Мектептердің қаңтарылған құрылысы жанданды

0 8

Елордада жеңілдікпен берілетін қолжетімді тұрғын үйлер мен мектептер сынды әлеу­меттік нысандардың құрылысына басым бағыт беріледі. Кеше қаланы аралау кезінде сондай нысандар қатарына жататын бірқатар мектептердің құрылыс барысымен танысқан қала әкімі Алтай Көлгінов өзінің Instagram парақшасында осылай жазды.Әкімнің айтуынша, Сарыарқа ауданындағы Оқжетпес және Ш.Бөкеев көшелерінің қиылысында орналасқан мектеп құрылысы ұзаққа созылды. Оның құрылысы 2017 жылы басталған еді. «Құрылысты қалпына келтіру үшін жобалық-сметалық құжаттамаға түзету енгізілді, қаржы бөлінді. Осылайша мектептің құрылысы қайта басталды. Аталған мектеп екі ауысымда 2400 оқушыны оқытуға мүмкіндік береді. Сөйтіп аудан тұрғындарының қажеттілігі қанағаттандырылады» деді әкім.
Мемлекет басшысы барған №23 орта мектеп аумағында да бес қабатты мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оқу орны Байқоңыр ауданындағы Өндіріс елді мекенінде орналасқан.
«Биыл өткен жылдармен салыс­тырғанда көбірек мектеп саламыз. Үлкен 16 мектеп салынбақ. Олар биыл 40 мыңнан астам оқушыны қабылдауға мүмкіндік береді. Былтырмен салыстырғанда оқушы орындарының саны 2 еседен, ал 2019 жылмен салыстырғанда 4 еседен көп ұлғаяды» деп толық­тырды сөзін әкім.
Алдағы уақытта кешенді жоспар аясында 5 жылда 50-ге жуық мемлекеттік мектеп салу жоспарланып отыр. Мектептер құрылысына жеке инвестициялар да тартылады. Бүгінде инвестициялық кеңестерде 30-дан астам жекеменшік оқу орындарының құрылысы қолдау тапты. Қала әкімдігі үш ауысымды оқыту және тығыздалған режимі бар мектептер санын азайту үшін де жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen + seven =