МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ – ДЕНСАУЛЫҚ КЕПІЛІ

0 140

Жұрт арасында «Реформатор министрлік» атанып кеткен денсаулық саласы тауық жылын тағы бір үлкен науқанмен бастағалы отыр. Ол – ел тұрғындарына табысының белгілі бір бөлігін аударуды міндеттейтін «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі».

8be19404585f62321fabf326959f49ef_xl

Бекітілген ережелерге сәйкес, жұмыс беруші мекемелер 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап әр қызметкерінің ай сайынғы кірісінің 2 пайызын арнайы қорға аудара бастайды. Әрі бұл көрсеткіш көлемі жыл сайын бір пайызға артып, 2020 жылы 5 пайызға жететін болады. Мұндай аударымдар 2019 жылдан бастап тұрақты табысы бар кез келген тұрғынға міндеттеледі. Олар алғашқы жылы жалпы кірісінің бір пайызын аударса, 2020 жылдан бастап бұл көрсеткіш 2 пайызды құрайды. Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтардың міндеттік медициналық жарна көлемі 2017 жылы – 2, 2018 жылы – 3, 2019 жылы – 5, 2020 жылдан бастап 7 пайызға жететін болады.

Жоба неге кешіктірілді?
Негізінен, бұл жоба белгіленген уақыттан жарты жыл бұрын яғни 2017 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап жүзеге аса бастауы тиіс болатын. Алайда белгілі себептермен жарты жылға шегеріліп отыр. Қоғамда қызу талқыланған бұл жоба бірнеше мәрте мамандар мен депутаттар тарапынан сынға ұшырады. «Әлі де пысықтауды қажет етеді» деген пікірлер айтылды. Мәселен Парламент Мәжілісінің «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтан­дыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы» заң жобасын талқылау бойынша жұмыс тобының отырысында депутат Владислав Косарев міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыруды 2 жылға шегере тұру туралы ұсыныс білдірген болатын. «Біз үлкен істі қолға алып жатырмыз. Соған сәйкес дайындық жұмыстары байыпты болуы тиіс. Дәл қазіргі дағдарыс уақытында жарна төлеу мәселесі жұмыс берушілерге әжептәуір салмақ салуы ықтимал. Яғни, онсыз да үлкен қиындықтарға тап болған бизнес үшін ауыр соққы болуы әбден мүмкін. Оның үстіне медициналық қызметтерді әкімшілендіру мәселелері түбе­гейлі шешімін тапқан жоқ» деген болатын.
Кейін мұндай ұсыныстар ескеріліп, өзгерістерге сәйкес бекітілген мерзімді жарты жылға шегеру туралы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды. Заңға сәйкес жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустардың, жеке сот орындаушылар, адвокаттар және жеке тұлғалардың аударымдары мен жарналарын төлеу мерзімі шілденің біріне дейін шегерілді.

Жүйенің тиімді тұстары
Жаңа жүйе үш пакеттен тұрады: Тұрақты жарна аударатын тұрғындар мемлекет тарапынан тегін медициналық көмек алады. Ал екіншісі жүйеге қатысушы азаматтарға жиналған қаржының есебінен көмек беріледі. Соң­ғысы бойынша медициналық сақтандыру жүйесіне азаматтар қалауына қарай мүше бола алады. Сондай-ақ, 15 түрлі категорияға жататын халықтың әлжуаз тобына мем­лекеттің өзі төлем жасайды. Бұл төлемдер 2018 жылдың 1 қаңта­­рынан бастап төлене бастайды.
Мамандардың айтуынша, медицина саласындағы бұл реформа халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған. Бірін­шіден, ел аумағындағы өзіңіз қалаған кез келген емханадан медициналық көмек аласыз. Екіншіден, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің ережесіне сәйкес тұрғындар қосымша барлық ақылы қызметтен босатылады. Тиімді тұстары бұл ғана емес: Мысалы, сақтандыру жарналарын азаматтарға жұмыс беруші мекемелер төлейді. Ал жұмыссыздар мен еңбекке жарамсыз азаматтар үшін жарна төлеуді мемлекеттің өзі мойнына алып отыр. «Міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің тиімді тұстары өте көп. Ең бастысы, медициналық қызмет сапасы артып, халықтың денсаулығы жақсарады деп күтіліп отыр. Өйткені арнайы қорға жұмыс­шылар ғана емес, жұмыс беру­шілер де қаржы салады. Ел үкіме­тінің аударатын қаржысы тағы бар. Тағы бір айта кетерлігі, бұл міндеттерден әлеуметтік қорғалмаған әлсіз топтар босатылады. Қор құрылтайшысы мемлекет болғандықтан, жұмсал­ған әр тиынның есебі жасалады. Сондай-ақ, жедел жәрдем қызметі, санитарлық авиация, екпе егу тәрізді қызметтер бұрынғыша Үкімет тарапынан қаржыландырылатын болады» дейді Ұлттық ғылыми меди­циналық орталығы басқарма­сының басшысы Абай Байгенжин.

КОММЕРЦИЯЛЫҚ МАҚСАТТЫ КӨЗДЕМЕЙДІ
Тағы бір айта кетерлігі, медициналық қызмет сапасы мен жұмсалатын қаржы көлемі артады. Жалпы еліміз бойынша медициналық көмек көрсету мақсатында жыл сайын 700 млрд теңге жұмсалады екен. Ал егер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылса, бұл – қаржының көлемі кемінде тағы 350 млрд теңгеге артып, халық денсаулығына жұмсалатын қаржының көлемі триллион теңгеден асып жығылады деген сөз.
Яғни жоба коммерциялық мақсатты көздемейді, әрі толықтай мемлекет бақылауында болады. «Бұл жарналар нәтижесінде отандастарымызға медициналық қызметтің екі пакеті ұсынылмақ. Алғашқысына жедел-жәрдем, санитарлық авиация, әлеуметтік маңызды аурулар, екпе және шұғыл жағдайларда көрсетілетін қызметтер кіреді. Ал келесі пакет бойынша стационарлық ем, реабилитация, емдік шаралар және жоғарғы технологиялық көмектер қарастырылады. Сондай-ақ, бұл жүйе Қазақстан азаматтарының еңбекақысына қосымша ауырт­па­лық жүктемейді. Қорға бө­ліне­тін жарналар халықтың табыс салығы есебінен төленеді. Мәселен, 100 мың теңге жалақы алатын қызметкердің 10 мың теңгесі, яғни 10 пайызы табыс салығына ұсталса, енді ол үшін тек 8 мың алынады. Ал қалған 2 мың теңге міндетті сақтандыру қорына аударылатын болады» дейді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.
Ескеретін тағы бір жайт, азамат қайтыс болса, жиналған жарналар туыстарына берілмейді. Ал шетелге көшем деген азаматтар сақтандыру жинағын бір тиынын да қалдырмастан сол елдің қорына аударып алып кете алады.

Өткен қателіктер қайталанбайды
Расы керек, бұл – осымен елімізде екінші рет енгізіліп отырған міндетті медициналық сақтандыру (ММС) жүйесі. Алғашқы сақтандыру жүйесі 1996 жылдың бірінші қаңтарынан бастап енгізілген болатын. Алайда болашағынан үлкен үміт күттірген қанатқақты жоба көп ұзамай қаңтарылып қалды. Медициналық сақтандыру қорының басшысы Талапкер Иманбаев қорға жиналған қаражатты қалтасына басқан күйі шетел асып кете барды. Нәтижесінде мемлекет есебінен сақтандырылған 13 млн-ға жуық адамның қаржысы желге ұшты (нақты қанша аударылғаны әлі белгісіз). Ал Иманбаевтың өзі 2001 жылы «ұйымдасқан қыл­мыстық топ құрды, мемлекет қар­жысын талан-таражға салды» деген жеңіл-желпі айыппен небары 9 жылға сырттай сотталды. Бүгінде оның қайда жүргені белгісіз.
Сол себептен болар, ескі де жаңа Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің болашағына, расы керек, үміттен гөрі күдікпен қарап отырғандар бар. Алайда Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, жаңа жобадан күдіктенудің еш жөні жоқ. «Германиялық сақтандыру жүйесі негізінде дайындалған бұл құжат Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленді. Яғни, бес институционалдық реформасына сәйкес қолға алынған «100 нақты қадам» Ұлт жос­пары аясында қолға алынып отыр. Жобаның басты мақсаты – 2050 жылға дейін дамыған 30 елдің қатарына кіріп, халық денсаулығын жақсарту» дейді ол.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 5 =