Мейрамова мерейі

0 106

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік ака­демиялық музыкалық драма театрының актрисасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Қазақ ұлттық өнер университетінің білікті ұстазы, профессор Жұмагүл Мейрамова 1949 жылдың 1 желтоқсанында Алматы облысы ­Жамбыл ауданы Қарақыс­тақ ауылында дүниеге келген.Бала кезінен әке-шешесінің ғибратты тәрбие­сін алып, ауыл арасында «әнші қыз» атанды. Әкесі Өмірзақ пен анасы Гүлсара екеуі де ән-күйлерін бабына келтіріп орындап, балаларының өнерге қызығушылықтарын жас кезінен оятқан. Нағашы атасы Мұхаметжан күйші болған. Әкесі Өмірзақтың бауыры Қастекбай Ахметжанов – керемет әнші, баянмен де ән шырқап, ел ішінде танымал болған. Осындай өнер дарыған отбасы мүшелері кешкі басқосуларында Жұмагүлдің ән-биін, ертегі, жыр-дастандарын тыңдап, тамашалап, өздері де бірге орындап отыратын. Атасы ­Ахметжан немересінің өнеріне қызығып, оған бар білгенін үйретіп отырған. Ол кездерде бүгінгідей әр үйде теледидар, компьютер болмаған. Тек радио болғандықтан, бар жаңалықты содан біліп отырған, радио­спектакльдер тыңдап, әртістер мен әншілерді дауысынан танитын. Сөйтіп «Еңлік–Кебек», «Асау­ға тұсау», тағы да басқа спектакльдерді жатқа айтатын болған.
Еңлік – Бикен Римова, Катарина – Хадиша Бөкеева, Ақтоқты – Шолпан Жандарбекова дауыс­тарынан ажыратып, олардың көркем дауыс күштері мен рөл орындау ерекшеліктерін, психологиялық терең кідірістерін қалай ұстай білетін өнеріне тәнті болатын. Кейін өзі де осы апайларымен театрда актриса болған кезінде қоян-қолтық араласып, апалы-сіңлілі әріптес болғанын мақтан тұтады.
Ауылдарына келген өнер адам­дарының концерттеріне барып, спектакльдерін көріп, клубта көрсетілетін киноларды тамашалап, мәтіндерін жатқа білетін. Балалар кітап оқып, өнер адамдарының аты-жөндерін, өнер тарихын қызығушылықпен зерттеп, суреттерін альбомдарға жинақтап, бос уақыттарында ән айтып, би билеп, бір-бірімен жарысқа түсіп отыратын. Мектеп қабырғасында көркемөнерпаздар үйірмесіне, концерттерге қатысып отырған. Бала кезден бастап осындай үрдіс­тен өткен Жұмагүл де болашақ өмірін өнермен ұштастыруды жөн санайды. Бірақ әке-шешесі бұл шешіміне басында қарсы болғанмен, кейін баталарын беріп, шығарып салады.
Сөйтіп армандаған оқу орнына келіп 1967-1971 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының (бұрынғы Алматы мемлекеттік өнер институты) «драма актері» актерлік бөліміне қабылданып, ҚазКСР халық әртісі, профессор Асқар Тоқпанов және КСРО халық әртісі, профессор Шолпан Жандарбекованың жетекшілігімен бітірген. Асқар Тоқпанов шәкірттеріне жан-жақты білім беріп, өнер нәрімен сусындатады. Асқар Тоқпанов пен Шолпан Жандарбекова қазақ, орыс, шетел классик жазушылардың шығармаларын жатқа білетін, студенттерінен де соны талап ететін.
Жұмагүл Өмірзаққызының бірге оқыған топтастары Шамшагүл Жәмеңкеева, Мұқан Шәуіров, Қарабай Сатқанбаев, Тілектес Мейрамовтар болған. Студент кезінен әріптесі Тілектеспен басты рөлдерді бірге сомдайды. Сөйтіп Жұмагүл – Ақтоқты, Тілектес – Ақанның рөлін ойнайды. Өнердің құдіреті екеуінің сахнадағы махаббатын өмірдегі сезімдеріне ұластырып, қос ғашық мәңгілікке жұптарын жазбай, басқаларға үлгі боларлықтай ерекше дараланып тұрады. Үшінші курстың соңында тойларын жасап, шаңырақ көтереді.
