Мектептер енді шақталып салынады

0 16

Елордада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 33 жоба жүзеге асырылады. Қазіргі таңда бұл жобалар жоспарлаудың және іске асырудың әртүрлі сатысында тұр. Жалпы алғанда 2017-2020 жылдары осының шеңберінде 12 келісімшарт жасалды. Соған сәйкес 37,7 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылып, 6 келісімшарт бойынша мемлекеттік міндеттемелер қабылданды. Соның ішінде алты балабақшаның құрылысы, фото-бейнебақылау кешені, әкімдікке көлік қызметін көрсету және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған паралимпиада орталығы сияқты жобалар бар. Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының кезекті сессиясына қатысқан қала әкімінің орынбасары Малика Бектұрова осыны мәлімдеп, аталмыш жобалармен таныстырды.

ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЖЕТТІГІ ЕСКЕРІЛДІ
– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытудың жол картасы жобаларды жоспарлауда сапаны арттыруға бағытталады. Атап айтқанда, жобалар халықтың қажеттіліктерін ескере отырып, жұмыстар, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасының деңгейін көтеруге бағытталуы тиіс. Жобаларды іске асыру, инфрақұрылымды ұстау, құрылыс пен жаңғырту жұмыстары шығыстарды оңтайландыру есебінен жүргізіліп, бюджет қаражатын үнемдеуді қамтамасыз етуі керек. Жобаның экономикалық тиімділігін есептеу кезінде түскен кірістер есебінен шығындарды өтеудің тетіктері жасалуы қажет, – деді М.Бектұрова.
Оның айтуынша, өткен жылы жобалардың бюджеттік тиімділігін арттыру шеңберінде мемлекеттік міндеттемелерсіз төрт келісімшартқа қол қойылды. Соның ішіндегі үшеуі денсаулық сақтау саласына, біреуі білімге қатысты болды. Атап айтқанда, стационарлық және стационарды алмастыратын 44 төсек-орынға арналған көпбейінді аурухана, эференттік терапия және гемокоррекциялық орталық, отбасылық денсаулық орталығы құрылысы жүргізіліп, гуманитарлық колледж сенімді басқаруға берілді.
– Биыл экология саласында мемлекеттік міндеттемелерді қабылдауды көздейтін келісімшарт жасалды. Жоба аясында тұрмыстық қалдықтарды кешенді өңдеу бойынша халықаралық стандарттарға жауап беретін өндіріс салынады. Жалпы инвестиция көлемі – 2,9 миллиард теңге. Қазір жоспарлаудың әртүрлі сатыларында 18 жоба қарастырылып жатыр. Олар білім, денсаулық сақтау, спорт, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларында жүзеге асырылады, – деді қала әкімінің орынбасары.

АТ СПОРТЫ КЕШЕНІ БОЙ КӨТЕРЕДІ
Соның ішінде білім саласында 12 жоба пысықталып жатыр. Атап айтқанда, әрқайсысы 2 мың орындық 10 мектептің құрылысы, бес мектеп пен 10 мектеп алаңын сенімді басқаруға беру бар. Соның басты шарты – инвестор өз қаражатына жаңа мектептер салуы керек.
– Мектептердің тығыздығын азайту және білім берудің сапасын арттыру мақсатында осы жылы жан басына қаржыландыру тетіктері қаралып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңа үлгі бойынша 10 мектеп құрылысына қатысты келісімшарт жасау жоспарланып жатыр. Бұл мектептерде орындар тапшылығын 40 мыңға қысқартуға мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау саласында екі жоба пысықталуда. Олар бойынша келісімшартты жыл соңына дейін жасау жоспарланды. Бұл – Кенесары көшесі, 52 мекенжайындағы стационарды алмастыратын ­амбулаториялық-хирургиялық орталық пен Бараев көшесі бойындағы амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін отбасылық денсаулық орталығы, – деді ­М.Бектұрова.
Спорт саласы бойынша да екі жоба жүзеге асырылады. Оның алғашқысы «Қазақстан» спорт кешенін жаңғырту болса, екіншісі, ат спорты кешенінің құрылысы. Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында құдықтар ашық қалмауы үшін датчиктерді орнату жобасы пысықталып жатыр. Бұл жоба құдық қақпақтарының ұрлануын алдын алып, халықтың қауіпсіздігін сақтауға бағытталған. Сондай-ақ жақында 360 орынға арналған балабақша пайдалануға беріледі.

