«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мейірім шуағы мұзды ерітеді

0 274

Бірнеше күннен бері Арқаны аяз буып тұр. Алдағы күндері түнде -35-45, күндіз -27-35 градус аяз болады деп күтілуде. Дегенмен табиғаттың тосын мінезіне қарамай, жақсылық жасауға асыққан жандар көп.

Әлеуметтік желіде табиғаттың қатаң күндерінде бір-біріне көмек көрсеткен қарапайым жандардың тірлігі көңіл қуантады. Бас қаланың әкімі Әсет Исекешевтің өзі тұрғындарды қайырымды болуға үндеді. Көшедегі таксилер мен жолдағы жүргіншілерді, дүңгіршек, сауда орындарының иелерін – жалпы қала тұрғындарын, әсіресе осы сәттерде, мейірімді болуға шақырды. Шаһар басшысының бұл бастамасы көпшіліктен қолдау тауып, жақсы істерге жол ашты.

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАУ – САУАПТЫ ІС

Қайырымдылық шарасы Астана мешіттерінде жалғасты. Имамдар намазға жиылған жамағатты жақсылыққа үлес қосуға шақырды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық таныту үшін «Астана – мейрімді қала» шарасын қайта бастады. Ең алдымен елорда тұрғындарына тегін такси қызметі ұйымдастырылды. Тегін такси қызметіне атсалысу үшін кез келген тұрғын мешітке хабарласа алады. Қазіргі уақытта өз еркімен шыққан 25 азамат қала тұрғындарын баратын жерлеріне тегін жеткізіп жүр. Әрине, көліктің жай-күйі тексеріліп, жолаушының қауіпсіздігі туралы бірқатар ережелер түсіндірілуде. Мешіт атынан қайырымдылық шарасына қатысуға рұқсат алғандардың көлік терезесіне кішігірім баннер орнатып береді.

Астананың сегіз мешіті бірігіп тағы бір ауқымды шараны бастап кетті. Кеше таңғы 8-де басталған шара аясында 200 адамға ыстық шай мен тамақ берілді. Яғни көше тазалаушылары мен қала құрылысшылары күннің суығында ыстық аспен қамтылды. Сонымен қатар, халықтан жиналған қаражатқа көмір алып, шамамен 10 отбасына 3 тоннадан түсіріп беруді жоспарланған. Тегін такси қызметін пайдаланған қала тұрғындарының басым бөлігі әлеуметтік желідегі өз парақшаларында имамдардың бастамасына ризашылықтарын білдіруде. Осылайша, елорда әкімдігі мұрындық болған «Астана – мейірімді қала» шарасы аяздың беті қайтқанша жалғаспақ.

«ASTANA TAXI» ҮН ҚОСТЫ

Күні кеше «Astana Taxi» бірегей қызметі «Қайырымды сапар» әлеуметтік шарасы басталғанын мәлімдеді. Ол бойынша жолаушыларды тегін тасымалдау үшін 11 автокөлік жолға шықпақ. Жолаушыларға таксомотор компаниясының есебінен қызмет көрсетіледі.

Шара елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған. Жүргізушілер қаланы аралап, тоқтап, тегін жеткізіп тастауды өздері ұсынады. «Шара барысында баласы бар жолаушылар мен жасы үлкен адамдарға артықшылық беріледі. Акция 24-25 қаңтар аралығында сағат 8.00-ден 19.00-ге дейін жалғасады. Іс-шараға алты таксомотор компаниясы қатысады. Акциямызға барлық кәсіпкерлер мен бизнес-қауымдастықтарды осындай қиын кезеңде қалыс қалмауға шақырамыз» дейді «Astana Taxi» баспасөз қызметі.

ЖАСТАР ЖАРАП ТҰР

Қаһарына мінген қыстың суығына қарамай елордалық жастар да белсенділік танытты. «Астана жастары» орталығының еріктілері тоңып қалған тұрғындарға аялдамаларда ыстық шай ұсынып жүр. Тіпті баратын жерлеріне дейін жеткізуге көмектесіп, мейірімділік танытуда.

Орталық директоры Мұхамеджан Болысбектің айтуынша, таңертең сағат жеті мен тоғыз аралығында және кешкі сағат бес пен жетілер шамасында үш автокөлік пен бір газель жолға шығады. Тегін мінген тұрғындар алғашында таңданыс білдірсе, артынан алғыс жаудыруда. Сауапты іске ұйытқы болып жүрген еріктілер қатарында колледж және университет студенттері бар. «Астана – жақсылық қаласы» деп ат қойып, айдар таққан жоба 26 қаңтарға дейін жалғасады.

 ТҰРАҒЫ ЖОҚТАР ТОҢЫП ҚАЛМАСЫН

Ауа райының күрт суытуына байланысты астаналық полицейлер қалалық әлеуметтік бейімдеу орталығымен бірігіп, жұмыс режимін күшейтті. Мақсаты – аязды күндер қайғылы жағдайдың орын алуына жол бермеу. Олар тұрақты мекенжайы жоқ азаматтарға көмек көрсету жұмыстарын жалғастыруда. Мәселен, екі тәулік ішінде 54-ке жуық адам бейімдеу орталығына әкелінді. Сонымен қатар, жеке құжаты жоқ азаматтар Ішкі істер департаментінің қабылдау-тарату орталығына жеткізілді. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері олардың туған-туыстарын іздестіруде. Егер қақаған суықта далада қалып қойған тұрақты мекенжайы жоқ азаматтарды көрсеңіздер, «102», «112», «103» нөміріне қоңырау шалған абзал.

 

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды