Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1164

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1165

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1166

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1177
«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Медициналық туризм: елорданың әлеуеті

0 559

 Елімізде заманауи клиникалардың құрылуы және кардиохирургиялық, нейрохирургиялық көмектің дамуы нәтижесінде қазақстандықтардың шетелдік емханаларға баруы айтарлықтай азайды. Ал, керісінше, шетел азаматтарының халықаралық стандарттарға сай дәрігерлік көмек алу мүмкіндігі ұлғая түсті. 2017 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің емханаларында 1680 шетел азаматы стационарлық ем-дом қабылдаған. Астананың Орта Азиядағы медициналық туризмнің орталығына айналуда әлеуеті зор.

Одан бөлек, 23 мыңға жуық шетелдік азаматтар емдеу-сауықтыру қызметін тұтынған, атап айтқанда, санаторлық-шипажайлық ем-дом алған. Шетелдіктердің 90%-ы – ТМД елдерінің, 10%-ы – Қытай, Түркия, Иран және т.б. мемлекеттердің азаматтары. Бұл – ресми дерек. Бір ғана Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық жүрек-қан тамырлары жүйесі ауруларын анықтау және емдеу бойынша инновациялық медициналық технологияларды белсенді енгізіп, науқастарға қолдануда.

Соның нәтижесінде Қазақстан жүрекке ашық ота жасайтын, бірегей жоғары технологияларды қолданатын әлемдегі 22 елдің қатарына кірді. Елімізде Біріккен халықаралық комиссияның (Joint Commission International) тіркеуінен өткен, халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсететін 7 медициналық ұйым бар. Бізде адамның барлық ағзасына трансплантация жасалады, 2016 жылы осындай 306 ота жасалған. Мұн­дай жетістіктеріміз соңғы жылдары шетелдік туристерді қатты қызықтыруда.

Инна Рэй, «Саят» туристік фирмасының басшысы:

– Астана­дағы медициналық туризмді дамытуда біздің бірнеше ар­тық­шы­лық­та­ры­мыз бар. Бі­ріншіден, ол – еуропалық науқастардың сұранысына жауап беретін жоғары деңгейдегі медициналық орталықтар. Шетел туристері көрші мемлекеттерде жасамайтын оталарды Астанадағы емханаларда жасайтынын біле бастады. Меніңше, Ресейдің бізбен шекаралас көптеген қалаларында Астанадағыдай медициналық көмек деңгейі жоқ. Отандық медицинаның зор жетістігінің бірі – ағзаларды ауыстыру. 2012 жылдан бері елімізде бауыр, жүрек, бүйрек және ұйқы безін ауыстырады.

 

Айман Искакова, Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы бас директорының орынбасары:

– Туризм­нің осы тү­рін алға жылжытып, танымал етіп, жаһандық нарыққа кі­руіміз үшін мол қа­­ражат қажет. Маркетинг (жарнама, хабарландыру, БАҚ-тардағы ақпарат, шетелдік туроператорларды шақыру, журналист, блогерлермен жұмыс және т.б.) түгелдей қаржыландыруға тәуелді. Осы бағытты толық қаржыландыра алсақ, оның келешегі де кемел. Мысалы, Астанада шетелдік нау­қастарды сапалы емдей алатын медициналық орталықтар жетерлік. Бірақ оларды шетелдіктер білмейді. Әлгі орталықтардың шетелде өздерін танымал етуге ақшасы жоқ. Кез келген жарнамаға мол қаражат қажет. Демек, бізде әлемдік деңгейдегі медициналық мекеме, зор әлеует, мықты маман бар. Шетелдік науқастарды молынан тартамыз десек, белсенді әрекет етуіміз керек.

 

Туризмнің жаңа нарығы

Қала билігінің туризмді дамыту бойынша нақты жоспарындағы басымдық берілген бағыттың бірі – медициналық туризм. Бұл – туризмнің түрен салынбаған нарығы. Жаңа ба­ғытты дамыту үшін істі неден бастаған жөн? Шетелдік турис­терді көптеп тартуға бұл саланың қандай артықшылықтары бар? Астанаға келетін шетелдік туристердің саны 2020 жылға қарай 2 миллионға жете ме? Осы сауалдарды туристік нарықтағы сарапшыларға қойдық.
«Саят» турфир­ма­сы­ның бас директоры Инна Рэйдің па­йым­­­дауынша, емханалардағы меди­циналық көмек үшін тө­ле­­нетін бағаның төмендігі ше­­телдік турис­терді көптеп тар­­­туға сеп­тігін тигізеді. «Мысалы, Кореяға барған шетелдік нау­қас денсаулығын толық тексертуге 1,5 мың АҚШ долларынан аса ақша төлейді. Ал бізде мұндай қызметтің құны 450 АҚШ долларын құрайды. Еуропалық емханалардағы баға Кореядан екі-үш есеге қымбат. Өкініштісі, осы артықшылығымызды шетелдерге барғанда толық жеткізе алмай жүрміз. Айта кетерлік жайт, біздің мед­орталықтардағы қызмет түрлерінің бағалары әртүрлі. Бұдан бөлек, еуропалық туристердің бәрінің медициналық сақтандыру құжаты бар. Соған сенеді. Егер Астанаға келіп, созылмалы дерті сыр беретін болса, онда олар емделетін жерді асықпай таңдайды. Қуанарлығы сол, елордамызда еуропалық нау­қастардың сұранысына сай ке­летін емханалар көп» дейді Инна Юрийқызы. Сарапшы Астанадағы медициналық туризмнің келешегі зор екенін, ең бастысы, әлемдік деңгейдегі емханаларымызды кеңінен жарнамалау қажеттігін айтады.

