Медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілді

0 22

Қаладағы медициналық ұйымдар коронавирус пен пневмонияны емдеуге қажет қосымша жабдықтармен қамтамасыз етілді. Қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен бірқатар ұйымдарда болып, күзгі маусымдық аурулар – ЖРВИ мен тұмаудың көбеюін ескере отырып, мекемелердің COVID-19 індетіне дайындығын тексерді.

Осылайша, 50-ден астам өкпені жасанды желдету аппараты, 2 компьютерлік томограф; өкпенің зақымдану пайызын көруге мүмкіндік беретін 7 сандық рентген жүйесі; 3 оттегі резервуары қосымша сатып алынды. Сонымен қатар қаланың емдеу мекемелеріне 500-ден астам оттегі концентраторы, 250-ге жуық өкпені жасанды желдету аппараты, 300-ге жуық флоуметр, 500 көпфункционалды арнайы кереует жеткізілді. Сондай-ақ 1600-ге жуық оттегі нүктесі бар.
«Демалыс күндері карантин шараларын енгізу нәтижесінде қалада COVID-19-ға қатысты ахуал тұрақталды. Медицина мекемелері мен қызметкерлерге ауыртпалық түспеу үшін, қатаң санитарлық нормаларды сақтауды жалғастыру қажет. Коронавируспен күреске дайындық тоқтаған емес. 110 тоннадан астам дәрі-дәрмек сатып алынып, мекемелер медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Күзде өршитін ЖРВИ індетімен бірге коронавирусқа қатысты ахуал да күрделенуі мүмкін. Сондықтан біздің барлық медицина ұйымдары дайын. Жақында медициналық жабдықтардан басқа жылжымалы флюорографиялық кешендер, сандық рентген жүйелері және жоғары дәлдіктегі желдеткіштер де жеткізіледі. Мысалы, бүгінде стационарларды өкпені жасанды желдету аппаратымен қамтамасыз ету шамамен 94%-ды құрайды» деді Бақтияр Мәкен.
Әкімнің орынбасары әкімдік жеке және республикалық клиникалармен олардың компьютерлік томография аппараттарын қала емханалары мен стационарларына бекіту туралы келісімге қол қойғанын атап өтті. Компьютерлік томографтардың жалпы саны – 19. Қажет болса, қаланың барлық 17 стационары қайта ашылып, инфекциямен күреске жұмылдырылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × five =