Оқу орнын ойдағыдай бітіріп, Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрына жұмысқа орналасады. Ол кездерде көркемдік кеңес арқылы сұрыптаудан өз өнеріңді паш етуің керек. Көркемдік кеңестің құрамында Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкеева, Әзірбайжан Мәмбетов, Фарида Шәріпова сынды театр майталмандарының алдынан өтеді. Сөйтіп Ақтоқтының монологын оқып, барлығын таңғалдырады. Сәбира Майқанова: «Қызым, қандай ән айта аласың?» деп сұрайды. «Қараторғайды» айтып, өнерімен көркемдік кеңестің көңілінен шыққан жас актриса сол күні ­театрға қабылданады.
Жұмагүл Өмірзаққызы театр сахнасында жүзге тарта рөлде ойнаған. Атап айтсақ, А.Макаленок – «Пұшайман болған әулие» (Қыз), Ә.Тарази – «Жақсы кісі» (Тана), С.Мұқанов – «Шоқан Уәлиханов» (Катерина), Л.Табукашвили – «Арманымның ақ құсы» (Нинико), О.Бөкей – «Құлыным менің» (Анар, Қарлығаш), И.Вовнянко – «Апат» (Ұлпан), Ғ.Мүсірепов – «Ақан Сері–Ақтоқты» (Ақтоқты), М.Әуе­зов – «Айман–Шолпан» (Айман), «Абай» (Әйгерім), Ә.Нұрпейісов – «Қан мен тер» (Ақбала, Ақбаланың анасы), Ш.Айтматов – «Ғасырдан да ұзақ күн» (Зәрипа), Иран Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» спектакліндегі Әйгерім, П.Гауптман – «Ымырттағы махаббат» (Паола), Б.Римова – «Абай–Әйгерім» (Тоғжан) сияқты кесек бейнелерді мақамына келтіріп сомдады. Шетелдік, қазақ режиссерлерімен қоян-қолтық араласып, тәжірибе алмасып жұмыс істеген. Жұмагүл Өмірзаққызының театр сахнасында бейнелеген образдары театр сыншыларының кітаптары мен газет-журналдарында терең зерттеліп, ғылыми айналымға түсті.
Талантты актриса Жұмагүл Мейрамоваға театр сахнасына, қазақ өнеріне сіңірген еңбегі үшін 1996 жылы Елбасының қолынан «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі» деген жоғары атақ берілді. Өнер атты қасиетке арнаған 45 жылда сахнагердің еңбегі назардан еш қалған емес. 2001 жылы «Мен ішпеген у бар ма?» спектакліндегі Әйгерім образы үшін «Ең үздік әйел бейнесі», «Турандот ханшайым» спектаклінде «Ең үздік эпизодтық әйел бейнесі», 2015 жылы «Еңбек ардагері» атағы берілді. 1995 жылдан бастап актрисалық пен педагогиканы қатар алып жүруді жөн көрген Жұмагүл Өмірзаққызы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясындағы «Сахна тілі» кафедрасында болашақ өнер жұлдыздарына дәріс берді.
2007 жылы ҚР халық әртісі, «Құрмет» орденің иегері, жұбайы Т.Мейрамов астанадағы «Жастар» театрына көркемдік жетекші қызметіне тағайындалады. Аяулы Алматымен, сүйікті театрымен қоштасу актрисаға оңай тимегені анық. Дегенмен тәуекел етіп, астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрына ауысады.
Алдыңғы толқын аға-апа­ларынан үйренгенін, білген-­түйгендерін ҚР халық әртісі Т.Мейрамов пен құрбысы, ҚР халық әртісі Г.Әспетовамен жас әртістерге үйретіп, үлгі болып келеді. Қаллеки театры сахнасында ең алғаш О.Бөкейдің «Құлыным меніңде» – Қарлығаш, Т.Джюджено­глудың «Көшкінінде» – Бәй­біше, Е.Жуасбектің «Антивирусында» – Жамал, Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібегінде» – Қамқа, ­Р.Отарбаевтың «Көлеңкесіз жолаушысында» – ана, Ж.Ануйдың «Жалын жұтқан Жанна Д’Арк» спектаклінде – Иоланта және басқа рөлдерімен көрермендер қауымын қуантып, хас шеберлігімен көрініп жүр.
Педагогика саласын елордада жалғастырып, жолдасы Т.Мейрамовпен бірге Қазақ ұлттық өнер университетінде «Актерлік өнер және театр режиссурасы» кафедрасында ұстаздық етуде. Театр мамандарын даярлау «инемен құдық қазғандай» үлкен еңбекті талап етеді. Мұндай бейнетті жұмысқа өз мамандығын шексіз сүйіп, соған жан-жүрегімен түбегейлі берілген нағыз ұстаздардың ғана төзімі жетеді. Ж.Мейрамова сондай ұстаздардың алдыңғы қатарында тұр.

Нартай ЕСКЕНДІРОВ,
­театртанушы, ­PhD докторы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды