Медиация билер сотынан бастау алған

0 12

«Егер біз мемлекет болғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн» дейді Елбасы Н.Назарбаев. Осы орайда бүкіл қазақ жерін біртұтас басқаратын мемлекет бүкіл елге тарайтын заң болмаған уақытта барлық даулы мәселелерді, түрлі талаптарды шешіп отырған билер соты туралы айтпасқа болмайды.Билер соты ізімен…

Билер – біртұтас мемлекеттік билік ісіне қосқан үлесі және ел басқарудағы ісі, тапқыр билігі, көсем сөз, даналығымен танылған құрметті тұлғалар. Ел басына күн туған қиын сәтте халқына пана бола білген қорғаушы әрі қолдаушысы. Халық жадында «Елге бай құт емес, би – құт» немесе «Қабырғадан қар жауса – атан менен нарға күш, ел шетіне жау келсе – қабырғалы биге күш» деген даналық сөздер билердің мемлекет алдындағы беделінің жоғары бағаланғанын көрсетеді. Ш.Уәлиханов билердің беделін сипаттайтын келесі белгі нышандарын: а) бидің соттық билігі оның «жеке беделіне» негізделді; ә) шешендік өнермен бірге соттық дәстүрлерді білуі қазақтарға «би» деген атақ берді; б) айып­талушыға қарсы күдіктенуден басқа нақты айғақтар болмаған жағдайда билер ант беруді қолданатын; в) билер соты жария түрде, ауызша өтетін және барлық жағдайда қорғауға жол берілді; г) билер сотының басты ерекшелігі оның әртүрлі қатып қалған рәсімдерден аулақтығында; қазақтарда сот көне заманнан бар және бітімгершілік қағидасына негізделеді деп көрсетеді.
Әйтекенің төрелігі
Төле би мен Қаз дауысты Қазыбек бидің ертеректе өлген бір кісінің құнын даулап Кіші жүзге келетін оқиғасын еске алайық. Дау бірнеше күнге созылып, екі жақ келісе алмай жатқан кезде есік жақта отырған бір жігітті:
Асқар тау, сенде бір мін бар – асу бермейсің,
Тасқын су, сенде бір мін бар – өткел бермейсің.
Билер, сендерде бір мін бар – басқаға сөз бермейсің! – деген сөзі үшін бағалаған Қазыбек би мен Төле би ол жігіттен осы дауға енді төрелік айтуды сұрайды, сонда қара жігіт: «Алты атасын арқалап жүргенді сіздерден көрдім, жеті атасын жетектеп жүргенді сіздерден көрдім. Ескіріп кеткен дау екен! Бірақ құр қайтсаңыздар, ағалық назаларыңа қалармын. Ердің құны жүз қара қой. Кіші жүз санын жүзге толтырып тайынша-торпақ берсін, соған разы болыңдар!» дейді. Екі жағы да осы төрелікке тоқтап, разы болып тарайды. Осы келтірілген мысалдан Әйтеке бидің дау бойынша ескіру мерзімінің өткендігін алға тартқандығын көреміз. Солай бола тұра, екі жақтың арасындағы қарым-қатынасты сақтап қалу үшін екі жақ риза болатындай етіп осы даудың төрелігін берген. Қолданыстағы заңнамаға келер болсақ, Қазақстан Республикасы Қылмыс­тық кодексінің 71-бабы ескіру мерзімінің өтуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатуды қарастырса, 68-бабы татуласуға байланысты қылмыс­тық жауаптылықтан босатуды қарастырады.

