МЕДИАФОРУМ – МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР АЛАҢЫ

0 103

photo_86672

ХХІ ғасырда өмір сүріп отырған адамзат баласы түрлі түйткілдерге кездесуде. Олардың шешімін тұтас әлем болып жұмылып іздемесе, түйткіл туындаған елдің шамасы оған келе бермеуі мүмкін. Қазақстан сондай күрмеуі қиын мәселелердің шешілуіне үнемі үлес қосып келеді. Мәселен, он екі жылдан бері елімізде ұйымдастырылып келе жатқан Еуразиялық медиафорумда өзекті деген талай мәселенің басы шалынды. Осы аптада Астананың төрінде кезекті өтетін аталмыш басқосуда да жаһанды алаңдататын жайттар ортаға салынбақ.

Медиафорумға әлемдегі жетекші саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері қатысады. Атап айтсақ, ашылу салтанатын дүние жүзіне белгілі журналист Риз Хан жүргізеді делінуде. Одан бөлек, МАГАТЭ-нің бұрынғы бас директоры, Нобель сыйлығының лауреаты, Мысыр елінің бұрынғы вице-президенті Мохамед эль-Барадеи, Ресей тележүргізушісі Владимир Познер, т.б. спикерлер ретінде өздерінің көзқарастарын білдіреді.
Үш күндік басқосу барысында көптеген мәселелер талқыланады. Форум қонақтары жаһандану үдерісіндегі әлемнің жайын экономикалық және саяси тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік, мәдени жағынан қарастырады.
Иранның ядерлік бағдарламасы да назардан тыс қалмайды. Мұның себебі, өткен жылдың 23 қарашасында «алтылық» елдері бұл мәселе бойынша келісімге келгендей еді. Алайда, Тегеран жоспарлары Вашингтондікімен сәйкес келе бермеуі мүмкін. Бұл жағдайда АҚШ Иранға қарсы санкцияларға қайтып келуі ықтимал. Сондықтан, әлем алдында екі ел арасында бейбітшілікті сақтау мақсаты тұр.
Таяу Шығыстағы жағдай да әлі алаңдатарлық. Әсіресе, Сирияда химиялық қару пайда болды деген әңгіме шыққаннан кейін, әлемді үрей билей бастады. Өздерін биік держава санайтындар да дәп бір иелеріндей Сирияны саудаға салуда. Жалпы, өзге елдердің бұл мемлекеттің ісіне араласуына жергілікті халық қалай қарайды? Осы мәселе де үлкен әңгіменің арқауына айналмақ.
Кейінгі кезде Украинаның ахуалын жас та, кәрі де талқылауда. Осы мәселеде пікірлер қайшылығы да бар. Біреулер Украинаны жақтаса, басқалар Ресей саясатын қолдайды. Текетіреске түскен екі елдің түпкілікті мақсаттары қандай? Медиафорумға қатысушылар осыны да сөз етеді.
Біртұтас экономикалық кеңістікті құру, ТМД аумағында ортақ валюта енгізу мәселелерінің талқыланып келе жатқанына біраз болды. Еуропа Одағының Біртұтас экономикалық кеңістігіне кірген Румыния, Словения, Болгария мен Грекия елдеріне осы жағдай кері әсер етті. Кеңістікке мүше болғаннан кейін бұл елдерде жұмыссыздық өршіп, өндіріс төмендеп, әлеуметтік бағдарламалар жүзеге аспай қалды. Форум қонақтары «Еуразиялық интеграция Еуропа елдеріндегі сүреңсіз жағдайды қайталамайды ма»? деген сауалға да жауап іздейді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine + thirteen =