Мектептерге ноутбуктер берілді

0 37

Кеше елордалық білім, цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармаларының өкілдері, сондай-ақ «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлері Нұр-Сұлтан мектептеріне 5 400 ноутбук пен құлаққап тапсырды.

«Бүгін біз елордадағы мектептерге қашықтан оқыту үшін 5 400 ноутбук пен дәл сондай көлемде құлаққап тапсырғалы отырмыз. Барлық техника жергілікті бюджет есебінен сатып алынды. Ноутбуктер мен құлаққаптар мұқтаж оқушыларға беріледі. Қыркүйек айында біз Нұр-Сұлтан қаласының мұғалімдері мен оқушыларына 22 600 роутерді тараттық. Бұдан басқа, тамақтануға жұмсалатын қаражатты үнемдеу есебінен біз мектептерге 2 600 моноблок сатып алып, тараттық» деп түсіндірді Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының стратегия, талдау және цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Дінмұхамед Хасенов. Оның айтуынша, елордалық Білім басқармасы қазан айының ортасына дейін қосымша 26 мыңнан астам ноутбук сатып алуды жоспарлап отыр.
«Қазіргі уақытта біз 8 мың ноутбук сатып алдық, қосымша 26 472 ноутбук сатып аламыз. Жалпы, қазан айының ортасына дейін мектептерге 34 мыңнан аса ноутбук табыстаймыз» деді бөлім басшысы.
Айта кетейік, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар мен мұғалімдерге берілген барлық техника уақытша пайдалануға беріледі.
«Біз ноутбуктерді уақытша пайдалануға береміз. Пандемия аяқталып, мектептер штаттық режимге көшкен кезде, ата-аналар мен мұғалімдер барлық техниканы кері қайтаруы керек. Бұл ноут­буктер алдағы уақытта мектептерде пайдаланылатын болады» деп атап өтті Білім басқармасының өкілі.
Сондай-ақ ол техника оқушылардың кінәсінен істен шыққан жағдайда ата-аналар келтірілген залалды өтеуі тиіс екенін атап өтті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − fifteen =