Қаражат болса, келешек бар

Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы бас директорының орынбасары Айман Искакованың пікірінше, медициналық туризм арқылы табысқа жетудің жолы қаражатқа тікелей тәуелді. Медициналық туризмді өркендетеміз десек, бауырлас Түркия елінен үлгі алуға тиіспіз. Себебі түріктер қазір бұл салаға қыруар қаражат құйып, соның жемісін көріп отыр.

Заңды өзгерту – дамуға қадам

Айман Искакова іс оңға басуы үшін заңнамаға өзгеріс­тер енгізетін уақыт жеткеніне бек сенімді. Ол Үкіметтің денсау­лық сақтауды жетілдірудегі 6 басым бағытының бірі медициналық туризм болғанын қуана құптайды. «Қазіргі қолданыс­тағы заңымыз­да медициналық туризмге қатысты ештеңе жазылмаған. Тек атауына анықтама берілген. Нормативтік құқықтық актілер болмаса, қалай дамытамыз? Ең әуелі ұғымға анықтама беріп, нау­қас пен дәрігердің құқықтарын, міндеттерін нақтылап алуымыз керек. Бұдан бөлек, қызметтің сапасы, шетелдіктерге қолайлы жағдай туғызу, құзыретті органның функциясы деген мәселелер бар. Мысалы, сервисті ғана алайық. Оның ішіне ұшақтың билетінің құны, визалық тәртіп, әуежайдан емханаға дейінгі сервис, аудармашының қызметі, науқастың өзі мен туыстарын орналастыру, медицина қызметкерінің шетел тілдерін білуі деген нәрселер кіреді» дейді ол.

Бәсекелік артықшылығымыз бар ма?

Отандық сарапшы өз сөзінде медициналық туризмді өркендетуде Ас­тананың бірнеше бәсекелік ар­тықшылықтары барын алға тартты. «Біз маркетингтік зерттеулер жүргізіп, Астанаға қай елдерден емделуге науқастар көбірек келетінін анықтадық. Ол – бізбен шекаралас жатқан Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Беларусь сияқты мемлекеттер. Алыс шетелдерден бірлі-жарым келетіні анық. Алайда, ең алдымен, шекаралас елдермен жұмыс жүргізіп, емделетін адамдарды көбірек тартуға тиіспіз. Бұл жерде бірнеше артықшылықтарымыз бар: географиялық жағынан жақын орналасу, тілдік кедергілердің жоқтығы, медициналық қызметтің арзандығы, әлемдік деңгейдегі технологиялардың қолданылуы. Аталған елдердің азаматтарына ем-дом алуға Түркияға, Үндістанға ұшқаннан гөрі, Қазақстанға жету әрі оңай, әрі арзан. Көршіміз – өзбектердің өзі Астанадағы емханаларымыз­дың жетістіктерін көріп, басын шайқады. Қызмет құнының арзандығының өзі – бәсекелік артықшылық» дейді Айман Искакова.
Оның айтуынша, Астана әкімдігі шақырған халықаралық сарапшы-маркетолог отаның 8 түрі бойынша Қазақстан, Түркия, Үндістан, АҚШ сияқты елдердегі қызмет құнын салыс­тыра келе, Астанада ең төменгі баға екенін дәлелдеген. Айман Қадырханқызы: «Елорда емха­наларындағы қызмет құны қазақ­стандықтарға арналған. Себебі бізге шетелдік науқастар көп келе бермейді. Осы жерде назар аударатын нәрсенің бірі – бүкіл әлемде шетелден келетін емделушілерге қызмет құны өте қымбат. Өйткені оның ішіне шетелден адам шақырған туристік компанияның қызметінің ақысы да кіреді. Түркияға барсаңыз, ем-домыңызға, жүріп-тұруы­ңыз­ға бір-ақ рет ақша төлейсіз. Ал Еуропада олай емес, әр қызмет түріне бөлек-бөлек шығындаласыз» дейді шетелдік тәжірибені мысалға келтіріп.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды