МЕКТЕП ЖӘРМЕҢКЕСІ ЖАҚЫНДАДЫ

0 145

Елордада «Мектепке жол» республикалық акциясы биыл бесінші рет өткізілуде.

Шараның мақсаты – көпбалалы отбасыдан шыққан оқушыларға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған жеткіншектерге және әлеуметтік жағдайына байланысты жаңа оқу жылына дайындала алмаған балаларға жәрдем беру. Айта кетерлігі, осы акция шеңберінде 25-26 тамыз аралығында мектеп жәрмеңкесі басталады. Бұл туралы Астана қаласының Білім басқармасы Әлеуметтік жетімдіктің алдын алу бөлімінің бастығы Ләззат Орынбасарова айтып берді.

– Алдымен «Мектепке жол» акциясы бары­сына тоқталып кетсеңіз…

– Айтулы шара 1 тамызда басталған еді. Мақсаты – оқуға қамтылмаған оқушыларды анықтау, мектепке дайын емес шәкірттерге көмек қолын созу, әлеуметтік жағдайы төмен отбасына жәрдемдесу. Бүгінде шараның жоспары бекітіліп, мақсаты мен міндеті айқындалды.

– Жаңа оқу жылына дайындығы жоқ оқушыларды анықтау қалай жүргізілуде?

– Мектеп мұғалімдері әр үйді аралап, балалардың оқу жылына дайындығын тексеруде. Шараға Білім басқармасынан бөлек Астана қалалық балалардың құқықтарын қорғау және Астана қаласының Ішкі істер департаментінің қызметкерлері де жұмылдырылды. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың саны алынып, балаларына көмек беру басталып кетті. Бір қуанарлығы, биыл оқушыларға көмек беруде мемлекеттік органдар тыс қалмады. Осы уақытқа дейін жеке кәсіпкерлер демеушілік танытса, биыл 17 мемлекеттік орган жәрдемдесуге ниет білдірді. Жылда көмек қолын созатын «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы 500 баланы қамтамасыз етуді мойнына алды. Жеке кәсіпкерлер, мәслихат депутаттары да акцияға қолдау білдіріп, көмек қолын созуда. Осылайша, жәрдемге мұқтаж жандардың мәселесі көптің көмегімен шешілуде.

– Биылғы Мектеп жәрмеңкесінің ерекшелігі неде?

– Жәрмеңке барысында 30 сауда орны ұйымдастырылып, оларда кеңсе заттары, мектеп киімдері, кітаптар және оқу жылына қажетті көптеген өзге де заттар сатылатын бо­лады. Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, олардың бағасы қолжетімді, әрі көтерме бағамен сатылады деп күтілуде.

– Әңгімеңізге рахмет!

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − fifteen =