Медицина қызметі қолжетімді болсын

0 38

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысындағы Жолдауы барлық саланы жан-жақты қамтитын бағдарламалық құжат болып саналады. Жолдауда Мемлекет басшысы денсаулық сақтау жүйесіне және медицина қызметкерлеріне үлкен көңіл бөліп, бұл пандемия мен дағдарыс кезеңінде ғана емес, ұзақ мерзімді кезеңде де осылай болатынын атап өтті.Президент екінші жартыжылдықта медицина қызметкерлеріне сараланған еңбекақы төлеу және одан әрі жүйелі негізде қаражат бөлуді жалғастырып, осы жылдың соңына дейін 150 млрд теңге бөлуді тапсырды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы медицина қыз­меткерлерінің жалақысы 2023 жылға қарай ел экономикасындағы орташа жалақыдан 2 есе көп болатынын атап өтті.
Алдағы жылдары республика өңірлерінде жаңа жұқпалы аурулар ауруханаларының құрылысын аяқтауды және денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңарту жайын атап өтті. Одан әрі Президент пандемия кезінде денсаулық сақтау жүйесінде эпидемиолог, реаниматолог, пульмонолог, кардиолог дәрігерлердің жетіспеушілігі байқалуына байланысты мамандар даярлау ісін күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ отандық өндірушілер шығаратын дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар көлемі ұлғайтылмақ.
Бастапқы медициналық санитарлық көмек жұмысын, әсіресе, оны ауылдық жерлерде дамытуды күшейту, халықтың тұруы мен географиялық ерекшеліктерін ескере отырып, денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділікті арттыру, мобильді көлік медицинасын дамыту, цифрландыруды жақсарту керектігін айтты.
Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін отандық фармөнеркәсіпті күшейту жайына да тоқталды. Қазақстанда осы жылдың соңына дейін 13 инфекциялық аурухана бой көтермек. Елордада және Алматы қалаларында 2 ірі заманауи медициналық кешен салынбақ. Ауылдық елді мекендердің бәрін фельдшерлік акушерлік пункттермен және отбасылық амбулаториялармен қамтамасыз ету мәселесі де өзекті. Себебі қазіргі таңда әрбір алтыншы қазақстандық отбасы балалы бола алмай, бір перзентке зар болуда. Осыған орай, Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын іске қосып, ЭКО-ға квотаны 7 есеге өсіру тапсырылды. Елдегі барлық медициналық ұйымдар қажетті медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілуі тиіс.
Осындай жағдай жасап, елдің денсаулығын көтерудің арқасында қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасын 75-ке дейін арттыру көзделуде. Жоғарыда айтылғандардың бәрі денсаулық сақтау жүйесіне және қоғам дамуының өмірлік маңызды аспектілерінде медицина қызметкерлеріне үлкен күш береді.

Мұхтар ТӨЛЕУТАЕВ,
Нұр-Сұлтан қаласы
көпсалалы медициналық орталығының
директоры, Нұр-Сұлтан қалалық
мәслихатының депутаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − eleven =