Медицинаны қолдау – мемлекеттік басымдықтардың бірі

0 82

Өткен ғасырдың 90-жылдарындағы дағдарыс әлі күнге дейін қазақстандықтардың көпшілігінің есінде. Ол сол кезде қоғамдық денсаулық пен денсаулық сақтаудың көптеген көрсеткіштерінің төмендеуіне әкелді. Өтпелі кезеңде ел бюджетінен денсаулық сақтау жүйесіне 2 пайыздан аз қаражат бөлінді. Саланы толық қаржыландырмау медициналық көмек сапасының қажетті деңгейіне жетуге мүмкіндік бермеді. Осы ретте мемлекеттің басты міндеті денсаулық сақтау саласын реттеп, оны қаржылық қамтамасыз ету болды.

1998 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Халық денсаулығы» мемлекеттік бағдарламасы әзірленді. Бірақ 2000 жылдардан бастап қана денсаулық сақтау жүйесін бюджеттік қаржыландыру ұлғая бастады. 2004-2009 жылдар аралығында денсаулық сақтауды бюджеттік қаржыландырудың жыл сайынғы көлемі 3,6 есе, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі 3 есе өсті. Мемлекет денсаулық сақтау жүйесін кешенді жаңғырту стратегиясын таңдады. Елбасының айтуынша, Қазақстан медицинасындағы сапалы оң өзгерістердің бастауы Денсаулық жылы деп жарияланған 2002 жыл болды. Денсаулық сақтау жүйесін реформалау төрт бағыт бойынша жүргізілді. Бірінші кезекте қазақстандықтарды сауықтыру және аурулардың алдын алу қолға алынды.
2002 жылы Қазақстанда халықты алғаш рет жаппай зерттеу жүргізілді. Оның нәтижелері алдағы уақытта әйелдер мен балалардың денсаулығына ерекше назар аудару керектігін көрсетті. Қазақстан ТМД бойынша жаңа туған нәрестелерді гепатитке қарсы вакцинациялауды енгізген алғашқы ел болды. Жүрек-қан тамырлары және онкологиялық аурулардың алдын алу маңызды міндет болып саналды. Бұдан кейін Тұңғыш Президент медициналық басқарушылардың алдына денсаулық сақтауды басқарудың жаңа моделін құру туралы жаңа міндет қойды. Еліміздің әрбір тұрғынына тегін медициналық қызметтер жиынтығы кепілдендірілді. Жекеменшік медицина секторы белсенді дами бастады. 2008 жылы 1,9 мың мемлекеттік емханаға 800 жекеменшік тиесілі болды, саладағы жеке сектордың үлесі 30 пайызды құрады. Үшінші бағыт – инновациялық әдістемелерді енгізу және озық емдеу орталықтарын құру міндеті еді. Қазақстанда алғаш рет бүйрек алмастыру, сүйек кемігін трансплантациялау, эндопротездеу мүмкіндігі пайда болды. Реформалар халықты фармацевтикалық препараттармен қамтамасыз ету жүйесіне де әсер етті. Фармацевтика дәрі-дәрмек өндірісін ұлғайту және ішкі нарықты молықтыру үшін ғана емес, сонымен қатар сапалы, тиімді реттеу үшін де қажет етілді. Сондай-ақ денсаулық сақтауды реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленді. Өңірлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталықтары құрыла бастады. Барлығы осындай 50-ден астам орталық, сондай-ақ 7 аудандық аурухана пайда болды, 44 денсау­лық сақтау объектісі салынды.
2009 жылдың желтоқсанында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс қабылданды. Кодекстің қабылдануы ұлттық медицина мәртебесін арттырды. Сала экономиканың басқа салаларымен және мемлекеттік институттармен толыққанды өзара іс-қимыл жасау үшін құрылған. 2010 жылдан бастап пациенттерге ауруханаға жатқызу кезінде медициналық ұйымды таңдау құқығын беретін жүйені енгізу басталды. Емдеу нәтижелеріне бағдарланған өзгеріс­тер мен қаржыландыру жатты. 2002 жылы ЖІӨ-нің 1,9 пайызынан 2010 жылы 3,2 пайызға дейін өсті. Елде жоғары медициналық технологиялар қолжетімді бола бастады.
Елордада алғашқы медициналық кластер 2008 жылы құрылды. Ол алты инновациялық құрылымды біріктірді: Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, Республикалық балаларды оңалту орталығы, Республикалық диагностикалық орталық, Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығы, Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығы, Ұлттық ғылыми кардио­хирургия орталығы. Қазақстан астанасындағы медициналық кластер медициналық қызметтің жаңа стандартын берді.

Серік ШАЙМЕРДЕНОВ,
№ 4 қалалық емхана
директоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 5 =