Медициналық маска – басты құрал

0 173

Екінші карантиннің екінші аптасы жағымды жаңалықпен басталды. Елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлағандай, 5 шілдеде карантин енгізілгелі Нұр-Сұлтан қаласында медицина мекемелеріне түсетін салмақ біршама азайған. Карантин қайта енгізілгенге дейін күніне 500-ге жуық науқас келіп түссе, қазір ол біршама кеміген. Сонымен қатар пневмониясы бар науқастар да 14 пайызға азайыпты. Есесіне дерттен жазылып жатқандар саны да екі есе өсіп, күніне 400-дей адам емделіп шығуда.

Ал жедел жәрдем қызметіне тәулігіне келіп түсетін шақыртулар 2800-ден 1600-ге төмендеген. Бұрын төсек-орын қажеттілігі 99 пайызды құраса, қазір карантиндік шаралар мен амбулаторлық емдеу нәтижесінде ол 73 пайызға кеміпті. Пандемия басталғанда қалада 3 стационар жұмыс істесе, қазір оның саны 14-ке жеткізілген. Бүгінге дейін 6899 елордалық дертті жұқтырып, соның ішінде 4321 науқас аурудан айыққан.
Алайда көрсеткіштің жақсара бастауы босаңсуға себеп емес. Өйткені жалпы эпидемиологиялық ахуал әлі сол қалпы. Вирус инфекциясын толықтай жеңіп, аластап тастағанша санитарлық нормаларды қатаң сақтауға міндеттіміз. Оның үстіне еліміздегі медицина ғалымдары елдің 90 пайызы осы дертпен ауырып болмайынша, коронавирус пандемиясы жалғаса беретінін мәлімдеді. Яғни халықтың ауруға қарсы жаппай иммунитеті қалыптасуы керек. Сонда Қазақстандағы 19 миллион адамның ағзасында ауруға қарсы тұрарлық күш пайда болуы үшін осы жылды пандемиямен аяқтап, тіпті келесі жылды сонымен қарсы алуымыз мүмкін. М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы халықаралық тренинг орталығының бас ғылыми қызметкері Андрей Дмитровский өз сөзінде ауруға қарсы вакцина әлемде осы жылдың соңында шығып қалуы мүмкін екенін айтты.
– Халықаралық бекітілген критерийлерге сәйкес жасалатын бұл вакцинаға қаншалықты тез қол жеткізсек, соншалықты пандемияның да көпке созылуына жол берілмейді. Алдымен бұл вакцина жануарларға егіліп, сынақтан өткізіледі. Оның уыттылығы мен зияндылығы қандай деңгейде екені анықталуы керек. Сосын жануарларға қорғаныштық әсер үшін салынады. Артынан өз еркімен келіскендердің бірінші тобына егіледі. Содан соң барып вакцинациялау ауқымы кеңейтіледі. Мұндай сынақтар орташа есеппен бір жыл уақыт алады. Ресей мен Қытай батыл шешім қабылдап, осы вакцинаны сынақтан өткізудің бірнеше кезеңін аттап өтті, сөйтіп оны бірден еріктілер тобына салудан бастап кетті. Яғни олар осылайша пандемияның созылу уақытын қысқартқысы келеді. Бұл вакцинаны салмайынша, жердегі барлық халық вирусты жұқтыра береді. Бірақ екпе салғаннан кейін де вирус мүлде жоқ болып кететіндігіне кепілдік жоқ, – дейді Андрей Дмитровский.
Алайда халықтың әуелден вакцинаға қатысты пікірі екіұдай. Пандемия жаңа басталып, вакцинациялау мәселесі көтерілгенде де дүрлігу болған. Орталық қыз­меткері айтқандай, дерттің бетін қайтарудың жолы тек осы болғаны ма? Оған ертең халық дайын бола ма? Бұл туралы мемлекет те, министрлік те елдің алдына шығып әзірге жария еткен жоқ.
Бүгінгі таңда медициналық маска ең басты құрал болып тұр. Өткен аптада әлем мамандары вирустың ауа арқылы аэрозольді түрде тарайтынын дәлелдеді. Сондықтан коронавирустан қорғанудың екі тәсілінің бірі оқшаулану болса, екіншісі – бетпердені үнемі және дұрыс тағу. Себебі жұқтырушы да, сау адам да бетпердемен жүрсе, жұқтыру ықтималдылығы 100-ден 1 пайызға дейін түсетінін дәрігерлер әр сәт сайын еске салып отыр. Сонымен қатар соңғы деректерде мамандар бетперденің кез келген түрін алмай, медициналық стандарт түрін қолданған жөн екенін арнайылап ескертуде. Себебі олар халықаралық стандарттарға сай құрамы мен матаның кеуектілігі бойынша нақты бір критерийлерге сәйкес жасалады. Ал көп рет пайдалану үшін матадан тігілген медициналық емес бетпердені қалай қолданған жөн? Дәрігерлер Telegram желісінде жариялаған кеңес­терінде оларды қауіпсіз пайдаланудың жолдарын көрсеткен. Ондай бетпердені пайдаланбас бұрын қолды дұрыстап жуып, оның адам бетін жырмайтындығын, кір еместігін тексеріп алу керек. Сосын оны беттің тиісті бөліктерін, яғни ауыз, мұрын, иек жабылатындай тағу қажет. Бетпердені қолмен ұстамай, шешер кезде де қолды жуып алған жөн. Киіп-шешкенде өзін емес, жібінен ұстап шешкен абзал. Егер ол таза әрі құрғақ болса және тағы да пайдаланатын ойыңыз болса, оны пластик пакетте сақтаған дұрыс. Бетпердені кір сабынмен немесе арнайы жуу құралдарымен күніне бір рет жуып тұру керек. Оны мұрынның астына түсіріп тағуға болмайды. Жыртылып, тесіліп тұрса пайдаланбаңыз. Қасыңызда 1 метр қашықтықта адамдар тұрса, бетпердені шешпеңіз. Дем алу қиын бетпердені қолданбаңыз. Ылғал және кір бетперде пайдаланбаған жөн және өзіңіз таққан бетпердені басқа адамға тағуға бермеңіз.

