Медеттің мерейлі кеші

0 43

Астана Опера» театрының камералық залында, аталған өнер ордасының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Италия жұлдызы орденінің кавалері Медет Чотабаевтың «O Paese d’ ‘o sole» атты мазмұнды бағдарламаға құрылған жеке концерті өтті.

Киелі сахнада классикалық музыканың жауһар туындыларын жұртшылықтың жүрегіне жеткізе орындап жүрген талантты тенорға бұл кештің идеясы карантин кезінде өз кітапханасынан неаполитандық музыкалық шығармалардың ноталар жинағына кездейсоқ тап болғанда келіпті.
Бұл туралы әнші: «Мен бұл өлеңдердің бәрін жаттап алып, көрермендерге ұсынсам деп ойладым. Кейде концертке келген осы туындыларды тыңдағым келеді, бірақ олар біздің елде орындалмайды. Сондықтан мен осыны неаполитандық музыкалық отшашуға біріктіріп, тыңдармандарға тамаша сый жасағым келді. Әрине, аздап толқу бар. Себебі вокалдық, драматургия тұрғысынан күрделі, жоғары ноталары бар, сол неаполитандық атмосфераны дәл жеткізетін әлемдік шығармаларды орындау оңай емес. Әнші үшін жеке концертті емтихан деп білемін. Бір жағынан, бұл көрермендер мен өз-өзіңе есеп беру, содан да оның жауапкершілігі мол» деп өз ойымен бөліскен.
Классикалық музыка кернеген кеш барысында опера әншісі Дж.Россини, Э.Ди Капуа, Р.Фальво, Э. Де Куртис, Ч.Биксио, Ф.П.Тости, Г.Лама, Э.Каннионың неаполитандық әндері мен басқа да өрімі өзгеше туындыларды орындап, бекзат өнерді сүйетін қауымның ыстық ықыласына бөленді. Бір айта кетерлігі, бұл шығармалардың басым көпшілігі елімізде алғаш орындалды.
Жалпы Медет Чотабаевты опера өнерінің отаны – Италиямен көп дүние байланыстырады. Ол сонда тағылымдамадан өтіп, итальян тілін меңгеріп, сол елдегі атағы жер жарған театрлардың сахнасында бірнеше мәрте өнер көрсеткен. Ол сомдаған сахнадағы бейнелер нәзік сыршылдығымен бірге вокалдық партияны өте кәсіби жеткізуімен ерекшеленеді.
Сондай-ақ концертке «Астана Опера» симфониялық оркестрінің бірінші скрипкасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов пен Алтынғаным Ахметованың жетекшілігімен театрдың балалар хоры қатысты. Фортепиано партиясын Мәдениет қайраткері Елена Сахно орындады. Көркем кеш аясында дарынды солистің шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылды. Алдағы таңда Медет Чотабаев дәл осындай концертті елордада ғана емес, еліміз бен Ресей және Италияның шаһарларында өткізу ойы бар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 + seventeen =