Мектептің Майрасы

0 81

Ұстаздар әулетінде туып, ұстаз атанбау мүмкін бе? Майра Елюбаева ғұмырының қырық жылын ұстаздық жолға арнаған. Мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, бар білімі мен күш-жігерін ұрпақ қамына жұмсаған ұлағатты ұстаз. Бүгінде елордамыздағы №5 «Ақбота» балабақшасының әдіскері «Нұр-Сұлтан қаласының құрметті педагогі» атанып отыр. Майра Ғадылқанқызы таулары аспанмен таласқан, адамдары аңқылдаған, қазаны оттан түспейтін, күйбең тірлігі бітпейтін шығыстың шырайлы өлкесі Катон-Қарағай ауданында дүниеге келген. Бой түзеп өскен анасы да, алдындағы апалары да ұстаздық жолда еңбек етті. «Оқушы күнімде сабақ берген мұғалімдеріме қарап қызығатынмын. Солардай болуды армандадым. Мектептегі шараларға белсене атсалысып, көптеген үйірмелерге қатыстым» деп есіне алды балалық шағын.
Майра Елюбаевамен сөйлесіп отырып, балажан аппақ көңіліне таңданбау мүмкін емес. Шәкірті десе ішкен асын жерге қоятын нағыз жанашыр тәлімгер. «Алғашқы еңбек жолымды мектептен бастадым. 25 жылдан астам уақыт орыс тілі мен әдебиетінен сабақ бердім. Кеңес заманында стандартты емес сабақ беру бойынша үлкен фестиваль өтіп, облыстан жас маман ретінде ең алғашқы ашық сабағымды өткіздім. Ол кезде жаспын, қорқу, жүрексіну деген мүлдем жоқ. Кейіннен бір жұма өткізген сабағымды жоғары оқу орындарындағы студенттерге әдістеме ретінде пайдаланды. Өз балаларым өсіп, бас қаламызға оқуға барамыз дегенде, жалғыз жіберуге қорқып отбасымызбен осында қоныс аудардық. Сабақ берген мектебім мен шәкірттерімді қимай қоштастым. Осында келгеннен кейін мектептерден сағат саны жетпеген соң уақытша деп балабақшаға орналастым. Көзді ашып- жұмғанша 15 жыл өте шығыпты. Бала қай жақта болса да бала емес пе? Маған кішкентай бүлдіршіндермен жұмыс істеу тіптен ерекше әсер етті. Өмірге баланың көзімен қараймын. Кейде соларға қарап отырып шаршағанымды ұмытып кетемін» деді ұстаз.
Майра Ғадылқанқызы – отбасында үш бала тәрбиелеп, төрт немере көріп отырған аяулы ана. Кіші қызы анасының жолын қуып, ұстаздық жолда жүр.
«Отбасым менің – үлкен қолдау­шым, рухани тірегім. Осы уақытқа дейін балаларым мен келіндерімнің ешқайсысы «үйде отырыңыз, үй шаруасымен айналысыңыз» деп айтқан емес. Керісінше, менің әрбір жетістігіме қуанып, қолдарынан келгенше көмектесуге тырысады» деді Майра Елюбаева.
Кейіпкеріміздің ұстаздық жолды таңдағандағы басты ұстанымы – балаларды жақсы көру. Әр баланың ішкі жан дүниесін ашуға тырысу. Көңіл құлпында ненің жасырынғанын тауып, демеу болу.
«Педагог ретінде әділ болуға тырысамын. Бала ешқашан әділетсіздіктің құрбаны болмауы керек. Өйткені оның әлемі де, жаны да – нәзік жаратылыс. Қасықтай қатыгездік танытсаң, бала сенен алыстап кетеді. Мен алдымдағы баланың отбасылық жағдайына да, бұзықтығына да қарамаймын. Әрбір баланың бақытты болуға, білімді болуға құқығы бар. Сондықтан мен үшін балаға тұлға ретінде қарау маңызды» деді ұстаз.
«Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады» депті ұлы педагог Константин Ушинский. Майра Елюбаева да іздену мен оқудан еш жалыққан емес. Біз сұхбаттасқан уақытта ұстаз өзі сұранып кәсіби біліктілік көтеру курсында онлайн оқып жатыр екен. Көп білемін демейді. Күнделікті жаңа білім алып, кәсіби даму педагогтың өмір салтына айналып кеткен.
«Ұзақ жылдар бойы жинаған тәжірибемнің қорытындысы ретінде «Мектепке дейінгі мекемеде step by step технологиясы бойынша ата-аналармен жұмысты ұйымдас­тыру» атты әдістемелік нұсқаулық жаздым. Баланың жан-жақты дамуына көмектесетін бағдарламаның бірі де бірегейі «step by step» бағдарламасы, қазақша «тәй-тәй» деп те айтып жүрміз. Америкалық жүйеде үш қауымдастық, ұстаз-бала-ата-ана бірлесе жұмыс атқарады. Осы бағдарлама бойынша соңғы жылдары ата-аналардың ойын күрт өзгерттік. Олар тек тыңдаушы ретінде сырттан қарап отырмай, оқу процесіне қоса атсалысты» деді Майра Ғадылқанқызы.
Майра Елюбаеваның ұстаздық жолдағы абыройлы еңбегі мемлекет тарапынан да тиісті деңгейде бағаланып келеді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің, халықаралық «step by step» қорының, қалалық Білім басқармасының, «Әділет» кәсіп­одағының, Нұр-Отан партиясының, Сарыарқа ауданының әкімдігінің және қала әкімдерінің алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарымен жыл сайын марапатталып жүр.
Мұғалім мамандығы – сырттай қарапайым болғанымен, тарихтағы ең ұлы істің бірі. Майра Елюбаева­ – ұрпақ санасына сәуле құйып жүрген ұлағатты ұстаз ғана емес, кемел тұлға.

Көктем ҚАРҚЫН

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 + 15 =