Мектеп те, емхана да салынады

0 13

Кеше Есіл ауданының әкімі Берік Жәкеновтің биылғы халыққа есеп беру кездесулері «Пригородный» тұрғын алабынан басталды. Кездесуді қала әкімінің орынбасары Ермек Қизатов ашып, мұндай есептердің мақсат-міндетін түсіндіріп өтті. Жиынға қалалық мәслихат депутаты Мирас Шекенов қатысты. Өткен жылы Есіл ауданы әкімдігінде «Open Akimat» – ашық әкімдік алаңы ашылды. Халыққа әртүрлі әлеуметтік қолдау мен көмек көрсету мақсатында жұмысын бастаған бұл алаң өз тиімділігін көрсетті. Төрт айдың ішінде орталыққа 18 мың қала тұрғыны, соның ішінде 3 мың есілдік азамат жүгініп, өз мәселелеріне жауап алған. Алдымен осыны атап өткен аудан басшысы көрсетілген көмек түрлеріне тоқталып, әкімдіктің басты мақсаттарының бірі көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету екенін айтты.
– Былтыр Есіл ауданы әкімдігінен 470 көпбалалы отбасы көмек сұрады. Олардың бәрін біз тізімге енгіздік. Nur Otan партиясының аудандық филиалы мен шағын және орта бизнес өкілдерінің қолдауымен 368 отбасыға азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек және көмір алып бердік. «Мектепке жол» акциясы аясында 241 бала мектепке қажет құралдармен қамтылды. Ауданымызда 50-ден астам отбасының балалары ақысыз негізде қосымша сабақтарға қатысады және ыстық тамақпен қамтылған. Бұған қоса, 30-дан астам отбасыға қатты отын жағынан көмек көрсетілді, – деді Б. Жәкенов.
Мәселелерді шешуге iKomek109 қызметінің септігі көп тиіп жатқанын айтқан аудан әкімі күніне бұл қызметке 100-ден аса өтініш келіп түсетінін атап өтті. «Мен өзім әлеуметтік желілерде отырамын. Ғаламтор арқылы түскен өтініштердің бәрін бақылауда ұстаймын. Мүмкіндігімізге қарай оларды уақытылы шешуге тырысамыз» деген әкім білім саласындағы оң өзгерістерге тоқталды.
Былтыр №88 орта мектеп ашылып, бұған қосымша 500 орынға арналған жапсарлас ғимарат салынды. «Бұл мектеп кеңес заманындағы стандарт бойынша 660 орынға шақталған болатын. Жапсарлас ғимарат оқу орнын кеңейту үшін бой көтерді. Мұнда Оқушылар сарайының филиалы да ашылды» деді аудан басшысы.
Аудандағы жеті мектепте оқушылар шамадан тыс көп. 1200 орынға шақталған орта білім беру орындарында 2500-3000 оқушы оқып жатыр. №59 мектепте, тіпті 4200 оқушы бар. «Осы мәселені шешу үшін үлкен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Келесі жылы төрт мектепті іске қосамыз. Бұрын автокөлік колледжі болып жоспарланған ғимаратты 600 орындық мектепке айналдырамыз» деді Б.Жәкенов.
Денсаулық сақтау саласына тоқталған әкім қазіргі кезде ауданда 19 медициналық нысан жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Емханаларға тіркелген адамдар саны да тым көп екенін айтқан ол, соның ішінде «Ильинка» тұрғын алабындағы емханаға 22 мың адам тіркелгенін айтты. «Инвесторларды тарту арқылы бұл мәселені де шешіп жатырмыз. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі осыны шешуге бізге септеседі деп ойлаймын» деді әкім.
Ауданды қардан тазарту жұмыстары 11 аймаққа бөлінгенін айтқан аудан басшысы «Үркер», Пригородный», «Заречный» және «Тельман» тұрғын алаптарынан да қар шығару үздіксіз жүргізіліп жатқанын, бұл жұмыстарға 22 мердігерлік ұйым тартылғанын, соның ішінде механикаландырған тазартудың 87 пайызымен «Астана Тазалық» ЖШС айналысып отырғанын жеткізді. Күніне бұл жұмыстарға 550-ден астам арнаулы техника мен 750-ден аса жол жұмыскері шығып, тәулік бойы жұмыс істейтін атап өтті.
Сұрақ-жауап кезегі келгенде «Пригородный» тұрғындары тұрғын алапқа ыстық су тарту, жарықтандыру, Арнасай 105 және 106 мекенжайындағы үйлерді жөндеу, басқа да мәселелерді көтерді. Аудан әкімі барлық мәселені рет-ретімен шешуге уәде берді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды