Мейірімділік – дәрігер болмысынан байқалсын

0 177

Кеше елордада «Нәрестенің денсаулығына интегралды қарау» атты тақырыпта ғылыми конференция өтті. Конференцияны қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы ұйымдастырды. Оған елордадағы барлық емдеу мекемелерінің жетекшілері, саламатты өмір салтын қалыптастыру орталықтарының өкілдері қатысты. Шарадан соң аталған аурухананың бас дәрігерінің медициналық қызмет сапасын қадағалау жөніндегі орынбасары Роза Өтегеновамен аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Конференцияның көтеріп отырған тақырыбы қаншалықты маңызды?

– Жаз мезгілінің басталғанына да біршама уақыт болды. Осы орайда, әсіресе, балалар арасында жұқпалы дерттің өршіп кететіні бар. Бұл басқосудың сіз айтқан маңыздылығы да, салмағы да осында. Конференцияда жаңа туған сәби мен 5 жасқа дейінгі балалар арасындағы жұқпалы ау­руларды тиімді емдеу мен өлім-жітімді азайтуға бағытталған жаңа бағдарламаның нәтижесі туралы баяндамалар жасалып, олардың қолданылуы хақында тәжірибе бөлісу шаралары жүзеге асты.

– Тағы да кеңірек тоқталып өтсеңіз…

– Жиын барысында дәрігерлер соңғы жылдары жинақталған тәжірибелерімен бөліседі. Әріптестер арасында оның оң шешім тапқан тұстарын кеңейтіп айтады, көрсетеді. Тіпті, ата-аналарға да кеңес беру үшін арнайы қабылданған бағдарлама аясында ем-домның маңызы туралы жан-жақты баяндап береміз. Бұл тәжірибені біз 2008 жылдан бастап қолданысқа енгіздік. Енді соның нақты нәтижелерінің қандай екенін көрсеткіміз келеді.

– Нәтиже көңіл қуантатын болар?..

– Әрине, осы секілді жиындардың, басқосулардың, тәжірибе алмасулардың арқасында бала өлімі 2007 жылмен салыстырғанда өткен жылы 13 пайызға дейін азайды. Бұл аз көрсеткіш емес.

– Дәрігерлер тарапына жұртшылықтан айтылар сын аз емес. Балалар дәрігері қандай болу керек?

– Сырқаттың қауіпті белгілеріне дер кезінде баға бере алу – дәрігердің ең бірінші қасиеті болу тиіс. Ол – адам жанының арашашысы. Сондықтан, ол өз біліктілігінің жоғарылығын баланың науқасын дұрыс тануы­мен көрсете алады. Баланы дұрыс тамақтандыруды ата-анасына ше­гелеп айтып жіберу де маңызды. Мейірімділік те дәрігердің бол­мысынан анық байқалуы керек. Мұның барлығының да бала денсаулығына тигізер оң әсері мол. Осылар ем нәтижелерін өзгертіп, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік туды­рады.

Шынар ӘБІЛДА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 4 =