат жұмысына жаңа әдістерді енгізу қажет деп санайды.
– Барлық жаңалықтың ортақ мақсаты – халыққа жақын болу. Шын мәнінде, біз мемлекет қызметінің сервистік моделі жайында әңгіме қозғап отырмыз. Қазақстанға қоғамның талап-тілегіне дұрыс, тиімді және әділетті жауап беретін мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқаруды реформалау жа­йында айта келіп, биылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің саны біртіндеп қысқаратынын, үнемделген қаражат тиімді жұмыс істейтін қызметкерлерді материалдық тұрғыдан ынталандыруға жұмсалатынын атап өтті.
– Қазақстан халқына арналған Жолдауда айтқанымдай, 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметшілердің, сонымен қатар ұлттық компаниялар қызметкерлерінің санын 25 пайызға қысқарту көзделіп отыр. Әрине, бұл біржақты жасалмайды, олардың атқаратын қызметін қайта қарап, яғни, мемлекеттік органдардың қызметіне жатпайтын міндеттерді аутсорсинг пен азаматтық қоғам өкілдеріне жүктей отырып қысқартамыз, – деді Қазақстан Президенті.

ШЕНЕУНІКТЕР ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛУЫ ҚАЖЕТ

Мемлекет басшысы өз баяндамасында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізгі үш қағидатына, атап айтқанда, ашықтық, инклюзивтілік және азаматтардың сұраныстарына жедел жауап беру мәселелеріне ерекше назар аударды.
– Қазақстан азаматтары шенеу­ніктерді қоғамға қатысты барлық шешімдерді билік дәліздерінде қабылдайтын қандай да бір таңдаулы топ ретінде қарамауы керек. Шенеуніктер қолжетімді болуы қажет. Мемлекеттік қызметші халықтың ортасында халық үшін жұмыс істейтін халықтың бір бөлігі деуден еш жалықпаймын! – деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Президенттік кадр резервінің әрбір мүшесінен елді дамытуға тың серпін беретін жаңа идея мен нәтижелі жұмыс күтетінін жеткізді.
– Алдағы уақытта сіздерді мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға жауапты қызметке жібереміз. Қазірдің өзінде резервке өткен елу бес азамат жаңа қызметке тағайындалды, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев биыл резервтегі 100 адамды жауапты қызметке тағайындауды, алдағы жылдарда кадрлық резервтің әлеуетін толық пайдалануды жоспарлап отырғанын айтты.
Қазақстан Президенті елімізде жүргізілетін ауқымды трансформациялар нақты салалардағы, өңірлердегі, қалалар мен ауылдардағы кішкентай өзгерістерден басталатынын атап өтіп, жастарды атқаратын қызметіне қарамай мемлекетті жаңғырту процесіне өз үлестерін қосуға шақырды.

ЖАСТАР ЖАҢА ТАРИХИ КЕЗЕҢГЕ ДАЙЫН БОЛУҒА ТИІС

– Бүгінгі жас буынның, оның ішінде сіздер де билікке келетін уақыт алыс емес. Сіздер мемлекетті басқару тізгінін алуға дайын болып, тиісті білім мен білікті меңгерулеріңіз қажет. Жастарымыз ел дамуының жаңа тарихи кезеңіне дайын болуы керек. Білім мен білік менмендіктен биік тұруы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін еліміздің барлық жастарына арнай отырып, жаңару үдерісі өзінің ішкі саясаттағы басым бағыттарының бірі екенін айтты.
– Кадр резервін жасақтау жұ­мыс­тары мұнымен тоқтап қалмайды, жалғаса береді. Оның қатарына ынталы және лайықты жастар кіреді, – деді Президент.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы кадр резервіне кірген жастардың өздеріне жүктелген міндеттерді лайықты атқаратынына сенімді екенін тағы да қайталап айтты.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды