«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мектеп мәселесі – әкім назарында

0 282

Астана әкімі Әсет Исекешев бұрын-соңды жеке ғимараты болмаған мектептерге ғимарат бөлу туралы шешім қабылдады.

Соңғы 7 жылда елордада орта білім беру ордаларында оқитындар саны 2 есеге өсіп, оқушылардың саны 143 мыңнан асып жығылды. Жыл сайынғы көші-қон мен туу есебінен балалардың өсімі орташа есеппен 15-18 мыңға жетті.
Осы ретте әкімдік қала инф­рақұрылымының қарқынды дамып жатқанын есепке ала отырып, мектептерге түсетін жүктемені азайту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарып жатыр.

Мәселен, биылдың өзінде 7 мыңға шақталған 6 мектеп пайдалануға беріледі. Алда тағы 24 мектеп пен мектептерге жапсарлас 10 ғимараттың құрылысы жоспарланған.

Жаңа оқу жылы қарсаңында «Ашық әкімдік» жобасы қағидасын іске асыра отырып, қала басшысы мектептерге ғимараттарды бөлу мен оларға түсетін жүктемені төмендетуге қатыс­ты проблеманы көтерген ата-­аналар тобымен кездесіп, шешімі табылмай келген мәселенің анық-қанығын сұрады.
Осыдан 10 жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаевтың өзі ашқан №60 мектеп-лицейдің жүктемесіне қатысты мәселе алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. Мектептің көрсеткіші өте жоғары, алайда ондағы негізгі түйткіл – ауысымның көптігі. Өткен жылы бұл мектепте 3558 адам оқыса, биыл оқуға 300 бала құжат тапсырыпты. Бұл мұнымен шектелмейді.
Әкімнің қатысуымен өткен кездесу барысында Күмісбеков көшесі мен Абай даңғылының қиылысында орналасқан жаңа мектептің ғимаратына қатысты Білім басқармасының шешімі қайта қаралды. Енді 1200 орынға лайықталған оқу орны №60 мектеп-лицейге тиесілі болмақ. Осылайша, елордада №60 мектептің ғана емес, сол ауданда орналасқан №1 және №35 мектептердің жүктемесін төмендетуге септігін тигізіп, бірнеше ғимаратты біріктіретін алғашқы мектеп кластері құрылмақ. Шешім шығаруда аталмыш мектептің қаладағы үздік мектептердің ондығына кіретіні ескерілді. Ата-аналардың көбі балаларын осы мектепке беруге тырысады. Бұған қоса, №60 мектепте білім беретін біліктілігі жоғары мұғалімдер құрамын жаңа кәсіпқойлар толтырмақ. Бұл өз кезегінде мұғалімдердің жүктемесін біркелкі жоспарлауға мүмкіндік береді.
Білім күні қарсаңында дарынды қыздарға арналған «Білім-инновация» лицейінің оқушыларына да жағымды жаңалық жеткізді. Оқу орнының ашылғанына 15 жыл болса да, оған жеке ғимарат бөлінбеген еді. Ата-­аналардың арызына құлақ асқан әкім 188-көшеде жақында ғана бой көтерген мектепті дарынды қыздарға арналған «Білім-инновация» лицейіне беруді ұйғарды. Алдағы уақытта лицей 5-сыныптан бастап оқыту үшін қосымша балалар жинайды. Бұл өз кезегінде болашақта жүктемені азайтуға көмектеседі.
«Білім-инновация» лицейінің оқушылары қалалық, республикалық, халықаралық пән олимпиадаларында жүлделі орындарды иеленіп келеді. Бұл білім ордасына оқуға түсу үшін өткізілетін конкурстың жоғары екендігін көрсетеді. Дәлірек айт­қанда, бір орынға 20 адамнан келеді.
Сонымен қатар, қала басшысы орынбасары Қосман Айтмұхаметовке мектепті кірме жолмен қамтамасыз ету, 187-көшеде жол құрылысы жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Мектепке апаратын бұл жолдар балаларға мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің аулаларына кіруге мүмкіндік береді. Білім ошақтарының ауласын абаттандыру жұмыстары 25 тамызға дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Қазіргі кезде жаңа мектептің учаскесінде екі мердігер ұйым жұмыс істеп жатыр. Жолдарды төсеп, кіреберіс жолдар салынуда. Аумақты абаттандыру жұмыстары 20 тамызға дейін аяқталмақ.
Кездесу соңында Әсет Исекешев Білім басқармасына Сарыарқа ауданы әкімдігімен бірлесіп, шешімді тез арада жүзеге асыруды тапсырды. Сондай-ақ, мектепке ғимаратты бөлуде тұрғындардың пікірін ескеріп, қауіпсіздік мәселесіне жіті назар аударып, мектептердегі жүктемені азайтуды нұсқады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды