Мейрамовтың мерейі

0 110

Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында белгілі театр және кино актері, Қазақстанның халық әртісі, профессор Тілектес Мейрамовтың шығармашылық кеші өтті. Әртіс әрі ұстаздың 70 жылдық мерейтойына арналған шара барысында Ф.Бордонның «Қардағы көгершіннің ізі» драмасының премьерасы өтті.
Тілектес Мейрамов актер ретінде ғана емес, режиссер, аудармашы, ұстаз ретінде де театр өнерінің алға басуына үлкен үлесін қосып келе жатыр. Қазақ театрында кенже қалып келе жатқан моноспектакль жанрын алғаш қолға алғандардың бірі болып, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері–Ақтоқты» трагедиясын, Р.Сейсенбаевтың «Майдан әндері», Н.Гогольдің «Жындының жазбалары» әңгімелерін, У.Шекспир, А.Грибоедов, Ғ.Мүсірепов шығармалары бойынша дайындалған «Ақылдан азап» спектакльдерін жалғыз орындап шықты.

 Кеш иесін мерейтойымен Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев арнайы келіп құттықтап, әртістің театр және кино өнеріне сіңірген еңбегін атап өтті. Қала басшысының атынан сый-сыяпат жасады.
Әйгілі театр қайраткерлері Асқар Тоқпанов, Шолпан Жандарбекова, Әзірбайжан Мәмбетов, Есмұхан Обаев сынды шеберлердің мектебінен шыңдалып шыққан Тілектес Мейрамов жарты ғасырға жуықтап қалған шығармашылық ғұмырында өнердің өрістеуіне өлшеусіз үлес қосты. Бастапқыда жиырма жылға жуық М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында актер болып, 100-ден аса бейнені сомдады. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» спектаклінде Қозы болып жарқ етіп, Ақан сері, Бірсімбай, Жарас, Еркін, Тоқпаев, Вальтер, Жантай сияқты әр жанрдағы күрделі бейнелерді өзіне ғана тән мәнермен алып шыға білді.
Сахна саңлағы Әнуар Молдабековтен кейін Войницкий, Жантық, Керім бейнелері Тілектес Мейрамовқа берілуі де тегін емес. Мұндай сүбелі бейнелердің қатарына Шыңғыс хан, Жәңгір хан, Еділ патша, Бедел, Сорин, Бектер, Антоний рөлдерін де қосуға болады.
Мәдениет министрлігінде театр бөлімінің жетекшісі, Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық Жастар мен жасөспірімдер театрының директоры-көркемдік жетекшісі болды. Біреу білер, біреу білмес Астанадағы «Жастар» театрының басында да Тілектес Мейрамов тұр. Осы театр ашылғанда төрт жыл оның көркемдік жетекшісі қызметін атқарды. Ал жеті жылдан бері Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері. Мұнда сомдаған оннан астам бейненің арасында М.Әуезовтің «Абайында» – Абай, В.Ежовтың «Тырау­лап ұшқан тырналарында» – Лукьянов, Р.Сейсенбаевтың «Майдан әндері» моноспектаклінде Садыр рөлдері, біздіңше, дара тұр.
Аудармашы, режиссер ретінде А.Гельманның «Бәрімен оңашада», Н.Абдуллоевтың «Екеу», И.Вовнянконың «Стриптизердың өлімі» пьесаларын қазақшаласа, І.Есенберлиннің «Ғашықтар», Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ түн» романдарын, Р.Отарбаевтың «Дүние ғайып» повесін, О’Генридің «Үндістердің көсемі» әңгімесін сахнаға, ал М.Әуезовтің «Абай жолы» романын телеарнаға лайықтап инсценировка жасады.
Шығармашылық кешінде премьерасы өткен Ф.Бордонның «Қардағы көгершіннің ізі…» драмасын да өзі аударып, бас кейіпкер бейнесін сомдады. Спектакльді сахналаған – Тілеген Ахметов. Ал Тілектес Мейрамовпен актерлік ансамбльді Арай Омарова, Шах–Мұрат Ордабаев және Ерғұлан Жанпейісов құрады. Қойылымда адамға тән жалғыздық құсасы психологиялық шеңберде суреттелген. Бұл туынды қазақ сахнасына алғашқы рет жол тартып отыр. Тағы бір қосарымыз, кеш аясында қаламгер Ұлпан Серікболқызының «Актер Тілектес Мейрамов» кітабының тұсаукесері өтті. Бұл да бір мерейтой иесі­нің мәртебесін көтерген тарту болды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 2 =