Мектептегі мұражай

0 42

Төл тарихымыздың ақтаңдарын аршып алып, лайықты бағасын беруге тәу етер тәуелсіздігімізге қол жеткізгеннен кейін ғана мүмкіндік туғанын баса айтуымыз керек. Соның арқасында талай жыл ұлықтай алмаған тұлғалардың болмыс-бейнесі ұрпақ санасында жаңғырып, биіктей түсті. Соның бірі – түркі тілдес халықтарға кеңінен танымал саяси қайраткер Мұстафа Шоқай.

WhatsApp Image 2021-12-27 at 10.40.42 (1)

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай  Еуразия жүрегінде қоныс тепкен Нұр-Сұлтан қаласындағы №51 мектеп-­гимназиясына Мұстафа Шоқайдың есімі берілуінің астарында тарихи сабақтастық жатыр. Айтулы оқиғаға орай аталған білім ордасында тұлғаның тарихи танымын насихаттайтын атаулы мұражай ашылуы – осы бір өнегелі істің лайықты жалғасындай болды.

Мұражайға М.Шоқайдың тәуелсіздік жолында жүргізген саяси күресінің тарихын баян ететін деректер мен құнды мұралар қойылғанын айта кеткен жөн. Мұражайдың ашылу салтанатына Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаттары Жұлдыз Сүлейменова, Қазыбек Иса, Халықаралық түркі академиясы президенті, шоқайтанушы Дархан Қыдырәлі, Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп, қоғам қайраткері, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір қатысты.

Иә, бұл кезекті іс-шаралардың бірі ғана емес, тарихты жаңғыртып, жас ұрпақтың танымын арттырып, тағылым берген күн болды. Мұражайдың ашылуында білім ордасының басшысы Данара Джумартова осыны атап өтті.

Салтанатты шара «Ұлты үшін туған ұлы тұлға – Мұстафа» атты танымдық кешке ұласты. Онда М.Шоқайдың өмір жолынан көрініс беретін қойылым сахналанып, жары Мария Горинаның монологы оқылды. Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса мен Мұстафа Шоқайдың ұрпақтары сөз сөйледі. Сондай-ақ айтулы күні меценат «Арландар» футбол клубының негізін қалаушы, «Түркия түлегі» қоғамдық бірлестігінің құрушысы Фазылбек Мустанов білім ордасының дарынды, әрі талантты оқушыларына Мұстафа Шоқай атындағы стипендия мен футбол клубының құрамында тегін жаттығу үшін арнайы сертификаттарды салтанатты түрде табыстады.

Шара соңында халық ардақтысы М.Шоқай есімінің берілуіне байланысты шығарылған білім ордасының жаңа гимні шырқалды.

Бағдагүл РАХМЕТҚЫЗЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 + ten =