БАЛАБАҚША ҚҰРЫЛЫСЫ КӨҢІЛ КӨНШІТПЕЙДІ
Таяуда ғана қалалық мәслихат депутаттары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып жатқан нысандарды аралап, осы балабақша құрылысымен де танысты. Сол кезде бірқатар кемшіліктер анықталды. Сессия­ға төрағалық еткен мәслихат депутаты Саят Батпенов осы олқылықтарға назар аударды.
– №29 және №36 көшелерінің бойындағы 360 орынға арналған балабақша төбесінің биіктігі сәйкес келмейді. Тым төмен салынған. Терезелері де кішкентай. Сол себептен күн сәулесі аз түседі. Желдету жүйесі де жоқ. Балдырғандарды оқытуға арналған бөлмелер де стандарттарға сай емес. Осы орайда Білім басқармасы мәселені реттеуі тиіс. Ескі мектептерді сүріп, орнына жаңа мектептерді салу қаншалықты тиімді болады? Ескісінің де, жаңасының да сыйымдылығы бірдей екен. Егер ескілері сүрілсе, жаңа мектептер салынғанша оқушылар қайда оқиды? – деді С.Батпенов.
Қалалық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Мәжит Шайдаров балабақша құрылысындағы кемшіліктерді болдырмау керектігін атап өтті. Нысанның екінші қабатында техникалық бөлмелер орналасқан. Бұл бөлмелер үйірмелерге бейімделмек екен. Депутаттың пікірінше, онда балаларға тар болады. Мұның үстіне санитарлық жағдайы сәйкес келмейді.
– Балабақша инвесторымен сөйлескенімде, оның мемлекеттік тапсырыс алмай, таза жекеменшік нысан ашуды жоспарлап отырғанын түсіндім. Бұл қалай болады? – деді М.Шайдаров.
Бұл мәселеге жауап берген қала әкімінің орынбасары Малика ­Бектұрова келісімшартқа сәйкес балабақшаға кем дегенде балалардың 30 пайызы мемлекеттік тапсырыс арқылы қабылдануы керектігін айтты.
– Мемлекеттік тапсырыс балабақша ақысын реттеу үшін керек. Егер инвестор нысанды толығымен жекеменшік етсе, онда ағымдағы шығындарды есепке алғанда, төлемақы айына 100 мың теңгеден басталатын болады. Ал мемлекет шығындарды өтеп беріп отыр. Осындай қадамға қалада балабақша тапшылығын жою үшін барып отырмыз. Келісімшартта бәрі анық көрсетілген, – деді ­­­ М. Бектұрова.

ЖАҢА ҮЛГІ, ЖАҢА ОҚУ ОРЫНДАРЫ
Қалалық мәслихат депутаты Мирас Шекенов мектептер құрылысы мәселесін көтерді. Оның пікірінше, жаңа мектептер салынуымен оқушылардың жағдайы жақсарады. Бірақ ескі және жаңа мектептердің сыйымдылығы бірдей болғандықтан, орта білім беру орындары тапшылығы жойылмайды. Ол ескі мектептерді сүрмей, оларға жапсаржай салу мәселесін қарау­ды ұсынды.
– Ескі екі мектепті сүріп, орнына жаңа мектептерді салу туралы нақты шешім әлі шыққан жоқ. Бірақ мынаны атап өтуім керек: бұрын мектептер 600 оқушыға шақтап салынатын. Қазір стандарт 1200 оқушыға жетті. Ал жаңадан салынайын деп жатқан 10 мектеп 2 мың оқушыға арналатын болады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтеретін бұл нысандарды қазір инвесторлармен талқылап жатырмыз. Жаңа оқу орындары №85, 13, 57, 86, 53, 40, 41 мектептердің тығыздығын азайту үшін салынады. Қазір аталған мектептер бойынша мәселе өзекті болып отыр. Яғни, жаңа жалпы білім беру орындары бос кеңістіктерде емес, нақты мектептер керек аумақтарға салынады, – деді бұл мәселе бойынша М.Бектұрова.

БЕЙБІТ ЖИНАЛЫСТАР МЕН ШЕРУДІ ҚАЙДА
ӨТКІЗУГЕ БОЛАДЫ?
Сессия барысында елордада бейбіт жиналыс пен шеру өткізу орындары бекітілді. Қалалық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Сәбитқызының айтуынша, жиналысқа үш орын, шеруге бір орын белгіленді. Жиналыстарды Ш.Құдайбердіұлы мен А.Пушкин көшелері қиылысындағы шағын бақта, «Астаналық» цирк алдындағы алаңда, Жеңіс-Абай даңғылдары – ­Т.Бигелдинов-Желтоқсан көшелері аумағында өткізуге болады. Алдындағы екі орынның әрқайсысына 1 мыңға дейін, ал үшіншісіне 500 адамға дейін жинала алады. Бұл аумақтарда автотұрақтар, жарықтандыру бар, «Сергек» бейнекамералары орнатылған. Ал шеруге «Жазушылар» аллеясынан, Абай даңғылы – Ә.Сембинов көшесінен бастап, Ш.Құдайбердіұлы – А.Пушкин көшелеріндегі шағын баққа дейін орын берілген. Аумақтың жалпы ұзындығы – 2055 метр. Оған да шамамен алғанда 1 мың адамға дейін қатыса алады.

ӘРТҮРЛІ НЫСАНДАРҒА АРНАЛАДЫ
Мемлекет мұқтаждығы үшін жер телімдерін сатып алу жобасымен Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Асылбек Есенбаев таныс­тырды. Оның айтуынша, әртүрлі құрылыс жұмыстарына 580 млн теңге сомасына жалпы ауданы 3,3 гектарды құрайтын 10 нысан бойынша 53 жер телімін сатып алу көзделген. Бұл учаскелер С 89 көшесіндегі 600-800 орынға арналған көпсалалы аурухана құрылысына, Тұран даңғылы және №24 көше қиылысында мектепті салуға, Мыңжылдық аллеясында саябақтар мен желекжолдарға, Қ.Сәтбаев – Ж.Нәжімеденов көшелері аумағында мектепке, Т.Жүргенов – А.Байтұрсынұлы – Ж.Нәжімеденов – №23-16 көшелеріндегі паркингі және әлеу­меттік-мәдени нысандары бар көппәтерлі тұрғын үй кешені құрылысына, Қарасай батыр және Бұланты көшелері қиылысындағы мектепке, А.Пушкин көшесінен Конституция көшесі аралығында шағын айналма жолын салуға, Ш.Құдайбердіұлы 2/1,2/2 мекенжайында паркингі бар көппәтерлі тұрғын үй кешеніне арналады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 − four =