Мейірім төккен мекеме

0 14

Майдангерлер үшін Нұр-Сұлтан қаласындағы «Отан соғысы мүгедектеріне арналған Орталық клиникалық госпиталь» жыл сайын денсаулықты қалыпқа келтіретін, созылмалы аурулардан емделетін бірден-бір медициналық емдеу-профилакториялық мекемесі болып отыр. Ең бастысы, бұл мекеменің дәрігерлері мен медбикелері ардагерлер категориясына жататын адамдарға ерекше мейіріммен қарайды.

Бұл госпитальда бүгінде Ұлы Отан соғысының және тыл майдангерлері, Ауғанстан соғысына қатысушылар, Чернобыль апатын жоюшылар, Семей полигонында зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіледі.
Соғыс көрген азаматтың тек қана физикалық тұрғыдан ғана емес, психологиялық жағынан да жәрдемді қажет ететіні белгілі. Осы орайда госпиталь басшылығы тарапынан дәрігерлер мен медбикелер арасында түсіндіру жұмысы жақсы жолға қойылғаны байқалады. Госпиталь директоры әрі бас дәрігері Динара Уразалина емдеуге түскен әрбір пациенттің жағдайын алдын ала тексеріп, сөйлесіп, тиісті ем шаралардың жүргізілуін қадағалап отыратыны да көңілге медеу береді.
Мемлекеттік тізбеге сәйкес дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, емделушілерді тамақтандыру мәселесі де жақсы деңгейге қойылған. Мекеме базасында ардагерлердің науқастық тарихтары толығымен сақталған.Госпиталь ішінде тек қана емдеу жұмыстары өткізілмей, емделушілердің көңіл-күйін көтеруге бағытталған шаралар да ұйымдастырылады. Мәселен, бір мезгіл кино көрсету, ардагерлер ұйымдарының өкілдерімен тақырыптық кездесулер, үстел теннисі жарыстарын өткізу дәстүрге айналған. Мекемедегі емдік дене шынықтыру кабинеті емделушілердің бос уақытта спортпен айналысуына мүмкіндік береді. Кітапхана бұрышы да емделушілердің қажетін өтейді. Түптеп айтқанда, майдангерлерге арналған госпиталь емделушілердің көңілінен шығып отыр деуге негіз бар.
– «Отан соғысы мүгедектеріне арналған Орталық госпиталь» ұжымына үлкен алғысымызды білдіреміз. Ардагерлерді емдеп, олардың денсаулықтарының жақсы болуы үшін өздерінің мейірімдерін төгіп, азаматтық қамқорлық көрсетіп, кәсіби мамандықтарына адалдық танытып жүрген дәрігерлеріміз бен медбикелерімізге амандық, жақсылық тілейміз, – дейді Нұр-Сұлтан қаласының «Ауғанс­тан соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Кенжебеков.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × one =