МЕКТЕП. МАҚАЛА. БІР ҒАСЫР БҰРЫН

0 384

Л.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЖУР­НА­­ЛИС­ТИКА ЖӘНЕ САЯСАТТАНУ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ҰЙЫТҚЫ БОЛУЫМЕН АЛАШОРДА ҮКІМЕТІНІҢ 100 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ АЯСЫНДА ІС-ШАРА ӨТТІ. НАҚТЫРАҚ АЙТСАҚ, БИЫЛ «ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІНІҢ 1917 ЖЫЛҒЫ 11 МАУСЫМДАҒЫ №233 САНЫНДА ЖАРИЯЛАНҒАН «БОС­ТАН­ДЫҚ МЕКТЕБІ» АТТЫ МАҚАЛАНЫҢ ЖАРЫҚ КӨРІП, ӘРІ СОНДА АЙТЫЛҒАН ОҚУ ОРДАСЫНЫҢ АШЫЛҒАНЫНА 100 ЖЫЛ ТОЛЫП ОТЫР.

Жарияланғанына ғасыр толған мақаланың авторы – Әлмұхаммед Оспанұлы. Өз заманының көзі ашық азаматы. Ауыл молдасынан сауатын ашқан. Торғайдағы 4 кластық орыс қолөнер мектебінде оқыған. Оны тәмамдағаннан кейін 1911 жылы Троицк қаласындағы Зейнолла ишан салдырған «Расулия» медресесінде білім алады. Сонда жүріп Мұхамеджан Сералинмен жақын араласады. Сералин ашқан «Айқап» журналына шығармалары шығып тұрады.
Әлмұхаммед атамыздың барлық саналы өмірі асыл дінімізбен егіз өрілген. 1925 жылы дуанда діни жиын болып, сонда жергілікті жұрт Оспанұлын бірауыздан мұхтасиф етіп сайлайды. Сол кезде ол кісі Торғай даласындағы 54 мешітке басшылық жасайды. 54 мешіт! Тіпті бір ауылда екі мешіттен болған. Ол кезде киелі орын – мешіт мектептің де рөлін атқарған. Кейін сол мешітте сауатын ашқандар арасынан аты елге танылған қаншама тұлғалар шықты. Кеңес өкіметі кезінде діни қайраткер көп қуғын көрді. Заман түзелгеннен соң ғана туындылары жарыққа шықты. Бірнеше жинақтары басылды.
Бүгінде жүз жыл толып отырған «Бостандық» мек­тебінің іргесі қазіргі Қостанай облысы, Жанкелдин ауданы, Шилі ауылында бой көтерді. Оған Әлмұхаммед атаның бастамасын қолдаған ауыл адамдары атсалысты. Оқу ордасының ашылғаны жайында Әлекеңнің «Қазақ» газетінде мақаласы жарық көрді. Онда мектептің өмірі мен соны салуға қатысқан азаматтардың есімі аталады. 1920 жылы Орынбордағы ағарту бөлімі мешітті қазақ тіліндегі бас­тауыш мектепке айналдырып, осында үш айлық курс ұйымдастырып, Торғай уезі бойынша «Бос­тандық» мектебінен 75 адам мұғалімдік куәлік алып шы­ғады. Көрнекті тұл­­ға сол курс­та Ахмет Бай­тұрсынұлының емлесін алғашқылардың бірі болып қолданып, сабақ береді. 1923 жылы Ақтөбе қаласында ашылған мұғалімдер курсында білімін одан әрі же­тілдіріп, «Бостандық» мек­тебінің меңгерушісі болып тағайындалады.
Бүгінде аталған білім орны көрнекті ақын Қайнекей Жармағамбетов есімімен аталады. Асыл азаматтың өзі де осында оқыған. Кейін одан талай тарландар түлеп ұшты. Әйгілі ақын Әбіқайдың баласы, әңгімешіл, шежіреші, бір өзі бір театр болған Ахметқан ақсақал, Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббат» романының бас кейіпкерлері – мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Мұқанов, белгілі ақын Серікбай Оспанов, журналист Анар Төлеуханқызы секілді танымал тұлғалар қанаттанды.
Жиынды аталған оқу орда­сының Журналис­тика және саясаттану факультетінің деканы, белгілі ғалым Қайрат Сақ «Аққа құйған астай» жи­нақы жүргізіп отырды. Әлмұхаммед атаның баласы Сұлташ Оспанов әкесі туралы байыпты баяндама жасады. Бостандық мектебінің тарихына тоқталды. Бұрын көпке белгісіз деректерді баяндады. Ғалым Серік Негимов Алаш арыстары жайындағы өз ойымен бөлісті. Қарымды қаламгер Серікбай Оспанов, журналист Анар Төлеуханқызы өздері білім алған оқу ордасының өткені жайында парасатты ой өрбітті. Серікбай ағамыздың 1975 жылы таспаға жазып алған мектептің алғашқы тү­лектерінің естеліктері тың­далды. Бүгінде сол ақса­қалдардың бәрі де өмірден өткен. Арқалық қаласындағы Әлмұхаммед Оспанұлы атын­дағы мешіттің наиб имамы діни қайраткердің өмір жолынан сөз сабақтады. Сонау Шиліден ат терлетіп келген Қайнекей Жармағамбетов атындағы орта мектептің директоры Сабыржан Түбекбайұлы қазіргі білім ұясының жетістіктері жайында баяндама жасады. Бір өкініштісі, кезінде жүздеген шәкірт оқыған мектепте 58 оқушы білім алады екен. Арқалықтан келген жас ғалым Батырлан Сағынтаев ақынның шығармашылық қырларына тоқталды. Архивте шаң басып қалған деректерді сөйлетті. Текті әулеттің үлкені болып отырған Кәрімжан Бекболатұлы ақсақал көзі көрген ағасы жайында ғибратты естелік айтты. «Мен ағамды жақсы білемін. Қолында өстім. Көркем мінезді адам болатын. Ондай сыпайы кісілер сирек. Ағамыз көп қиыншылық көрді. Бірақ ешқашан мойыған емес. 40 жылға сотталды. 4 жыл ғана тар қапаста отырды. Әділдік іздеп, Сталинге дейін хат жазып, құтылып жүрді. Өте білімдар болды. Орысшаға да жүйрік еді. Заманның беталысын алдын ала біліп отыратын. Ауылда жатып, Мәскеудегі «Правда» газетін жаздырып оқитын» деп өткен күндерден сыр толғады. Танымал журналист, ғалым Жетпісбай Бекболатұлы да тұлғалар тағылымы туралы әңгімеледі. Абзал Алпысов, Тоба Өтепбаев секілді өнерпаздар ақынның нақыл жырларын төгілтіп орындады.
Қысқасы, қазақ журналисти­касының тарихында алғаш өтіп отырған айтулы шара кейінгі жас ұрпаққа танымдық ой түйер өнегеге толы болды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × four =