©2020 Астана Ақшамы
Мектептегі экологиялық мәдениет
Қазір қала мектептерінде «Eco-Challenge» байқауы кеңінен аталып өтуде. Берері мол шара оқушылардың экологиялық санасын түбегейлі өзгертуді көздейді.
Мәселен, №73 мектепте «Экологиялық қозғалыс» акциясына тек қана оқушылар емес, ата-аналар да белсенді қатысуда. Мектепте 10 тонна қағаз қалдығы жиналып, республика бойынша 2-орынды иеленген. Ал ата-аналар 4 тонна тұрмыстық техника жинап, қоқысты бөліп жинаудың үлгісін көрсетіп келеді. Мұғалімдер болса, барлық пәндер бойынша экологиялық тақырыпты қамтитын жиынтық бағалау құралдарын жасады.
«Мектебімізде STEM зертханасы бар. Бізге арнайы зертханасы ашып бергені үшін мектеп басшылығы мен ата-аналарға алғысымыз шексіз. Себебі сол STEM зертхана мектебіміздің инновациялық технопаркіне айналды. Біз экологиялық қауіпсіздік мәселесіне инженерлік шешімдер ұсындық» дейді «Мектептегі энергияны үнемдеу» жобасының авторы, мектеп оқушысы Жақсен Серікұлы. Оның айтуынша, биыл мектепте энергияны үнемдеу жобасы әзірленген. Олар қуат көздерін тұтыну бойынша есеп жүргізіп қана қоймай, қозғалыс датчиктерінің және бақылаушы бағдарлама көмегімен энергияны үнемдеудің тиімді алгоритмін құрған. Жақын арада аталған технологияны мектепке енгізуді жоспарлап отыр. Тіпті, басқа оқу орындары да бұл технологияны қолданады деп үміттенеді.
«Адамдардың денсаулығы – бұл ең алдымен экологиялық дұрыс тамақтану. Сондықтан биыл осы бағытта ғылыми-зерттеу және конструкторлық жұмыстар жүргізе бастадым. Осылайша, инновациялық смарт жылыжай дүниеге келді. Аталмыш жобаға бүкіл әлем бойынша белсенді енгізіліп жатқан соңғы технологияларды қолдандым. Болашақта өз жобам аясында тұрғындарды жыл бойы балғын көкөністермен қамтамасыз еткім келеді» дейді «Ақылды жылыжай» жобасының жетекшісі Арыстанбек Тілеуғалиев.
Мектеп оқушыларының сөзіне сүйенсек, «Целлофаннан бас тарту» жобасын ата-аналармен бірге қолға алған. Оқушылар кәдімгі целлофан қалтаны қолданыстан ығыстыру үшін зығырдан эко-қалта тігіп, оның 520 данасын ата-аналарға сатқан. Қазіргі уақытта аталмыш эко-қалтаға жан-жақтан тапсырыс түсіп жатыр екен. Жақында ғана өткен республикалық «Климаттық қобдиша» байқауына арнап арнайы 150 дана қалта тігіпті.
Міне, экологиялық тұрғыдан сауатты өмір сүру қиын емес екенін қаршадай оқушылар дәлелдеп келеді. Қаламызда жастардың экологиялық мәдениетінің қалыптасып келе жатқаны бізді де қуантады.