Едіге бидің шешімі

Тоқтамыс заманында бір адамның жеті баласы болған екен. Өзі өліп, жалғыз ешкісі, жеті баласы қалыпты. Сонда тірі жүрген ешкіні жетеуі үлесін алып меншіктесіпті. Басын біреуі, екі көзін біреуі, төрт аяғын төртеуі, денесін біреуі алыпты. Сонда ең кенжесіне тигені ешкінің артқы аяғының біреуі екен. Сол кенженің сыбағасына тиген ешкі аяғы ақсап, иесі оған бұрыш, тотыяйын салып, шүберекке орап қойса, шүберек біреудің шығарып тастаған күлін басқанда, ішінде қалған оттан тұтанып, сонан біреудің егініне жайылып, егін өртеніп кетіп, егін иесі жетеумен дауласып, Тоқтамысқа келген. Тоқтамыс хан шүберек орағанды кінәлі қылып, егіннің төлеуін жалғыз соған бұйырыпты. Ол бейшара зарлап, ботадай боздап келе жатқан соң, асық ойнап жүрген Едіге жөн сұрапты. Ол жетеуін бірдей шақырып алып: – Хан мұның төрелігін білмей берген екен. Мұнын төрелігі мынау: бас бастамаса, көз көрмесе, сау үш аяқ жүрмесе, өзі жүруге жарамай қалған, көтеріп жүрген ақсақ аяқ қайда барады. Мұның төлеуіне бұл кінәлі емес. Бастайтұғын бас иесі, көретұғын көз иесі, жүретұғын сау үш аяқ иесі – солар кінәлі, – дейді. Мұны олар Тоқтамыс ханға айтып, жұрт бұл сөзді қостапты. Егер ханды мемлекеттік билік органы деп қарайтын болсақ, онда бұл келтірілген мысалдан біз ханның берген төрелігіне разы болмаған бала шағым келтіргенін және Едіге би ханның төрелігін бұзғандығын, Едігенің шешкен шешімін халық қолдағанын көре аламыз. Қолданыстағы Азаматтық процестік кодексінің 29-тарауы мемлекеттік өкімет, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің шешімдері мен әрекеттеріне дау айту туралы іс бойынша іс жүргізуді қарастырады.

Би тапқыр болса…

Бір қыз ханға келіп «қолымнан алтын жүзігімді тартып әкетті» деп бір жігіттің үстінен арыз айтады: «Ей, тақсыр, бұл өтірік, маған нақақтан жала қылып отыр» деп ақталады жігіт. Хан үш күнге дейін билік айта алмайды. Сонда Едіге тұрып: – Ата, бұларға былайша айла қылыңыз, – деп бір амал айтады. Хан баланың айтуымен қыздың қолына тақияны беріп мықтап ұстатып жігітке тартқызады. Жігіт қаншама тырысып тақияны аламын дегенмен, қыздан тартып ала алмайды. Ақырында хан екеуін екі жерге отырғызып қойып баладан билік сұрайды. Бала тұрып: – Ей, ата, бұл қыздікі жала. Жігіт оның қолындағы жүзігін тартып алған болса, бұл тақияны да тартып алар еді, оны тартып ала алмады. Сондықтан қыздың сөзінің бәрі жалған, – деп бітім қылады да, жігітті босатып жібереді.

Бітімгершілік қағидасы

Жантай деген бай жалшысымен төбелесіп, сол төбелесте байдың бір күрек тісі сынады. Жалшы «сенен шығамын» деп ақысын сұрайды. Бай «тісімді сыңдырдың, соның төлеуі үшін алдым» деп ақысын бермейді. Екеуі Қазыбекке келеді.
Мен жалға жүрдім Жантайға,
Бір тай алмақ болып алты айға.
Бұл асына жарытпады,
Мен күшіме жарытпадым,
Содан барып төбелес туды,
Жазым болып күрек тісі сынды.
Байдың аты бай емес пе, ақымды бермейді, үйінен қуады. Би ата, әділдігіңізге жүгінгелі келдім, – деген жалшының сөзінен кейін:
– Ас адамның арқауы еді. Жантай асқа жарытпаған соң жалшыға күш қайдан дарысын. «Аш кісі ұрысқақ» деген, төбелестің шығуына да өзің себеп болғансың. Сондықтан мынаның ақысын бер, күрек тісің құнсыз. Еркектің ет жейтін тісі аман болса, бір күрек тістен келер кемшілік жоқ. Келтірілген бұл мысалдан қазіргі қолданыс­тағы азаматтық-процестік заңнамада көрініс тапқан қарсы талап қою институтының элементтерін көруге болады.

Медиация туралы сөз

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Судьялар одағының V съезінде сот тәртібімен қаралуға жататын дау-дамайларды азайту мәселесіне назар аударуды, соттан тыс реттеудің баламалы тетіктерін, соның ішінде бітімгершілік және медиация процедураларын енгізуді тапсырған болатын. Осыған орай, 2011 жылдың 28 қаңтарында ҚР-ның «Медиация» туралы заңы қабылданып, Қазақстанда дауларды баламалы шешудің жаңа түрі – медиация енгізілді. Бір уақытта ілеспе заң қабылданып, Қылмыстық және Азаматтық іс жүргізу кодекстері қылмыс жасаған адамның медиация тәртібімен жәбірленушімен татуласуы, тараптардың дауды медиация тәртібімен реттеуі нәтижесінде істі аяқтаудың жаңа негіздерімен толықтырылды. 2018 жылдың басында Жоғарғы Сот төрағасы Ж.Асанов еліміздегі сот жүйесін одан әрі дамыту бойынша жеті басым бағыт, оның бір түйіні ретінде сотсыз татуласуды ұсынды. Осы бағытты дамыту мақсатында бірнеше қанатқақты жобалар енгізіліп, еліміздің әрбір аймағында татуласу орталығы ашылып, онда азаматтарға медиатор, адвокат, психологтардың көмегі тегін көрсетілуде.

Тараптарды бітімге келтірсе…

Үстіміздегі жылдың маусым айында Азаматтық процестік кодекске өзгерістер енгізіліп, сотқа келіп түсетін барлық талап қою арыздары татуластырушы-судья­лардың елегінен өткізілетін болды. Бүгінде еліміздің барлық аудандық соттарында татулас­тырушы-судьялар сотқа келіп түскен талап қою арыздары бо­йынша татуластыру рәсімдерін жүргізіп, даудың күрделілігіне қарай 1-10 жұмыс күні ішінде тараптарды бітімге келтіруде. Татуластырушы-судьялардың қарауына неке-отбасы, тұрғын үй, мұрагерлік қатынастарынан, шарттық міндеттемелерден, деликтілік міндеттемелерден туындайтын даулар беріледі. Тараптардың медиациялық келісімі соттың ұйғарымымен бекітіліп, тараптарға осы дау бойынша қайтадан сотқа жүгінуге болмайтындығы түсіндіріледі. Егер тараптардың бірі өзіне алған міндеттемені тиісті түрде орындамайтын болса, екінші жақ сотқа атқару парағын беру туралы өтініш түсіре алады.

Салауат немесе кешірім

Екі дауласқан жақтың дауды билердің қарауына дейін өзара келісіп-шешуге әрекеттенгенін С.Созақбаевтың «Тәуке хан. Жеті жарғы» атты еңбегінен көре аламыз. Қазақ қоғамында даулы істің қаралуы екі сатыға бөлінген: біріншісі – екі дауласқан жақ билердің істі қарауына дейін, өзара келісім арқылы дауды шешуге қимыл-әрекет жасайды. Әдеттік құқықта оны «Береке», «Салауат», «Бітім» деп атаған.
Билердің сот-құқықтық және әкімшілік-басқару, даулар мен шиеленістерді шешу функцияларына негізделген сот саласында болып жатқан реформаларды біздің дұрыс жолда екенімізді көрсетеді.

Гүлдана ­ШАРАПАТОВА,
Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық
сотының судьясы,
заң ғылымдарының
кандидаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − five =