Мектеп бітіру – қымбат қуаныш

немесе жеткіншек өмірдің жаңа белесін ысырапшылдықпен бастай ма?

0 41

Қылышын сүйреп келген қыс-қарияның әлегімен жүргенде көктемнің де жеткенін байқамай қалатынымыз рас. Астанаға көктем кеш келсе де, жеңіс пен жемістен тұратын мамыр айы – білім саласының да сындарлы кезеңі. Енді үш айдан кейін соңғы қоңырау салтанаты да алыс емес. Ал шындығына келсек, мектеп бітірудің өзі арзанға түсіп отырған жоқ. Қыркүйекте балаларына оқу құралдары мен мектеп формасын аламыз деп сабылатын ата-ана мамырда да осы жағдайды бастан кешеді. 2019 жылы еліміз бойынша 150 мыңдай түлек мектеп бітірген. Биыл да қанша мың арман, үміт, сенім арқалаған жас білім ұясынан ұшпақ.Соңғы жылдары мектеп бітіру кешінің ұлан-асыр тойға ұласып, аста төк шашылудың қасында қымбат дегеніміз жай сөз болып қалды. Бұл қымбатшылық кімге керек? Ата-ана мен баланың қалауы не? Мектеп бітіру үшін бір балаға бір отбасынан шығатын қаржы қанша? Осындай сан түрлі сауалға барынша жауап іздеуге тырыстық.
Өйткені мектеп бітіру кеші төңірегінде түрлі пікірлер айтылып жүр. Сынға алып жатқандары аз емес. Шынында Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағынан гөрі мектеп бітіру кешін қайда, қалай өткіземіз деген мәселе үлкен әбігерге айналып кеткендей.

Ерекше сәнді көйлек кімдікі?

Бірден айта кетейік, кешкі балға көйлек іздеу үлкен машақат болғанымен, айтарлықтай шығынға соқтыратыны жасырын емес. Көп бойжеткен сәні мен салтанаты жарасқан, өзгеден ерекшеленіп тұратын көйлек кигісі келетіні тағы бар. Әсіресе, атыраулық, елордалық, оралдық, ақтаулық мектеп бітіруші арулар дүкендерде және жалға беретін кешкі көйлектердің көптігіне қарамастан, жеке тігіншілерге немесе ательелерге тапсырыс беруді жөн санайды екен. Өйткені жеке тіктірген көйлек – эксклюзив деп қабылданады.

Бағасы қалыңдық көйлегімен бірдей

Ательеге тапсырыс берсеңіз, жұмысының қиындығына қарай бағасы да өседі. Өзіңіз қалаған көйлегіңіздің дизайнын жасау, оны тігу құнымен бірге есептегенде 45 000 теңгеден жоғары. Бүгінгі күні қыздар бисермен, моншақ әшекеймен және страз тастармен көмкерілген көйлектерге көп мән береді. Бағасы да осыған қарай өсе береді екен. Жасыратыны жоқ, кей арулар 120 000-200 000 теңге аралығындағы кешкі көйлекті сатып алған жағдайлар болды. Енді оған құны ең арзан дегенде 15000 теңгенің туфлиін қосыңыз. Кешке ұстайтын әдемі сөмке – 15000 теңгеден жоғары, салонға бару – 15000 теңгеден басталады. Бозбалалар жағы болса, мектеп бітіру кешіне дайын костюмді сатып алумен шектеледі, олардың бағасы да төмен емес: костюмнің орташа құнын 35000 теңге деп алсақ, басқасын өзіңіз бағамдай беріңіз. Жейде 10 000 теңгеден жоғары, галстук 2000-3000 теңге, туфли – 20 000 теңге. Мектеп бітіру кешіне кететін шығындардың нақты сомасын шығару үшін, оған кеш болатын мейрамхана шығындары мен ұстаздарға берілетін сыйлықтар мен гүлдер, бейнеоператор мен фотограф қызметін жалдау шығынын қоса есептегенде, орташа есеппен тағы да қосымша 40-50000 теңге керек болады. Оның үстіне соңғы жылдары түлектер үшін лимузин жалдау дәстүрге айналыпты. Бұл шынымен дарақылық, даңғаза тірлік пе?

Айдана Ермек, былтыр мектеп бітірген: «Мектеп бітіру кешіне киетін бір көйлектің бағасы 120 мың теңгеден асады. Ал түнгі сауық клубына киетін көйлекті 30000 теңгеге бөлек сатып алдым. 25 мамырдан бастап арнайы фотограф жалдадық және лимузин де таптық. Аз ақша кеткен жоқ. Бір реттік кешімізді естен кетпестей өткіздік».
Шамамен, кем дегенде 1 балаға 100-150 мың теңге жұмсалады. Бұл дегеніңіз, жайдан-жай шашылу. Көптеген мектептерде мектеп бітіру кешіне ата-аналар оқу жылының басынан-ақ бөліп-бөліп жинай бастайды, бұл көптеген отбасылар үшін қаржылық қиындықтар туғызады. Алайда бір қызығы, ата-ана қыздарының таңдауы қымбатқа түсетініне таңданбайды да.

Сәуле Сағынтаева, қала тұрғыны: «Қызым Аида мектеп бітірген кезде мерекелік шара үшін біраз қаржы жұмсағаным есімде. Кешке киетін әдемі көйлек, әшекей бұйымдары сияқты қыз баланың қажеттілігіне 40-50 мың теңге бердік. Мұғалімдеріне естелік сыйлық жасауға да қаржы бөлдік. Мүғалімдері «қымбат сыйлықтың қажеті жоқ» деп алдын ала ескертті. Қызымның сыныбы да өзге түлектер сияқты үлкен мейрамхана жалдап, қымбат көлікке мінген жоқ. Күндіз қаланың әдемі жерлерін аралап, естелік суретке түссе, кешкісін мектеп ішінде мерекелік шара ұйымдастырды. Ата-аналар мен мұғалімдер осылай келісіп алдық. Әрине, балаңның қатарынан қалмай, көңілі түспей жүргенін қалайсың. Сондықтан барлық ата-ана тапқанын бала үшін аямайды. Дегенмен, барлығы өз ретімен, ысырапсыз болғаны дұрыс деп ойлаймын».

«Біздің баламыз жұрттың баласынан кем бе?»

Осылай деп ақша жинап, дүркіретіп атап өтуге ұсыныс тастайтын пысықай ата-аналар да табылады. Тіпті солай болу керек деп жазылмаған қағиданың жетегінде жүрген әр әке мен ана ұл-қызын қатарынан қалдырмау үшін несие алуға дейін барады. Алайда мұндай қаржыны «Сыныптағы бар баланың ата-анасының қалтасы көтере ме?» деген сұрақ ашық күйінде қалып отыр.

Арай, әлеуметтанушы: «Ата-ана көп шығынға батады. Бірақ бұл шығынды көтеруге кез келген ата-­ананың жағдайы көтере бермейді ғой. Қарызға сұрайды таныстарынан, несие алады бала ешкімнен кем болмасын деп. Бұл – енді біздің болмысымыздағы кемшілік. Мұны тоқтатудың бір жолы мектеп бітіру кешінің тың әрі пайдалы жаңа идеясы керек. Әйтпесе, бұл мәселе жыл сайын мамыр жақындағанда көтеріледі де, кейін су сепкендей басыла береді.

Бұған арнайы ереже керек пе?

Әрине, мектеп бітіру кеші әр елде өтеді, бұл сол елдің мәдениеті мен өмір сүру салтына байланысты. Мысалы, АҚШ-та қоштасу кешіне жұп болып барады да, мектеп әкімшілігі кештің ханзадасы мен ханшайымын таңдайды. Германияда түлектер мектеп ауласына ағаш егеді. Австралияда қоштасу кешіне ерекше көлік мініп бару салты бар. Ол елде лимузин мініп ешкімді таңғалдыра алмайсыз. Сондықтан кей түлектер өрт сөндіру машинасымен, тіпті трактормен де барады. Швецияда таң ата салысымен, мектеп түлектерін гүл көмкерген жүк көлігіне салып алып, қала аралатады, бұл күні ата-аналар балаларына тұрмыстық заттарды сыйға тартады. Себебі шведтер кәмелеттік жасқа толған баласына «енші» береді екен.
Қалай десек те, жыл сайын айтылып, жазылып жүрген жайдың жаңғырығы болса да, бұл мәселе өзекті күйінде. Таяуда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға арналған жиында Мемлекеттік хатшы Қырымбек ­Көшербаев той мен асты тым аста төк етіп өткізуді сынға алып, «ысырапшылдықтан үнемшілдікке ұмытылуымыз керек» екенін ескерткен еді.
«ХХI ғасыр бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын кезең» деген еді Елбасы. «Аттылыға ілесемін» деп… мектеп бітіру кешіне сонша екпін түсірмей, аста төк шашылуды да тыйып, білім бәсекесінде бәсімізді биіктетсек, ең үлкен мәртебе сол емес пе?!

Гүлжан АБАЙҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − three =