Еңбек жолын ерікті болып бастады

Індет елге тараған сәттен бастап қоғамның басқа салаларымен қатар, ауруханаларда да вируспен күреске еріктілер жұмылдырыла бастады. Олардың ішінде медицина саласында оқып жатқан студенттер де, басқа жастар да болды. Оңтүстік Қазақстаннан елордаға келіп, бала арманына қол жеткізу үшін Астана медициналық университетіне оқуға түскен Нуриддин Розматов – сондай еріктілердің бірі. Оқу орны қабырғасында арнайы ашылған еріктілер тобына өз қалауымен қосылған ол 22 наурыздан бері көпбейінді инфекциялық ауруханада дәрігерлерге көмектесіп келеді. Биыл педиатр мамандығы бойынша 7-курсын тәмамдаған ол осы ауруханаға ерікті болып келіп, енді жас дәрігер ретінде тұрақты қыз­метке қабылдануда.
– Университетте бізге жұмыс барысы толық түсіндірілді. Вирус жұқтырғандар және олармен байланыста болғандармен жұмыс істейсіңдер деді. Мен сияқты еріктілер өте көп болды. Еріктілер ішінде біздің оқу орнынан 50 шақты студент болса, қалған 20 шақты ерікті басқа саланың мамандары еді. Біз дәрігер-интерн ретінде негізінен шетелден ұшып келген азаматтарды қабылдадық. Көбі – Дубай, Таиланд, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Еуропа елдерінен келгендер. Оларды тіркеу, Ramada Plaza Astana қонақ­үйінде төсек-­орындарға жайғастыру, талдау сынамаларын жинау, қашан, қайдан ұшып келгені туралы деректерін жазып алу, пациенттердің ауру бойынша құжаттарын толтыру, науқастарды қадағалау сияқты жұмыстарды атқарып, дәрігерлерге көмектестік. Аталған қонақүйде 8-қабатқа дейін негізінен медицина қызметкерлері мен еріктілер демалатын орындар болса, содан жоғары қабаттардан науқастарға арналған төсек-­орындар бөлінді. Бастапқыда, әрине, оңай болған жоқ. Күндіз-түні ұйықтамай, бірнеше тәулік бойына жұмыс істедік. Дәрігерлердің жетпегендігі қиындық келтірді. Басында кейбірі жұмысқа келуге қорықты. Дәрігерлерге жүктеме өте көп, себебі пациенттер күнде түседі, күн сайын науқастарды аралап қарап шығады. Нау­қастардың да ішінде қашып кеткендер кездесті. Қазір ондайлар жоқ. Себебі қазір бәрі қорқады, өздері үшін емделіп шығуға тырысады, – дейді ол.
Жас маман жақында сертификатын алып, осы жерде дәрігер болып жұмыс істеуге дайындалып жүр. Осы үш айдың ішінде олар вирус­пен күресте көп нәрсенің мән-жайын түсініп қалды. Ерікті боп кіргеннен кейін бір аптадан соң оларға да КВИ жұғып, ауруханада және үй карантинінде жатып емделіп шығыпты. Нуриддиннің алдағы мақсаты – жаһандық дертті ауыздықтаудағы жанкешті еңбегін жалғастырып, одан әрі балалар инфекционисті болу үшін резидентураға оқуға түсу.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 + 9 =