Мектеп асханалары асқазанды бұзбай ма?

0 46

Денсаулық – аурудың және тәндегі кемістіктің жоқтығынан ғана емес, физикалық, рухани және әлеуметтік жағдайының жақсы болуына да байланыс­ты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бұл қорытындысы негізсіз емес. Өйткені адал ас – денсаулықтың ең бірінші кепілі.«Ас – адамның арқауы» дегенді қазақ о баста айтқан. Ал енді бүгінгідей уақытта елдің бәрі дұрыс тамақтануға көшіп (ПП), тағамның құнарлығы мен құндылығына мән беріп жатқанда, әсіресе, балалардың дұрыс әрі уақтылы тамақтануы – маңызды мәселе. Себебі «Әкесі белгісіз ауру болса, анасы әрдайым азық-түлік болып табылады» деген Гиппократтың сөзі бар. Егер баланың көп уақыты мектепте өтетінін ескерсек, мектептегі тамақтың сапасына сын көп айтылары сөзсіз.
Өкінішке қарай, еліміздегі кейбір білім ошақтарындағы ас мәзірінде бала денсаулығына зиян­ды өнімдер кездескен жайттар аз тіркелген жоқ және ол туралы жиі жазылып та жүр. Бүгінде басты мәселелердің біріне айналып отырған мектеп асханаларындағы кемшіліктің жөнделер түрі бар ма? Құзырлы органдар бұл мәселеге қаншалықты көңіл бөліп келеді?

Гүлнәзия Жалғасқызы ата-ана:– Мектеп асханасына қатысты бірнеше факторға көңілім толмайды. Біріншіден, таңғы ботқалар дәмсіз. Ішіне су емес, сүтті дұрыстап араластырса. Балаларға құр нан мен ботқаны қосып бергенше, жанына ірімшік қосса. Түскі асқа ет тағамдарын көбірек қосқан дұрыс. Өйткені түс мезгілі – баланың нағыз тамақтанатын уақыты. Ұлымның пайымынша, котлет дәмсіз. Ал шұжықты мүлдем балаға берілетін тамақ рационынан алып тастаған дұрыс.Себебі пайдасы шамалы, керісінше балық пен тауық етінен әзірленетін тағамдар мол болса. Сондай-ақ көкөніс пен жеміс-жидектердің түр-түрін араластырып берсе.

Салауатты тамақтану – табысты оқудың кілті

Елімізде мектеп жасындағы әр екінші баланың ас қорыту жүйесі ауруына шалдығатыны рас. Сондай-ақ 14-15 жасқа дейінгі жеткіншектер арасында артық салмақтың зардабын тартып отырған жасөспірімдер бар. Мұның себебін мамандар дұрыс тамақтанбаудың салдарымен байланыстырады. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептердің асханалары мен ас мәзірінің жайы бізді де алаңдатты. 2019-2020 оқу жылында барлық қала мектептерінде тамақтандыру жұмысы ұйымдастырылып, тегін ыстық тамақпен бастауыш сыныптың 84 165 оқушысы қамтылған. Ол үшін жергілікті бюжеттен 2020 жылға 5.3 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 416 млн теңге әлеуметтік жағдайы төмен және аз қамтылған отбасынан 12 307 балаға берілетін ыстық тамаққа бөлінген. Еске сала кетейік, өткен жылы астаналық оқушылар үшін 4 544,4 млн теңге бөлініп, әр бала үшін тамақ құны 358 теңге болған. Ал енді осынша қаржы құйылған тамақтың сапасы қандай? Оны кім қадағалайды?
Әйгерім Ибрагимова, Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының бөлім маманы: «4 апталық мәзір Қазақ тамақтану академия­сының тамақтану институтымен келісілген «Ұлттық салауатты тамақтану орталығы» Қазақ тамақтану академиясы әзірлеген мектеп оқушыларының тамақтану рационына Бірыңғай стандарттар негізінде дайыналады. Азық-түлікпен қамтамасыз етуді бақылауды күшейту үшін қаладағы әр мектепте сапаны бақылау комиссиясы құрылды, оның құрамына директор, медициналық кәсіпқой, әлеуметтік педагог және ата-аналар қауымы кіреді. Сондықтан асханадағы әр жағдай қатаң бақылауда».
Сонымен қатар білім басқармасынан білгеніміз, тамақ өнімдерінің сапасын тұрақты бақылау­ды ведомствоаралық сараптау комиссия жүзеге асырады екен. Оның құрамына Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің, Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық кеңесі мен мәслихатының, «Қорғау­-Астана» ҚҚ, «Қорғаныс қоғамы» қоғамдық бірлестігі, «Әділет» тұтынушылары және ата-аналар қоғамдас­тығы да кіреді екен.

Ас мәзіріне әлі де мән беру керек

Адал ас тұрған жерде ауру тұрмайды. Бұл жерде мектеп оқушылары үшін ыстық тамақ дайындайын кәсіпкерлерге артылатын жауапкершілік жүгі мол. Айта кетейік, Қазақстандағы мектеп асханалары – түрлі кәсіп иелерінің құзырында. Ал олар балалардың дұрыс тамақтануынан бұрын, мол пайдаға кенелуді ойлайтыны кей жағдайда жасырын емес. Егер 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласында 23 жеткізуші білім беру ұйымдарын ыстық тамақпен қамтамасыз етсе, был­тырдан бері байқау нәтижелері бойынша олардың саны 33-ке жетті…
Нұр-Сұлтан қаласының білім беру ұйымдарындағы тамақтануды бақылау туралы бұйрық бойынша бірнеше мониторингтік топпен бірге биылдан бастап, «Атамекен» РМК және ведомствоаралық сараптамалық топ, ата-аналар және қамқоршылық кеңестің өкілдері де тамақтың сапасын бақылауға құқылы. Олар асханаға кіріп, азық-түлік сапасын тексереді, тағам әзірлеу барысын бақылайды, өлшейді және ас мәзіріне сәйкес қанша болуы керек екенін тексереді. Комиссия мүшелері барлық азық-түлік өніміне тиісті құжатты талап ете алады. Өйткені тамақтан уланудың алдын алып, сапасын тексеру үшін әрбір өнімнің сертификаты болуы тиіс.
Мектептің санитарлық жағдайын бақылайтын тағы бір мекеме бар. Ол – Нұр-Сұлтан қаласының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті. Департамент тек санитарлық ережелер бұзылғаны анықталған жағдайда жұмысқа кіріседі. Әзірге мұндай өрескел фактілер тіркелген жоқ.
Биыл Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді тексеруге мораторий жариялағандықтан, енді ата-ана мен мектеп әкімшілігінен шағым түскенде, ол прокуратураға тіркелгенде ғана тексеру жүргіземіз, – дейді департаменттің балалар мен жасөспірімдер арасында жұқпалы емес ауруларды бақылау мен қадағалау бөлімінің бас маманы Анар Теңізқұлова.
Ал өткен жылы қаламыздағы 30 мектептің асханасы ерекше тәртіп бойынша тексерілген. 27 кәсіпкерге кейбір жіберілген заңсыздықтар үшін 1 млн 136 мың 250 теңге айып­пұл салынған.

Онлайн бақылау сапаға әсер ете ме?

Қазірде білім ордаларында бейнебақылау қондырылып, қолма-қол ақшасыз төлемдер сияқты жаңа талаптар әзірленді. Бұл жаңалықтар оқу жылы бойы барлық мектептерде енгізіледі дейді мамандар. Бір жағынан, ол азық-түлік жеткізушілердің де жауапкершілігін арттырады екен. Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы мектеп асханаларын жабдықтау­ға қатысты жаңа жоба ұсынған болатын. Яғни, онлайн-тамақтану жүйесін орнатуға болатынын көрсетіп берді. Міне, осындай жүйе қаладағы 30 мектепте жұмыс істеп тұр. Сол арқылы ата-аналар балаларының не ішіп-жегенін қадағалай алады. Білім басқармасы мамандарының айтуынша, жақында тағы да байқау ұйымдас­тырылып, жеткізуші кәсіпкермен келісімшарт жасалып, №88 мектеп осы жүйеге қосылмақ.
«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген шығыс ойшылының сөзіне сүйе­не отырып, құнарсыз берілген дәмнің де ұрпақтың болашағына жасалған қиянат екенін ескергеніміз жөн.

Гүлжан АБАЙҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды