Мектепке оралар мезгіл жақын

0 77

Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова көптің көкейінде жүрген мектеп оқушыларының аралас форматта қалай оқитынын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Естеріңізде болса, өткен аптада карантин талаптарының жеңілдеуіне байланысты 1 наурыздан бастап мектепке барып оқуға рұқсат етілген еді.

Вице-министр Facebook-тегі парақшасында 1 наурыздан бастап Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қау­лысына сәйкес, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы мен тұрақтануына байланысты, жалпы білім беретін мектептердің 1-5 сынып және халықаралық мектептердің 1-7 сынып білім алушыларын аралас форматта оқытуға рұқсат етілгенін жазды.
«Өңірлердегі санитарлық-­эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, қай оқу пәндерінің штаттық немесе қашықтан оқыту форматтарында жүргізілуін және оқу сағаттарының санын анықтау­ды мектептер дербес шешеді. Бұл ретте мектептер осы оқу жылында қолданыстағы жұмыс оқу жоспарларын басшылыққа алады. Сонымен қатар, Білім және ғылым министрлігі «Көркем еңбек» және «Музыка» пәндерін 1-5 сыныптарда қашықтан асинхронды форматта қалдыруды, қалған пәндерді штаттық форматқа көшіруді ұсынады. Тек ерекше жағдайларда, ауыр­ғанда немесе науқастармен қарым-қатынас жағдайларында ата-аналардың өтініші бойынша балаларды қашықтан оқытуға рұқсат етіледі» деді Шолпан Каринова.
Оның айтуынша, мұғалімдер мен оқушылар санитарлық-эпидемиология талаптарын қатаң сақтауы тиіс. «Мектеп басшылары балалардың қауіпсіздігін және денсаулығын сақтау үшін барлық жағдайларды қамтамасыз етеді. Білім алушылар мен педагогтар жеке гигиена ережелерін және санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтайды. Ата-аналар тарапынан балалардың жеке гигиенаны сақтауы және әлеуметтік қашықтықты сақтау қажеттігін түсіндіру өте маңызды. 1-5 сыныптардың барлық оқушыларын мектепке қайтару бастауыш мектеп деңгейінде базалық білімнің, қажетті дағдылар мен құзыреттердің қалыптасуымен байланысты болып отыр. Олар үшін әлеуметтену және қарым-қатынас процестерінің жалғасуы, оқыту кезінде ұжымдық өзара қарым-қатынастың қолжетімді болуы маңызды. Сондықтан бірінші кезекте осы сыныптар бойынша шешім қабылданды» деп жазды Білім және ғылым вице-министрі.
Вице-министрдің айтуынша оқушыларға міндетті мектеп формасын кимей-ақ, еркін, ұқыпты және жинақы киім киіп келсе болады. Ата-аналарға мектеп формасын сатып алудың қажеті жоқ. Осылайша, жылға созылған қашықтан оқу, карантин шектеулерінің жеңілдеуіне қарай өзгерістерге ұшырай береді. Ал балалардың толыққанды қашан мектеп партасына оралатыны әлі де белгісіз.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen + 9 =